Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оралхан Бөкейдің үнді еліне сапары /Жүрсін Ерманның естелігінен/

Оралхан Бөкейдің үнді еліне сапары /Жүрсін Ерманның естелігінен/

1993 жылдың мамыр айының соңында, Қазақстан Жазушылар ода­ғының бiрiншi хатшысы Қалдарбек Найманбаев бастаған 15 шақты қалам­гер Түркияға сапар шегiп, Мағжан ағамыздың 100 жылдығына арналған іс-шараларға қатысатын болдық. Сапарды ұйымдастырушылардың бiрi ретiнде мен де, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы ретiнде Оралхан Бөкеев те делегация құра­мына енген едiк. Сәуiр айының соңғы күндерiнiң бiрiнде Орекең менi кабинетiне шақырып алды да:

– Мен Түркияға бармайтын болдым. Сен газетке сапарнама жазып келесiң, – дедi («Мағжанның Түркиясы» деп аталған сапарнама «Қазақ әде­биетi» газетiнде жария­ланды).

– Сiз неге бармайтын болдыңыз?

– Мен Үндiстанға жүремiн, – дедi Орекең.

Үндiстанның басшысы Алматыға ресми сапармен келгелi жатқан. Соның алдында бiр топ қазақ журналистерi Үндi елiне барып қайтатын болыпты да, iшiне Оралхан Бөкеев те қосылған екен. Орекеңнен басқасының бәрi – жас қаламгерлер.

– Ылғи бала-шағаның арасында­ сiзге не бар, Ореке? Үндiстанға менi жiберiңiз де, өзiңiз Ыстамбұлға барып келiңiз, – дегенiм есiмде.

– Түркияға барсам, Қалдарбек пен сен берген тиын-тебендi санап жүредi екенмiн. Үндiстан сапарын үкiмет қаржыландырып отыр. Бiз де есеп шығара бiлемiз, шырақ! – деп әзiл-шыны аралас жауап берген Оралхан:

– Мен не көрдi дейсiң? Қырымға барсам емделуге бардым. Переделкинода жазудан қолым босамады. Президентпен Еуропаға бiр барып келгенiм болмаса, тегiн сапарға бiрiншi рет шыққалы отырмын ғой. Жас болса, жер ортасы елуге келiп қалды, – деп мұңайды.

Орекең Үндiстанға 10 мамыр, жаңыл­масам, сенбi күнi аттанды. Жауапты хатшы Қайырбек Асанов екеумiз Жазушылар одағына келiп, шығарып салдық. Көлiгiне мiнгелi тұрып:

– Қайырбек, маған екi шөлмек арақ әкелiп, қоржыныма салып­ бершi, – деп өтiнiш жасады.

– Арақ iшпейсiз ғой, оны қайтесiз? – деп Қайырбек таңданды.

– «АҚҚҰС»-тың қоймасында отыз жәшiк арақ тұр емес пе? – деп мен ұсыныс айттым.

– Сенiң қисық шөлмегiңдi шетелге­ апар­ғаным ұят болар, – деп күлдi Орекең.

– Iшпесем де, қоржынымда жүрсiн. Қо­лым­ды жуамын. Мен өзi иiс-қоң­ыс­ты жаратпаушы едiм. Үндiстанда
қы­сы-жазы ауа ауыспаған соң иiс болатын шығар...

Қайырбек «Балалар әлемi» дүке­нi жағы­нан тез оралды да, бiз­бен қол алысып қош­тасқан Оре­кең көлiгiне мiнiп, жүрiп кеттi.

Оралхан Бөкеев Делиде мамырдың 17-сi күнi қайтыс болыпты. «Агра қаласына сапарлап барып, Тәж-Маһалды тамашалап, қайтар жолда әзiл-қалжың айтысып, көңiлдi болып
едi» дейдi көргендер. Өкпесiнiң iлесi бар едi, 56 градус ыстыққа шыдас бермеген тәрiздi.

«Сорқұдықтың басына­ сорға бола қонды әкем» демекшi, осы са­пар­ға бармай-ақ қойшы деген ме­нiң сөзiмдi қабыл алса, әлдеқалай болар едi деп ойлаймын да жүремiн.

Орал­ханмен айнымасқа, айырылмасқа та­быс­қанымды бiлушi едiм. Бiрақ дәл осылай жылдам қоштасамыз деп ойламаппын. Көзiмнiң жасы сор­­ға­лап жүрiп жоқтау жаздым.

Жи­ыр­ма шумақтан астам сол жоқтау Оралханның мәйiтiн Мүсiрепов театры­нан алып шығарда айтылып тұрды.

Бiздiң шешелерiмiз, жеңгелерiмiз боз­дақтарын солай жоқтаушы едi.

Жоқ­тау үстiнде iштегi шер-шеменiн, қайғы-зарын сарқып айтып, мауқын басатын. Мау­қымды басқан сол жоқ­таудың мәтiнiн де сақтап қалмаппын.
04 қараша 2023 ж. 94 0