Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ғарышкер»

«Ғарышкер»

«Кім болам?»
Тақырыбы – шығарманың,
Әншейінде көзіңнен ұғар бәрін.
Ағай да шығып кетті.
Сезді ме екен,
Әр кеудеде бүр жарған бір ән барын.

Ағай шығып кетсе де...
Тыныш бәрі.
Тұңғыш рет Үнсіздік...
Ту ұстады.
Бір-бірімен қырылып жатар күнде,
Тентек ұл мен ерке қыз ұрыспады...

Армандау қиын ба екен...
Оқығаннан,
Бақытының көргендей отын алдан.
Сол сәтте-ақ күллі әлемді кезіп кетті,
Тар класқа сыймаған отыз арман.

Қарлығаш-ой аспанға қақты қанат,
...Сабақтан соң жөнелдік шапқылап ап.
Ертеңіне мұғалім оқып берді:
– Мен ғарышкер боламын! – депті Болат.

Арманы қыр көрсеткен...
Сары балаға,
Қызыға да қарадық, таңдана да.
Тұңғыш рет оянды қызғанышым:
«Қалай менің басыма келмеген, ә?».

«Болмайды...» – деп ойламас, бала, әрине,
Аяқасты бөленген дара күйге.
Бүкіл класс қарадық....
Тым төменнен
Көкті тілер болашақ «Гагаринге».

Кейін: «Болат ұмытты көкті...» – деп ек...
...Аспан жақтан бір хабар жетті ме, ерек?
Қайран досым, отыздан аса бере,
Ғарыш жаққа аттанып кетті кенет.

«Бұл дүние – о дүниенің елесіндей...» –
десем, дос, мені жынды көресің бе, ей?
...Ауылдың сыртында үлкен мола жатыр,
Құлаған Жерге ғарыш кемесіндей...

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден
25 қараша 2023 ж. 130 0