Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда қай салық түрлері қысқаратыны белгілі болды

Қазақстанда қай салық түрлері қысқаратыны белгілі болды

Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының еліміздегі салықты азайтуға қатысты тапсырмасын орындау жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір біз жаңа Салық кодексін әзірлеп жатырмыз. Жақында Үкімет деңгейінде талқылаған соң, құжат жобасын жариялаймыз. Онда тиісті тың қадамдар қамтылады», - деді Е. Жамаубаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Министр бұл негізінен алымдарға қатысты болатынын айтты.

«Бізде жүйелі әрі маңызды 2-3 салық түрі бар. Оның қатарында корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы қамтылған. Бұл салық түрлері қалады. Бірақ шағын алымдар, жарнама үшін немесе басқа да бағыттағы алымдар қысқартылуы мүмкін», - деді министр.

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласындағы бақылауды толық цифрландыруды жүргізу және салық бойынша есептілік нысандарын 30 пайызға қысқарту қажет екенін айтты.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайтуға болады және қажет», - деді Президент.

Фото: ашық дереккөзден
06 қыркүйек 2023 ж. 193 0