Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ ертегісі – ұлттық тәрбиенің қайнары

Қазақ ертегісі – ұлттық тәрбиенің қайнары

Адамзат бұрынғы заманнан бері табиғат күшін басқаруға, әлемдегі сан түрлі құбылыстардың мәнін түсінуге ұмтылыс жасап келген. Адал еңбек арқылы қоғамның әділ болуын, бақытты өмір сүруін арман еткен. Бір қызығы осынау арман барлық әлем елдерінде бірдей болғанымен, оны әр ел өзінше бейнелеген. Халықтың аңсаған үміті мен тілегінен сол халықпен бірге сан ға­сырдан бері бірге жасап келе жатқан таңғажайып ертегілер өмірге келген.

Ертегіден көрініс беретін әр халықтың көркем шығармашылығы, ұшан-теңіз қиялды суреттейтін ерекшелігін анық байқауға болады.

Жалпы ертегі дегеніміз – адамның санасындағы, ойындағы қиялы. Өмірде ондай нәрсе болмайды, яғни ойдан шығару арқылы тыңдаушысына қанат бітіреді. Дегенмен ойдан шығарылған ертегілердегі ғажайыптардың өмірдің шындығына айналатын кезі де болады. «Әрбір ертегіде шындықтың элемент­­­тері бар» деген көне сөз оның дәлелі. Яғни онда шын өмірде кездесетін құбылыстар болатыны туралы айтылған. Мәселен, аспанда ұшатын ұшақ сол бала кезімізде естіп өскен ертегілерден алын­ғаны шүбәсіз. Талай ғасырды артқа шегертсек, сан мыңдаған жыл бұрын адамзат баласы жерден аспан­­ға ұшпаған кезде қиял-ғажайып ертегілерде кілем­ге мініп ұшатын болған. Орыс халқының ерте­гі­сіндегі Иванның кілемге мініп аспанға ұшқаны ұшақ­қа ұқсамағанымен оның түбінде адамзаттың аспан­­ға ұшу арманы іске асқанын білу қиын емес. Ал қазақ ертегісіндегі халық қиялының жемісі деп Ертөс­тіктің Самұрыққа мініп ұшуын, Толғайдың тау арқа­­лауын айтуға болады.

Ертегіде болатын қиял ғажайыпқа толы арман, жамандықты жеңу, жақсылыққа ұмтылу секілді керемет оқиғалар әлем жазушыларының қаламына қанат бітіріп, небір ертегілердің дүниеге келуіне себеп болды. Сөз зергерлері халықтан-халыққа, ауыздан-ауызға жеткен ертегілердің негізінде өз­де­рі де ертегілер жазды.

Жалпы ертегі қай ғасырда болмасын қажет нәрсе. Ол тыңдаушысын қызықтырып, көңілін ашады. Жақсылық жасау, шыншыл болу қасиеттерін оятады, сезімін нығайтады. Еркін ойға, қанатты қиялға баурап алады. Бұл қасиет қай заман болмасын адамзаттың өркендеуіне қажет. Яғни жаңадан жаңалық ашуға, таңғажайып іс атқаруға үлесін қосатын таптырмас құрал.

Қарапайым мысал – барлық бала Ертөстік ертегісін тыңдап, есейе келе өзі де сол қиял-ғажайып ертегіні оқып, уақыт өте қайтадан зер салып тұщына оқуға құмар болады. Себебі қазақ халқының ең қызық, небір ғажайып оқиғалар кез­де­се­тін, адамды еріксіз өзіне баулитын нағыз қиял-ғажайып ертегі. Ертегіде жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, махаббат пен зұлымдық қатар кездеседі. Олардың арасындағы қиян-кескі күрес суреттеледі.

