Қажылық парызын өтеген ұстаз
Қажылық – әрбір мұсылманның бес парызының бірі. Бірақ қажылыққа жағдайы келетіндерге ғана парыз деп айтады. Қазір көп жағдайда ата-анасын осынау сапарға балалары апарып, парызын өтеп жатқаны жайында көп естиміз. Сондай бақытқа жақында ауданға белгілі ардагер-ұстаз Сұлупан Шамшадинова жетті. Қарт ұстаз жыл соңында алыс сапарға барып, қажылық парызын өтеп келді.
Қажы атанған ардақты жан саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірт тәрбиелеу жолында абыройға кенелді. Жасы сексенге таяған қарт ана өнегелі өмірімен үлгі болған жан. Қоғам жанашыры ретінде әрдайым елдің, қала берді аймақ, ауданның жетістіктеріне марқайып, үн қосып, үнемі қолдауын білдіреді. Жақсылыққа демеу болып, батасын беріп отырады. Өткен жылы ел Президентіне хат жазып, елдің болашағына, дамуына үн қосқан ұстазға Мемлекет басшысы Алғысын білдіріп, арнайы сый-сияпатын, сәлемдемесін жолдаған болатын. Бұл жайында оқырмандарымыз басылым арқылы оқығаны белгілі. Енді міне, жақсы жаңалықтың жалғасы ретінде қарт анаға ұрпақтары қасиетті Меккеге сапар шегуіне жағдай жасады.
– Мұсылман қауымы үшін Алла әрбір пендеге бес парызды міндеттеген. Әл қадірімізше сол парызды өтеп Аллаға құлшылық етіп келемін. Қанша жыл ұрпаққа білім беріп, ардагерлікке абыроймен жеттім, шүкір. Ендігі міндетім әрі арманым Меккеге барып, қасиетті парызымды өтеу болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында балаларым тосын сый жасады десем болады. «Қажылыққа апарып келеміз» дегенді естігенімде қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Алматы қаласына барып, сапарға баратындармен бірге арнайы оқудан өттім. Имамдар қажылық сапардың мәнін, маңызын түсіндірді. Қасиетті күн жақындағанда өзімнің дайын екенімді сезіндім. Алдымдағы мақсатым Алланың бұйырған парызын орындау болды. Сол парызды орындау арқылы мұсылман баласы Алланың разылығына, Жәннатына баруды армандайды. Бұрын ата-бабамыз алыстан ат арылтып, арып-ашып Мекке-Мәдинеге жеткен. Қазір ол заманмен салыстырғанда қажылыққа бару жеңілдеді. Бас-аяғы 5-6 сағатта қасиетті мекенге жетесіз. Мұны Алланың бізге берген жеңілдігі деп білемін. Сондықтан әрбір мұсылман бесінші парызды өтеуге асығуы керек деп ойлаймын, – деді Сұлупан қажы.
Қажылыққа барып, Мәдина қаласындағы Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде намаз оқып, зәм-зәм суын ішіп, қажылық рәсімді өтеп келген анаға келіп сәлем берушілердің де қатары қалың. Туған-туыс, көрші-көлем, құрбы-құрдас, замандастардың барлығы қасиетті судан, құрмадан ауыз тиіп, тілеуін тілеуде.
– Он күн сапарда жүріп, елге аман-есен оралдық. Жанымда балам, келіндерім болды. Арманымды орындаған балаларыма үлкен рақмет. Тілеуімізді Алладан сұрадық. Қасиетті зәм-зәм су мен құрманың дәмі ерекше. Зәм-зәм су денсаулықтың түзеліп, көптеген аурудан айығуға себеп болады. «Кім зәм-зәмді қандай ниетпен ішкен болса, сол ниетіне жетеді: ауруынан жазылу үшін ішсе, ем болады, шөлін қандыру, тою үшін ішсе, шөлі қанады, тоқтық сезімі пайда болады» деген мағынадағы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері бар. Бүгінде ғалымдар Меккені – Жер кіндігі, ал Қағба Мекке кіндігі екенін айтқан. Шын мәнінде Қағбаны сағат тіліне қарсы жеті мәрте айналған адам шаршамайды, керісінше бойына күш-қуат жинайды. Жастардан еш қалыспай, бірнеше реттен тәуап жасадым. Құдайдың құдіретімен денсаулығым еш сыр бермеді. «Кіші қажылығым қабыл болсын» деп дұға тіледім. Меккеден алып келген қасиетті Құран Кәрімді аудандық мешітке апарып тапсырдым, сыйға бердім. Өмір бойы қажылық жасасам ғой деп армандаушы едім, шүкір сол арманым орындалды, – дейді Сұлупан қажы Шамшадинова.
Бибісара Жанәлі