«Аналар жаққан шырақ сөнбейді»
Жақында облыс орталығынан бой көтерген «Анаға тағзым» орталығына арнайы қонақ болған едік. Осы сапарда «Құрмет» орденінің иегері, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжановамен сұхбаттасудың сәті түсті. Сол сұхбатты оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Алтынай ханым, сұхбатымызды өз жұмысын бастағанына аз ғана уақыт өтсе де, Сыр халқына түгел таныс болып үлгерген орталық жұмысынан бастасақ. Осындай орталық жұмысы неден басталды?
– Иә, өзіңіз айтқандай, кеше ғана бой көтеріп, бүгіндері көпшілік көзайымына айналған «Анаға тағзым» орталығы – аймақ басшысының төл жобасы. Ал, аймақ басшысына қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға демеушілік жасаған өңірімізге белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаев. «Анаға тағзым» орталығы – азаматтардың туған жеріне, барлық Сыр аналарына құрметі.
– Ал өзіңіз өмірде қандай анасыз? Қызметте қандай басшысыз?
– Мен де азаматымды ардақтап, екі перзентімді бүгінгі заман талабына сай білім беріп, ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіре тәрбиелеп отырған анамын. Шүкір, балаларымыз да атымызға кір келтірмей, көз сүйінішіміз, көңіл қуанышымыз болып ержетті, бойжетті. Жолдасым екеуміз аймақтың бас арнасы – облыстық «Қызылорда» телеарнасында ұзақ жыл бірге қызмет еттік. Осы салада жүріп, шаңырақ көтердік. Сондықтан бір-бірімізді кәсібилік жағынан да жақсы түсінеміз. Жалпы менің кәсіби қалпым халықтың көз алдында қалыптасты десем болады.
Қазіргі басшылық жұмысымда журналистикада жинаған тәжірибемнің көп пайдасы тиіп жатыр десем артық айтқандық емес. Бүгінгі күні басшы болу оңай емес. Талап жоғары. Үйрете жүріп үйренудемін. Басшылық жұмыстардың қыр-сырын ұғып, ұйымдастырудың ұтымды сәттерін келтіруде басқарманың, тәжірибесі мол жанашыр жандардың ақыл-кеңесіне жүгініп келемін.
– «Анаға тағзым» орталығы өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– «Анаға тағзым» орталығына келуім менің өмірімдегі үлкен бетбұрыс болды. Қазіргі уақыт үнемі дамуда, ізденісте болуды, бір мамандықпен, бір жұмыспен ғана шектеліп қалмауды, қабілет-қарымың жеткенінше басқа салада да өзіңді сынауды, шыңдауды қажет етеді. Заманның талабы да сондай болып келеді. Сондай сәт, мүмкіндік маған да келген сияқты болды. Ұсыныс түскенде көп ойландым да, тәуекел еттім.
– Қазақ қыз-келіншектерінің бойынан қандай қасиет жоғалып барады деп ойлайсыз?
– Заманына қарай адамы дейміз бе, жаһанданудың да себебі болар, толассыз ақпараттар толқынының да әсері ме, басқаға тым еліктегіш болып барамыз. Жақсыны да, жаманды да сіңіріп жатырмыз. Бүгін отбасын құрып, ертең ажыраса саламыз, бейәдеп сөйлейміз, масылдыққа да бой үйрете бастадық. Ұлттық құндылықтар, меніңше, заманға, қоғамға қарамайды. Дұрыс, бір орында қалмай, алға ұмтылуымыз, өркениетті елдер көшінен қалмауға тырысу қажет. Сонымен қатар тарихи жадыны сақтап, ұлттық кодтан да ажырамауымыз керек. Осының бәрінің негізі – ана, ананың тәрбиесі. Ал, бүгінгі қызғалдақ қыз – ертеңгі ана. Біз оларға бүгін қандай тәрбие береміз, қандай үлгі-өнеге көрсетеміз, ертеңгі жардың, ананың рухани келбеті де солай қалыптасады. Сондықтан, біздің орталықтың да басты мақсаты – ұлы дала аналарының ұлықты жолын дәріптеу, бүгінгі арулар, аналар еңбегін құрметтеу, қыздарға ұлттық құндылықтармен ұштастыра заманауи тәрбие беру, оларды отбасылық өмірге бейімдеу, қазіргі қазақ келіндерінің рухани болмысын қалыптастыру. Ол үшін орталықта барлық жағдай жасалған.
– Адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Ең алдымен адалдық, өзіне, отбасына, айналаға, кәсіпке деген адалдық. Адалдық жүрген жерде адамгершілік, кішіпейілділік қоса жүреді. Қай нәрсеге болса да, парасаттылық, ізгілік тұрғысынан қарау. Қолыңнан келсе, адам баласына жақсылық жасау, оған мүмкіндік болмаса, ешкімге зияныңды тигізбеу.
– Актуальды тақырып. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау үшін қоғам не істеуі керек?
– Отбасындағы тәрбие дұрыс болуы керек. Қытай ойшылы Конфуцийдің ілімінде отбасында әке, ана, бала, келін, жалпы отбасы мүшелері әрқайсысы өз орнын, міндетін білсе және оны толық орындаса, тепе-теңдік сақталады және жанұя тыныштығы болады делінген. «Отан – отбасынан басталады» деген сөзде үлкен мән жатыр. Егер әрбір отбасы тыныш болса, Отан да тыныш.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Біздің орталық ресми түрде осы жылдың 29 қыркүйегінде ашылды. Ізінше 10 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне жасаған сапарында орталығымызда болып, ондағы клуб-студиялардың қызметімен тереңірек танысты. Президентіміздің біздің орталыққа келуі, жұмысымызға оң баға беруі алдағы жоспарларымызды жүзеге асыруға ерекше серпін бергені рас. Содан бері орталығымызға келіп, жаңаны, жақсыны көруге асыққандардың қатары көбейді. Мыңнан астам қыз-келіншек пен аналар орталығымыздағы клуб, студиялардағы шеберлік сағаттарына қатысып, өзара тәжірибе алмасты. «Ұлықты әйел – ұлт ұйтқысы» атты аймағымыздың әйел-аналарына арналған ашық есік күндері ұйымдастырылуда. Аудандардан келген делегациялар қонақта болып, орталық мамандарымен шеберлік сағаттары, парасаттылық сабақтары, психологиялық қолдау жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылға бірнеше ауқымды жобалар дайындап, ұсынып отырмыз. Оны алдағы уақытта ақпараттандыратын боламыз.
– Сіздің ойыңызша, «Бақытты әйел» деген кім?
– Меніңше, «бақыт» деген сөздің белгілі бір анықтамасы жоқ сияқты. Өмір жайлы тереңірек ойланып кетсең, жер басып тірі жүрудің өзі бақыт. Өмір болғасын бәрі де болады. Тек бақыт құшағында ғана жүре беретін адамдар бола бермейтін шығар. Денің сау, отбасың, жақындарың аман, сүйікті кәсібің бар, айналаң тыныш, еліңде береке болса, одан асқан қандай бақыт керек? Туы жығылып, түрлі апаттардан зардап шегіп, соғыс қасіретін көріп жатқан елдер қаншама. Шүкір, бақыттымыз!
– Анаңызды жиі қуантасыз ба?
– Баладағы көп қасиет текпен де келеді деп жатады ғой. Анам мені үнемі қолдап, бойымда кішкентай талап, таланттың ұшқыны болса, қанаттандырып, алға жетелеп отыратын. Қандай биікке шығып, қандай жетістікке жетсем де, бәлкім сол кісінің де тілегі мен ниеті, ақ батасы, қызметімді жан-тәнімен түсіне білетін жарымның, жақындарымның қолдауы да шығар. Айта кетейін, менің әкем – Шаған ауылының тумасы, өкінішке орай, қазір ортамызда жоқ. Анамның кіндік қаны киелі Қалжан ахун ауылында тамған. Анамның жасы – 87-де, енем – 80-де. Екеуі де «Батыр ана». Қолым қалт етсе, баруға, қуантуға тырысамын. Өзім де таңертең ғимаратқа енерде, құшағына перзентін қысқан Ананың ескерткішіне тағзым жасағанда аналарыма құрмет көрсетіп жатқандай боламын.
Аналар аман болсын! Әйел-аналар жаққан шырақ ешқашан сөнбейді!
– Сұхбатыңызға рахмет! Ақ тілек, көптің батасымен жұмыстарыңыз алға баса берсін!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