Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос қолмен жұмыс істейтіндерді білесіз бе?

Қос қолмен жұмыс істейтіндерді білесіз бе?

Ғылымда амбидекстр немесе амбисинтрсіз деген тереңнен зерттелген тұжырым бар. Бір қызығы амбидекстр атауға ие жанның оң және сол қолы бірдей жұмыс істейді. Туа бітті мұндай ерекше қабілетке ие адамдар жершары халқының 1 пайызын ғана құрайды. Басқа адамдардан өзгешелігі көп олардың бойында қайталана бермейтін бірнеше қасиет жетерлік.

Әлемде оң қолмен жұмыс жасайтындар 45 па­йызды құраса, сол қолын іске қосатындар 10 ғана пайызды құрайды. Әрбір салада жұмыс жасайтын кісілердің қабілеті мен дарыны өз қолдарының басымдылығына қарай жіктеледі екен. Екі қолдың бір мезетте жұмыс жасауы спортта, өнерде, музыка бағытында айрықша көмектесетіні анық. Көбіне спортшы біткен бойындағы керемет дағдыны ұдайы дамытып отыруға тырысады. Оларда екі қолы бірдей жұмыс жасаған кезде орасан зор жетістікке қол жеткізу мүмкіндігі де артады. Ақиқатында, әрбір адам дүниеге келген кезінде амбидекстр ретінде саналады. 4 жастан бастап бала оң немесе сол қолмен жұмыс жасау әдісіне таңдау жасай алады. Амбидекстр дағдысын қалыптасыру кезінде адамға шыдамдылық керек. Ми құрылымының функционалдық жүктемесі тұрғысынан амбидекстрлердің қарапайым адамдардан ерекшелігі сезіледі. Оң қолмен жазып, тіс жуып жүрген жандар сол қолмен аталған әдіс-тәсілді қайталау бойынша қабілетін дамытуды жүзеге асырады. Дегенмен, туа бітті амбидекстр болмағаннан кейін ол шамадан тыс жүктеме әке­луі мүмкін.

Әлемде амбидекстр қасиетіне ие атақты адамдар баршылық. Мәселен, америкалық музыкант, гитарист Джими Хендрикс қос қолымен сүйікті музыкалық аспабын ойнайтын болған. Атақты канадалық әртіс Хайден Кристенсен оң қолымен жазып, сол қолымен хоккей ойнайтын көрінеді.

Ендігі кезекте екі қолы да нашар жұмыс жасайтындар жөнінде аз-кем сөз етсек. Екі қолы да нашар жұмыс жасайтын жандарды амбисинтр деп атайды. Мұндай құбылысты туа бітті «қисықтыққа» жатқызады. Осындай жағдайға тап болған кісілерде амбисинтр белгілі бір жарақат пен сырқаттың нәтижесінде орын алуы мүмкін. Қиындықтан арылу үшін үнемі жаттығу жасап оты­ру керек.

Расында, бойындағы талантымен дараланған адамдар тарихта қалатыны рас. Ойлы оқырман, Сіз де есіміңізді ел есінде қалдыру үшін керемет қабілетке ие болыңыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
16 қыркүйек 2023 ж. 243 0