Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі жілік еттің бағасына татитын қоспа сүт

Екі жілік еттің бағасына татитын қоспа сүт

Қазіргі уақытта көпбалалы немесе жас отбасындағы жиі орын алатын мәселенің бірі – жаңа туған нәрестенің қоспа сүті мен жөргегінің шақ келтірмейтіні болып отыр. Жас ананың көпшілігі сәбиінің 1 айда 40-80 мың теңге аралығында арнайы дайындалатын сүт ішетіндігін алға тартады. Бұл ретте, анасының денсаулығына байланысты да­йын сүт ішетін сәбидің өсіп-жетілуі айтарлықтай алаңдатады.

Расында, ана сүтін ешбір дүние айырбас­тай алмайды. Жаңа өмірге келген сәбидің буыны қатайғанша басты қорегі – ана сүті болуы тиіс. Негізінен, мамандар сәбидің ас қорытатын ағзасы дұрыс жетілмегендіктен, ішкен тамағын сіңіруі өте шектеулі екенін дәлелдей білген. Сондықтан құрамында дәрумен қоры жеткілікті ана сүтімен баланы 1,5-2 жасқа келгеніше тамақтандыру – маңызды рөл ойнайды. Бауырындағы сәбидің денсаулығын ойлаған әрбір ана дұрыс тамақтану ережесін ұстанғаны жөн. Құрамы пайдалы дәруменге толы табиғи сүттің балаға тигізер артықшылығы көп.

– Бүгінде бала күтіміне көңіл бөлу арқылы оның денсаулығының жақсы болуына жағдай жасай аламыз. Өзім жас ана ретінде сәбиімнің ана сүтімен тамақтануына назар саламын. Ұлым 1 жастан 3 ай асты. Туған сәттен қоспа сүтке дағдыланған емеспіз. Кейде өзім секілді қыз-келіншектер баласының сүтке жарымай жатқанын айтады. Мұндайда ана өзіне жақсылап қарап, құнарлы тамақ ішкені дұрыс. Баламды осы уақытқа дейін емізу арқылы тістерінің дұрыс шығуына, аурушаң болмауына барынша жағдай жасап келемін. Көбіне жас аналар декреттік демалысты ерте тоқтатып, баласын емшектен жасы жетпестен шығарып жатады. Әрине, аналар қауымы денсаулығына қатысты баласын қоспа сүтке ауыстырып жатса, ешбір дауымыз жоқ, – дейді жас ана ­ А.Абылаева.

Осы күні әлеуметтік жағдайына қарамастан, баласына қоспа сүт алып отырған отбасы жеткілікті. Қаншама шаңырақта айлығын шайлығына жарататын жандар көп. Көпшіліктің қалтасын қаққан тез дайындалатын өнімдердің жарнамасы көздің жауын алады. Мәселен, 1 бала үшін «Кабрита» сүтінің 4-5 қорабы 1 айға жетеді екен. 1 қорап «Кабрита» сүтінің нарықтағы бағасы 19600 теңге құраса, айына бір баланы тамақтандыруға 98000 теңге жұмсалады екен. Екі жілік еттің құнына татитын сүттің құнарлығы балаға әрқалай әсер етеді.

Өз кезегінде мемлекет тарапынан жедел дайындауға арналған қоспа сүт нәрестеге беріледі. Белгіленген санат бойынша сәбиге үйлестірілетін сүт алудың өзіндік тәртібі бар. Аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Ақгүл Құлеке көтерілген мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

– Сырдария ауданында жыл басынан бері 678 сәби дүниеге келді. Олардың ішінде 90 нәрестеге емханадан қосымша сүт үлестіріліп келеді. Дәрігер ретінде айтарым, балаға бастапқы айларда ана сүтінен асқан ешбір дүние қажет емес. Сәбидің дені сау болуының бірден-бір кепілі – оны 2-3 жасқа дейін емшектен шығармау болып табылады. Әрине, кез келген жағдайда баланың иммунитетін көтеру мақсатында ешкі сүтін балаға беруге болады. Дүкен сөрелерінде жаппай сатылымда тұрған сүттің құрамына мән берген жөн, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары А.Құлеке.

Біз көтергелі отырған екінші мәселе кішкентай сәбилерге кигізетін жөргектің сапа­сында болып тұр. Жас аналар бұрынғыша жаялық пен нәресте киімін күнделікті жууға дағдыланбаған. Көбіне олар дайын жөргекті пайдаланады. Перзентінің өз алдына есі кіріп, сұраққа жауап қатуға үйреніскенше сан түрлі жөргек ананың көмекші құралына айналады. Дайын жөргектің нарықтағы бағасы 7500-15000 теңге аралығын құрайды.

– Әрбір ата-ана өз сәбиі үшін қолындағы барын аямайтыны рас. Біз нәрестелі болғалы 3 айдан асты. Осы кезге дейін «Yokosun» атты фирманың жөргегін пайдаланамыз. Айына 8 мың теңгеге 2 қорап сатып аламыз. Алдағы уақытта өлшеміне байланысты жөргектің нарықтағы бағасы өзгеріп отырады. Өзім секілді жас аналар жөргек таңдайтын уақытта көп әбігерге түседі. Себебі, кейбір фирмадан алынған жөргектер балаға кері әсерін тигізіп жатады, – дейді жас ана Д.Мұхтарова.

Түйін: Биыл 1,5 жасқа дейін төленетін жәрдемақы мөлшері бірінші балаға 19872 теңге, екінші балаға 23495 теңге, үшінші балаға 27083 теңге, төртінші немесе одан кейінгі балаларға 30705 теңге ретінде белгіленген. Әрине, тұңғышына 20 мың теңгеге жуық жәрдемақы алып келген ата-ана 98000 теңгеге қоспа сүт алуы отбасындағы жағдайды бағамдап бермек. Жағдайы жеткен отбасы перзентіне қымбат сүт алуға мүмкіндігі бар шығар. Ал шайлығына тиыннан-тиын құрап отырған басқалар қалай күн көрмек?

Балтабай ОРДАБЕКОВ

Фото: qadam.asia
05 желтоқсан 2023 ж. 132 0