Қызылордалық оқушылар әлемдік чемпионатта үздік үштікке кірді
Робот құрастырушылар арасында дүниежүзілік байқау Орталық Америка құрлығындағы Панама елінде өткізілді. 100-ден астам мемлекеттен келген 1300-ге жуық қатысушының қатарында қызылордалық оқушылар да бар. Олар аймақтық, республикалық іріктеуден өтіп, ел намысын әлемдік аренада қорғады.
Нәтижесінде цирлық индустрия үшін инфрақұрылым мен логистиканы жасайтын роботтармен жұмыс істеп, өнертабыстарын ұсынған Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Максим Усольцев пен Дінмұхаммед Абдиев қола жүлдені қанжығалады. Әлемдік чемпионатта жүлдені қалай алғаны жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, жетекші Серік Ахметов айтты.
- Робототехникадан халықаралық олимпиадада (World Robot Olympiad) қола медаль бұйырды. Қазақстан атынан 13 команда қатысты, нәтижесінде отандық құрама 3 категориядан жүлделі орын алды. Мектебіміздің оқушыларымен бірге ІІІ және ІІ орынды Астана қаласының Роботек командасы иеленді. Оқушыларымыз алғаш рет бұл байқауға қатысып жатқан жоқ. Дегенмен, қиыр шығыстағы Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур елдері жақсы қарсылас болды. Сондай-ақ, командалық есеп бойынша Малайзия мемлекеті бәрінен базып озды. Ал, біз топтық есепте екінші орында болдық, - деді Серік Мөңкебайұлы.
Әлемдік додада Қызылорда атынан барған Нұрдаулет Әділбек пен Ернұр Сәду де жақсы нәтиже көрсетіп, үздік бестіктер қатарынан көрінді. Олардың айтуынша, топтың атын «Қызылорда» деп қойып, өңіріміздің атын әлем төрінде екі рет айтқыздық деп қуаныштарын жеткізді.
- Біз бұл олимпиадаға 2022 жылдан бері қатысып келеміз. Осы жылы дайындықта қаңтар айынан бастадық. Жаз мезгілінде республикалық кезеңінде жеңімпаз атанып, Панамаға жолдама алған болатынбыз. Биыл сайыстың қиындығына қарамастан үздік бестіктер қатарында болдық. Еліміздің, аймағымыздың үмітін ақтадық деп сенеміз, - деді НЗМ оқушысы Нұрдаулет Әділбек.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі