Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіс неге үгітіледі?

Тіс неге үгітіледі?

Тістің үгітілуі – эстетикалық проблема ғана емес. Ол тек стомотологиялық қана емес, басқа да аурулардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан тіс дәрігеріне қаралуды кейінге қалдыра беруге болмайды. Ересектердің тісі не үшін үгітілуі мүмкін? Негізгі себептерін ұсынамыз.

Дұрыс тамақтанбау және дәрумендер жетіспеушілігі

Егер ағзаға кальций, фтор, фосфор және дәрумендер жетіспесе, тіс уақыт өте үгітіле бастайды. Дәрумендер мен микроэлементтер жетіспеушілігі зат алмасуды баяулатады, сүйек және бұлшықет тінінің дамуын бұзады. Сондықтан ағзаға барлық дәрумендер жеткілікті мөлшерде түсу үшін дұрыс әрі үйлесімді тамақтану маңызды.

Ішкі органдардың созылмалы аурулары

Гастрит, жаралар, қалқанша безі патологиясы, қант диабеті иммунитетті түсіреді және зат алмасу процестерін тепе-теңсіздікке әкеледі. Зат алмасудың бұзылуы дәрумендердің дұрыс сіңбеуіне ықпал етеді. Сол үшін де эмаль минералсызданады және бұзылады.

Тістемнің дұрыс болмауы, бруксизм


Дұрыс емес тістем себебінен тістер бір-біріне қатты үйкеледі. Соның салдарынан эмаль жұқарады, жырықтар пайда болады.

Бруксизм, яғни тісті сықырлату да тістің үгітілуіне себеп бола алады.

Ауыз қуысының нашар гигиенасы

Тісті жүйелі түрде тазаламаса, олардың бетінде және тістердің арасында тамақ қалдықтары қалып қояды. Олар уақыт өте жарықшақтанып, тіс эмалін зақымдайды. Оған қоса, темекі тарту мен жиі кофе ішу өңездің жиналуына және тіс тасының түзілуіне ықпал етеді. Солардың салдарынан бактерия көбейеді, тіс жегі дамиды. Тіс жегі тістің үгітілуіне әкеледі.

Зиянды әдеттер


Бөтелкені және жаңғақтарды тіспен ашу, шемешкіні тіспен шағу, қатты қытырлақтар жеу секілді зиянды әдеттер эмальда жырықтар пайда болуына ғана емес, тістің үгітіліп кетуіне әкеледі.

Жас ерекшелігі

Жас ұлғая келе эмаль жұқарады және әлсіз бола түседі. Қатты тамақ жеу секілді ұсақ зақымның өзі тістің үгітіліп кетуіне әкелуі мүмкін.

Гормонды өзгеріс


Етеккір кідірісі және жүктілік секілді жағдайлар микроэлементтердің жетіспеушілігін және жалпы денсаулықтың нашарлауын тудырады. Сәйкесінше, ол тістер жағдайына да әсер береді.

Зақымдар


Тіс зақымдалуына эмальға химиялық әсер (мысалы, химиялықта өндірісте жұмыс істейтіндерде кездеседі) және температуралық өзгеріс (салқын ауа жұтып, ыстық сусын ішу) әсер етеді. Сондай-ақ беттен қатты соққы алғанда тіс үгітіліп кетуі мүмкін.

Фото: pixabay.com
18 қыркүйек 2023 ж. 106 0