Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік сала үздігі

Әлеуметтік сала үздігі

Адам дүниеге келгеннен бастап, өмірден өткенге дейінгі өмірі құжатпен байланысты. Құжатың дұрыс болмаса өмірдің түрлі жағдайына тап боларың анық. Құжаттың дұрыс рәсімделуі адамның қажеттілігіне жарататын қаржылық жағдайына да тікелей қатысты. Мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақы мен зейнетақы да өміріңіздің маңызды бір бөлігі.

Ауданда мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақыны тағайындайтын «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Сырдария ауданының әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі бар. Онда қызмет ететін мамандар азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақының уақытылы әрі дұрыс тағайындалуына жауапты. Бөлімде ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жетекші маман Базаркүл Құлниязованың есімі сырдариялықтарға, әсіресе, зейнеткерлік жасқа жеткендер мен жәрдемақы алушыларға жақсы таныс. Білімі мен біліктілігі ұштасқан жетекші маман ауданға қарасты Шаған, Іңкәрдария, Бесарық, Аманкелді және Айдарлы ауылының тұрғындарына тағайындалатын әлеуметтік төлемдерге жауапты. Маман құжаттың қабылдануын, тағайындалуын қадағалайды. Жақында білікті маман әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыста өткен алқалы жиында «Әлеуметтік сала үздігі» атанып, «Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапатты өз ісінің маманы атанған Базаркүл Қошқарқызына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Исламов пен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева табыстады.

Базаркүл Қошқарқызы негізі Қазалының тумасы. Ата-анасы қарапайым жұмысшылар болған. Әкесі Қошқар жүргізуші болып еңбек еткен 78 жастағы қария. Анасы Күлмараш жақында өмірден өткен. Ол кісі тоғыз баланы өсіріп, тәрбиелеген Батыр ана екенін айтып өткеніміз жөн.

Базаркүл Қошқарқызы 2007 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институтының көп салалы гуманитарлық-техникалық колледжінде «Экономика бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша арнаулы білім алған. Алғашқы еңбек жолын басқа салада бас­тап, кейін өз мамандығы бойынша қызмет етеді. 2008 жылы Сырдария ауданындағы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының бөлімшесінде маман болып жұмысқа қабылданып, қазіргі уақытта бөлімнің жетекші маманы ретінде еңбек етуде. Бөлімшедегі 5 маман мен басшысы аудандағы 13800 мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы алушыға қызмет көрсетеді. Жыл сайын көлемі артатын әлеуметтік төлемдерді есептеу, жаңадан тағайындалатын жәрдемақы мен зейнетақылардың дұрыс әрі уақытылы алынуына жұмыс жасайды. Білікті маманның қызметі мен мол тәжірибесін бөлім басшысы Сағидолла Еламанов жоғары бағалайды.

– Бөлімде 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жетекші маман Базаркүл Құлниязова ауданның 5 ауылдық округі бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушыларға қызмет көрсетеді. Қызметін аса жауапкершілікпен атқарады. Білікті, тәжірибелі маманның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Халықпен тікелей жұмыс жасайтын сала болғандықтан, барлық қызмет алушылармен өте сыпайы, мәдениетті түрде жұмыс жасайды. Жұмыста өз біліктілігін жоғары дәрежеде көрсетуінің арқасында ұжымдағы әріптестерінің арасында беделді. Жастарға да жанашыр болып, өзінің тәжірибесімен бөлісіп келеді. Кәсіби мерекемізде ұзақ жылғы еңбегінің еленуі, марапатталуы ұжым үшін қуаныш болды, – дейді мекеме басшысы.

Кейіпкеріміздің қызметтік міндеті – жауапты. Есеп-қисапқа епті маман қателесуге жол бермеуі қажет. Себебі әрбір қабылданған құжаттың соңында қаржы, зейнеткердің өмір бойына алатын зейнетақысы тұр. Әрі қиын, әрі адамдарға қуаныш сыйлайтын қызметтің қызығы да, қиындығы да бар.

– Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көру, зейнетақысын алу үлкен кісілерге қуаныш сыйлайды. Міне, осындай қуанышты сәтті талай көзімізбен көрдік, адамның қуанғанын көру үлкен бақыт, алғыстарын жаудырып жатады. Негізінен зейнет демалысына шығатындарды алдын ала бір ай бұрын бөлімшеге шақыртып құжаттарын тексереміз. Дұрыс болмаған жағдайда реттеу қажеттігін түсіндіреміз, құқықтық кеңес береміз. Құжат неғұрлым нақты болса, зейнетақыны тағайындауда кедергі болмайды. Сондықтан айтарым, азаматтар құжаттарына аса мұқият болуы керек, еңбек кітапшасында жазылмай кеткен еңбек өтілі немесе басшының қолы, мекеменің мөрі болуын қадағалау қажет, – дейді бөлімнің жетекші маманы.

Базаркүл Қошқарқызы қызметте абыройлы, тәжірибелі маман болса, отбасында сүйікті жар, аяулы ана. 1991 жылы тереңөзектік азамат, ақ халатты абзал жан Қайрат Ермановқа тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанды. Ауданда Ермановтар отбасын білмейтін адам кемде-кем. Өсіп-өнген әулеттің өзіндік абыройы бар.

Атасы Жоламан Ерманов – білім саласында абыройлы еңбек еткен ардақты ұстаз болған. Ал үлкен отбасының шамшырағына айналған енесі Мехребану Сырмаханова банкте бас есепші болып ауданның қаржы саласына қол­­таңбасы қалған майталман маман еді. Қос қария бүгінде өмірден өтсе де, ұрпақтары үшін өнегелі өмірімен мәңгі есте қалған ең қымбатты жандар. Қарашаңырақтың иелері Қайрат аға мен Базаркүл апа екі баланы тәрбиелеп өсірді. Мұғалімдік қызметті атқарып жүрген Інжу қызы тұрмыста, екі жиен сүйгізіп отыр. Ал ұлы Әбілмансұр – тіс дәрігері.

Қызметте абыройлы маман, отбасында өнегелі келін, аяулы ана атанған Базаркүл Қошқарқызы қызметтегі нәтижелі еңбегі үшін 2016 жылы Қызылорда облысының Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы директорының Алғыс хатымен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік саланың «Үздік қызметкері» номинациясымен марапатталған. Сонымен қатар облыс және аудан көлеміндегі түрлі Алғыс хаттың иегері атанған.

Базаркүл Құлниязова – өзінің сабырлы да салмақты мінезімен көптің көңілінен шыққан маман. Білікті маман әрбір қызмет алушыны жылы шыраймен қарсы алып, мәселесінің дұрыс шешілуіне аянбайды. Әсіресе өзі айтқандай зейнеткерлікке жеткен адам алғаш рет қолына зейнетақысын алғандағы қуанышын көрудің өзі үлкен ғанибет, еткен еңбектің жемісі деп біледі. Мамандығына деген жауапкершілігі мен біліктілігі, ел-жұрттан алған алғысы еселей түссін деген тілек білдіреміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 қараша 2023 ж. 159 0