Бронхит ауруы қандай асқынуларға әкелуі мүмкін
Бронхит - бронхтың қабынуынан туындаған тыныс алу органдарының ауруы. Бронхит кезіндегі қабыну процесі бронхтың шырышты қабығына немесе оның қабырғасының қалыңдығына әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қалалық №36 емхананың дәрігері Назым Шөжеева айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Дәрігердің айтуынша, жіті бронхит жөтелмен, кеудедегі ауырсынумен және ентігумен сипатталады. Бронхит ауруы көбінесе өздігімен өтсе де, дұрыс емделмеген жағдайда белгілі бір асқынулар туындауы мүмкін.
"Мысалы, жіті бронхит бронхопневмония түріндегі асқынуды тудыруы мүмкін. Бұл өкпеге әсер ететін инфекциялық және қабыну процесі, қызба, құрғақ жөтел және жалпы әлсіздікті тудырады. Созылмалы аурудың бақылаусыз өсуі тұрақты жіті пневмонияға әкеледі және ақырында өкпенің обструктивті ауруына айналады. Бұл кезде арна тарылып, тыныс алу жолдарының шырышты қабаты ісінеді, өкпе тіндері ішінара жойылады. Аурудың асқынуына жол бермеу керек.
Бронхиалды зақымданудың алғашқы белгілері болуы мүмкін жөтел, қызба, әлсіздік пайда болған кезде-ақ дәрігерге көріну керек. Дәрігер диагноз қойып, емделу жолдарын айтады», - дейді дәрігер.
Созылмалы бронхит өкпе гипертензиясы, эмфизема, бронхоэктаздық ауру, пневмония, төтенше жағдайда жүрек жеткіліксіздігі мен басқа да қауіпті аурулардың дамуын тудыруы мүмкін.
"Егер жоғарыда аталған асқынулар пайда болған жағдайда, ертерек медициналық көмекке жүгіну қажет. Уақытылы емдеу арқылы асқынулардың дамуын айтарлықтай төмендетуге болады", - деп атап өтті Назым Шөжеева.
Фото: baq.kz