Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектен бақыт тапқан

Еңбектен бақыт тапқан

Ел қамы үшін тер төгіп жүрген еңбеккерлер қауымының еңбегі әркез еселі. Егін егіп, жер жыртып, экономиканың дамуына әрі өндірістің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген мәрт азаматтар «байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» екенін бізден артық біледі. Сондай жанның бірі – Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» шаруа қожалығының механизаторы Рамазан Көрпелдесов.

Ауылдағылар Көрпелдесовтерді еңбекші әулет ретінде жақсы таниды. Өйткені ағайындылардың барлығы да дала қосында еңбек етіп, содан табыс тауып жүр. Рамазан Жетпісбайұлы үлкен ағасы Дүйсенғали – «БАҚ» шаруа қожалығында кәнігі механизатор. Одан кейінгі ағасы Оразалы Көрпелдесов – «Нұрбек» шаруа қожалығында диқан. Егіннің күтімін жасап, мол өнім алу жолында елеулі еңбек етіп келеді.

Міне, осындай ағаларының артынан еріп келе жатқан Рамазан Көрпелдесов те еңбек көрігін қыздыруда.

Рамазан Жетпісбайұлы 1971 жылы Тереңөзек поселкесінде дүние есігін ашқан. 1978 жылы бұрынғы «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшардың №126 В.И.Чапаев атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, онжылдықты бітірген. Одан соң Отан алдындағы абыройлы борышын өтеп, елге келгеннен кейін еңбек жолын бастаған.

– 1988 жылы жас маман ретінде еңбек жолымды бастап, «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшарда механизаторлық мамандықтың қыр-сырын меңгердім. Шаруашылықта майталман мамандардан тәжірибе жинақтадым. Ол кезеңдерде самсап жатқан жаңа техникалар жоқ. Ескі техникаларды жөндеп, жүргізіп, тізгіндеп, несібемізді таптық. Сол еңбегіміз бүгінге дейін жалғасып келеді, – дейді тәжірибелі маман.

Еңбек адамы 1993 жылы О.Мәлібаев атындағы кеңшарда, 1997 жылдан бастап 2012 жылға дейін «Қалжан ахун» ЖШС-де жұмыс жасаған. 2012-2018 жылдар аралығында «Қыран» ЖШС-де механизатор болса, араға көп уақыт салмай ауылдағы «БАҚ» шаруа қожалығына қайта келіп, механизаторлық жұмысын жалғастыруда.

– Әуелгіде трактор техникасын тізгіндеп, жұмыс атқардым. Одан кейін егін жинау ісіне араластым. Италияндық «Laverda» комбайнын жүргізіп, күріш бастыруды да қамтамасыз еттік. Ал қазір «САТ» техникасымен жер тегістеу, қазу жұмыстарын атқарудамын, – дейді Рамазан Жетпісбайұлы.

Қысы-жасы техника тізгіндеп, ауыл игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген механизатордың жұмыс уақыты әрқилы. Таңсәріде үйден шығып, тас қараңғыда қайтқан кездері де аз емес. Көктемде далалық жұмыстарға қызу кірісіп кетеді. Мамыражай жаз уақытында егінге су жеткізу үшін су жолдарын тазарту, қазу жұмысының басында жүреді. Күзбен қатар келетін орақ науқанының орны мүлдем бөлек. Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы астықты жинайтын кезде қырманда тыным таппайды. Осылай Р.Көрпелдесовтің өмірдегі еңбек жолы бір мезгілден келесі мезгілге дейін тығыз сабақтасып келеді.

Жаны жомарт, көңілі ашық, өзі жайсаң мінезді жан ешқашан жұмысқа жеңіл-желпі қараған емес. Әр бейнеттің түбінде зейнеті барын біледі. Бақыт та, еңбек те маңдай термен келетінін түсінетін ол өзіне тән қарапайымдылықтың арқасында елдің ілтипатына бөленіп, сый-құрметке кенеліп жүр. Еңбегі халықтың ыстық ықыласымен жоғары бағаланған.

Рекең – түтіні түзу шаңырақтың қамқоршысы әрі тірегі. Жұбайы Ира Ермаханмен бірге үш ұл, бір қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап жетілдірді. Ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, барлық нәрсе маңдай тер еңбекпен келетінін әркез ұғындыруда. Олардан 4 немере сүйіп отыр.
Жуырда Сыр өңіріне сапары барысында Н.Ілиясов ауылына келген Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек...» деген болатын. Сондықтан өңір тынысын жандандыруда еселі еңбек етіп жүрген Рамазан Көрпелдесов секілді азаматтар әркез құрметке лайық.


Е.БЕРКІНБАЕВ
02 желтоқсан 2023 ж. 183 0