Ертегідегі негізгі кейіпкер – Ертөстік халықтың қиялынан туған нағыз батыр. Ол отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, жердің асты мен үстінде емін-еркін жүре беретін ақылды ер, ғажа­йып батыр. Өмірге келісімен тез ержетуі, яғни бір күні – бір апта, бір аптасы – бір ай, бір айы – бір жылға татиды. Ертөстікке қарсы келетін қара күш иелері де осал болмайды. Перінің қызы Бекторы, жал­мауыз кемпір, жанын басқа жерге тығып қойған Шойын­құлаққа қарсы келуі үшін халық қиялы оған шынай достарды жолықтырады. Олар дос қана болып қоймай, өздерінің ғажайып өнерімен жалма­уыз қара күшті жеңуге көмектесетін алып күш иелері бола­ды. Олар жүйрік ат Шалқұйрық, аяғы жерге тимейтін, жылдамдығын басу үшін қара тасты аяғына байлап жүретін Желаяқ, кез келген сыбырды қалт жібермейтін Саққұлақ, тауды қопаратын Тау­соғар, бір көлдің суын тауысатын Көлтаусар сияқ­ты адал достары. Ертөстік осы достарымен бірге зұлым күшті жеңіп, небір оқиғаларға кездесіп, ақырында еліне аман-есен оралады. Өзінің сүйіктісі Кен­жекейге қосылып, баянды да бақытты ғұмыр кешеді.

Осындай ертегіні естіп өскен бала Ертөстік секілді досқа адал, қиындыққа төзімді болуға, жау­ға қарсы шығуда ержүректілік танытуға, жаман­дықты жеңуге күш біріктіруді үйренеді.

Ертегілерден бөлек қазақ халқының алтын қазы­на­сы батырлар жырының орны бөлек. Халқымызда ел қорғаған ерлер туралы шығарылған батырлар жыры баршылық. Олар – «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» т.б. Негізінен мұндай шығарманың ерекшелігі жыраулар домбыраға немесе қобызға қосылып, белгілі бір әуенмен ұзақ айтылуында. Бір жырдың ұзақтығы тіпті бір таңға немесе бірне­ше таңға дейін созылуы мүмкін. Бір аңызда Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» деген дастанды отыз күн отырып жырлаған деген сөз бар. Мұндай шығарманы жыраулар бір бірінен үйреніп, сан ғасырлар бойы ел-жұртты аралап айтып жүрген.

Батырлар жырындағы басты кейіпкердің бас­ты мақсаты – елін, жерін жаудан қорғау, бас­қыншылардан азат ету, туған жерін қара қолдан тазарту, еліне бейбіт өмір сыйлау. Сондай көрнекті батырлардың бірі – Қобыланды батыр. Батыр кезек­ті жорығынан қайтып келгенде, елін қызылбастың ханы Алшағыр шауып кетіпті. Әкесін құл, анасын күң етіп, жарына шапқыншылар таласып жатқан сәтте Қобыланды батыр қуып келіп, жауға тойта­рыс беріп, тұтқынға алынғандарды босатып, өз еліне алып қайтады. Батырлар жырында да зұлым­­­дықты жеңіп, батырларға тән ортақ қасиет ерлік, адалдық, өжеттік, әділдік, уәдеге беріктік, жеңім­паздық көркем бейнеленеді. Халықтың қамқор­шысы болған батырлар асқан қаһарман етіп сурет­теледі. Олардың сенімді серігі, астындағы аттары да керемет болып келеді. Батырлар күрескен дұшпан­дарының да бейнесі үрейлі болған. Мәселен Алпамыс батыр шапқан Ұлтанның «аузы үлкен ошақтай, азу тісі пышақтай, күрек тісі кетпендей, кеңірдегінің тесігі жүгімен түйе өткендей» деп бейнеленеді. Десек те қазақ батырлары дұшпандары қанша жерден қорқынышты болса да, олардан елі мен жерін тайсалмастан қорғап келген.

Осындай ертегі мен жыр тыңдап өскен ұрпақтың бойында ұлтжандылық, мейірімділік қасиет қалыптасады. Сондықтан әрбір ата-ана баласына ертегі оқып беруді әдетке айналдырса, оны тыңдап өскен ұрпақ ешқашан жамандыққа бармайды. Бұл ұлт тәрбиесінің тамаша құралы екені сөзсіз.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
04 шілде 2023 ж. 313 0