Қажылық – 2023: қасиетті сапар туралы не білу керек
2023 жылы Қазақстаннан Сауд Арабиясына қажылық парызын өтеуге 4 мың адам барады.
Араб тілінде "Әл-Хаж" құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат.
Алла Елшісі өз хадис-шарифтерінде "Уа жарандар! Алла сіздерге қажылық жасауды парыз етіп бекітті. Демек, қажылықты орындаңыздар" деп, исі мұсылман қауымын қажылық ғибадатын өтеуге шақырған.
Ислам тарихына назар салсақ, ең алғаш рет қажылық хижраның тоғызыншы жылы парыз болып бекіген. Тәпсірші ғұламалар бірауыздан қажылықтың парыз екенін білдіретін Құран Кәрімдегі: "Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек" деген аяттың осы мезгілде нәзіл болғанын баяндайды. Алла Елшісі (с.а.у) бұл аят нәзіл болғаннан кейін сол жылы алғаш рет сахабаларымен бірге қажылық сапарын өтеген.
Қажылық деген не
Ислам дініндегі бес парыздың бірі – қажылық. Қажылық дегеніміз – Жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған Үйге барып, Алла Тағалаға құлшылық ету.Араб тілінде "Әл-Хаж" құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат.
Алла Елшісі өз хадис-шарифтерінде "Уа жарандар! Алла сіздерге қажылық жасауды парыз етіп бекітті. Демек, қажылықты орындаңыздар" деп, исі мұсылман қауымын қажылық ғибадатын өтеуге шақырған.
Ислам тарихына назар салсақ, ең алғаш рет қажылық хижраның тоғызыншы жылы парыз болып бекіген. Тәпсірші ғұламалар бірауыздан қажылықтың парыз екенін білдіретін Құран Кәрімдегі: "Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек" деген аяттың осы мезгілде нәзіл болғанын баяндайды. Алла Елшісі (с.а.у) бұл аят нәзіл болғаннан кейін сол жылы алғаш рет сахабаларымен бірге қажылық сапарын өтеген.
Қажылықтың түрлері
Үлкен қажылық пен кіші қажылықтың (умра) аражігін ажыратып алған жөн.
"Үлкен" және "кіші" деп ат қойып жүрген қажылық ғибадатының шариғаттағы атаулары – парыз қажылық және умра.
Умра – сүннет амал және оны парыз қажылық уақытынан тыс кез келген мезгілде жасауға болады. Үлкен қажылықты адам баласы өмірінде бір рет жасаса жетеді, ал кіші қажылықты, яғни умраны, өмірінде қанша рет істеймін десе де рұқсат.
Қажылық қашан басталады
Қажылықтың мерзімі – мұсылман күнтізбесіндегі он екінші ай, яғни "Зүл-хижжа" ("Қажылықтың айы") айы. Осы Зұлхижжа айының 8-12 күндері Мұхаммед пайғамбарымыз белгілеп беріп кеткен қажылықтың негізгі рәсімдері орындалады.
Айта кетері, Зұлхижжа айының оныншы күні қасиетті Құрбан айт басталады. 2023 жылы Құрбан айттың бірінші күні 28 маусымға түсіп тұр.
Қажылық кімге парыз
Шариғат бойынша қажылық парызды мұсылман баласының бәрі өтеуі шарт емес.
Қажылыққа баратын адам кәмелет жасына толған, ақыл-есі дұрыс, басы азат, қажылықты өтеу үшін денсаулығы мен байлығы болуы шарт. Яғни, құлдықтан босамаған, ақылы кеміс, сырқат, қажылық жасауға материалдық жағдайы жоқ және әлі жас балаларға қажылық парыз емес.
Сондай-ақ, арам ақшамен қажылық жасау харам, қарызы бола тұра немесе қарызға кепіл бола тұра, көмекті қажет ететін ата-анасы немесе ата-әжесі бола тұра қажылық жасау да дұрыс емес.
Бұдан бөлек, қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуы тиіс. Жол қауіпті болған жағдайда қажылықты тоқтата тұрады. Өйткені Алла Тағала пенделерін қауіп-қатерге ұшырататын ғибадатқа бұйырмайды.
Әйелдер де ер адамдар секілді қажылыққа барады. Алайда тұрмысқа шыққан әйел қасиетті сапарға барғысы келсе, алдымен күйеуінен рұқсат сұрауы керек. Егер әйел қажылыққа алғаш рет барғалы тұрса, онда күйеуі міндетті түрде рұқсат береді. Ал егер әйел қажылыққа екінші рет барғалы тұрса, не бірнеше рет барған болса, онда ол күйеуінің айтқанын тыңдайды. Бірақ әйел қажылыққа күйеуіне еріп, не туысқанымен ғана бара алады. 2023 жылы қанша қазақстандық қажылыққа барады
2023 жылы Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге 4 000 адам барады. Сауд Арабия Қазақстанға осынша квота бөлді.
Қасиетті сапарға шығатын қазақстандықтарды үш әуе компаниясы тасымалдайды. Атап айтқанда, саудиялық "Flynas", кувейттік "Jazeera" және түркиялық "Turkish Airlines" әуе компаниялары.
Бұған дейін Қазақстанның діни мұсылмандар басқармасы қажылар Астана, Алматы, Түркістан және Ақтау қалаларынан ұшаққа отырып, Мекке (Жидда) және Медине қалаларына жеткізілетінін хабарлаған болатын.
Әдетте рейстер Құрбан айтқа шамамен екі апта уақыт қалғанда орындалады.
Қажылық кезінде киетін киім
Ер адамдар Мекке Мухаррамға жеткенше "миқат" деген жерлердің біреуіне тоқтап, мұртын қысқартып, тырнақтарын, артық түктерін алады, үстіндегі киімдерін шешіп, ғұсыл қылып тазаланып, "Ихрам" киімдерін киеді. "Ихрам" киімі "изер" мен "рәддә" атты екі кең мата болады. Изермен кіндік қатарынан төмен жақты орап қояды, рәддәны желкесіне, арқасына салып қояды.
Әйелдер ихрам байламайды, өздерінің киімімен жүреді, инемен тігілген киімдерді кие береді. Сондай-ақ бастарын ашып жүрмейді, тәлбиені дауыстап айтпайды, шашын қысқартпайды.
Ихрам киімдерін кигеннен кейін, екі бас нәпіл (қосымша) намаз оқып, мына сөздерді айтып, қажылық етуге ниеттенеді: "Уа, Раббым! Ақиқатта мен қажылық етуді ниет еттім, енді Сен оны маған жеңіл ет және оны менен қабыл ал".
Ниет етіп, дауыстап мына сөздерді оқиды. Тәлбие деп аталады: "Уа, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында мадақ та, нығмет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ" (Муслим , Хаж 19).
Бұл күн мейрам болғандықтан қажылар көтеріңкі көңіл күйде болып, Алланың өзіне берген үлкен нығметіне бөленіп шаттанады. Бұл күнде Аллаға мадақ айтады: "Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алладан басқа құдай жоқ! Алла Ұлы және мақтау Аллаға тән".
Ниет етіп, осы сөздерді айтқаннан кейін, қажылық ихрамды деп есептеледі, сол бойымен Меккеге кетеді.
Қажылық қалай жасалады
Қажылықтың бірінші күні зұлхижжа айының 8-ші жұлдызына сәйкес келеді. Барлық қажы тәруия күні таң намазын Меккеде оқиды. Бұл күні тәмәттуғ қажылығын жасаушы қажылыққа қайтадан ихрам киеді. Ихрам кимей тұрып умраға ихрам киген кездегі амалдарды орындайды, ғұсыл алады, иіссу себінеді. "Аллаһумма ләббәйкә хажжан" деп ниет етіп, ихрам хәліне кіреді. Ихрамға кіргеннен кейін тәлбия айтуды бастайды. Содан кейін қажылар түске дейін Минаға жол жүреді. Минаға келгеннен кейін төрт рәкат намазды екі рәкат етіп қысқартып, әр намазды өз уақытында оқиды. Өйткені Тәруия күні бесін, намаздыгер, ақшам, құптан және арафа күнінің таң намазын Минада оқу – сүннет.
Екінші күн – Арафа күні. Бұл Зилхижжа айының 9 жұлдызына сәйкес келеді. Қажылар арафа күні таң намазын Минада оқып, күн шыққаннан кейін асықпай, тәлбия айтып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтып, Құран оқып, ақырындап Арафат тауына қарай бет алады. Түске дейін Арафатқа бару – сүннет. Ал Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парызы, онсыз қажылық қабыл болмайды.
Бұл күні барлық қажы Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым тілейді.
Зұлхижжа айының тоғызында қажылар күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға қарай бет алады. Ақшам және құптан намаздарын құптан уақыты кірген соң Мұздалифада бірге қосып оқиды. Қажылардың осы түні Мұздалифада түнеуі – сүннет (өзге мәзһабтарда уәжіп). Шайтанға тас лақтыру үшін Мұздалифадан 49 немесе 70 ұсақ тас жинаған абзал, бірақ басқа жерден де жинауға болады.
Үшінші күн – Құрбан айттың бірінші күні. Бұл күн Зұлхижжа айының 10-шы жұлдызына түседі. Сүннет бойынша қажылар Мұздалифада түнеп, таң намазын осы жерде оқиды. Бұл зулхижжа айының оны – айт күнінің таң намазы. Таң намазынан соң айнала жарық болғанға дейін құбылаға қарап дұға жасайды. Артынша күн шықпастан Минаға бет алады.
Алғашқы тас лақтырылғанда тәлбия айту тоқтатылады. Үлкен шайтанға жеті тас лақтырғаннан кейін тәматтуғ қажылығын орындаушылар уәжіп құрбандарын шалады немесе басқа біреуді өкіл жасап шалдырады. Құрбандық шалған соң, шаш алғызып немесе қысқартып ихрамнан шығады. Ихрамда харам етілген нәрселердің бәрі қайтадан халал етіледі.
Зиярат тауабы
Қажылық парыздарының бірі – зиярат тауабы. Онсыз қажылық дұрыс саналмайды. Минада айт күні тас лақтырып болғаннан кейін, ихрамнан шыққан қажылар Меккеге барып зиярат тауабын жасайды. Зиярат тауабы басқа тауаптар сияқты Қағбаны жеті рет айналудан тұрады.
Зиярат тауабын жасаған соң, Минаға қайта қайтып, шайтанға тас лақтыру күндерінің түндерін сол жерде өткізу Ханафи мәзһабында – сүннет. Минада үш түн түнеген абзал, екі түн түнеуге де болады.
Айта кетері, Мина жазығы – Мекке мен Муздалифа арасында орналасқан, Харам аймағына кіретін қасиетті жер. Қажылық кезіндегі құрбан шалу, шайтанға тас ату секілді құлшылықтардың бәрі осы жерде жасалады. Бұл жерде Адам ата жәннатты сұраған, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарды мейіріміне бөлеп, көктен көк қошқар түсірген.
Пайғамбарымыз хадистерінің бірінде кімде-кім Алла ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туғандай пәк болып қайтатыны баяндалады.