Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырым-тыйымның тәрбиедегі орны

Ырым-тыйымның тәрбиедегі орны

Қазақ қазақ бол­ға­лы бері әрқашан салт-дәстүрін қадір­леп, ырым-ты­йы­мын ешқашан жа­дынан шығарған емес. Ырым мен тыйымның ұлт болып қалыпта­суы­мызға, баланың тәрбиесіне, қауіп-қатердің алдын ­алуда алар орны ерекше.

Дәстүрін дәріптеп, салтын сақ­таған халқымыз ырым мен тыйымды тәрбиелеудің бірден-бір тетігіне балағаны бәрімізге мәлім. Алайда сол ырым-тыйымдардың не мақсатта пайда болғанынан, шығу тарихынан көбіміз бейхабармыз. Сондықтан, пайдалы кеңес ретінде, ұлтымыздың қасиетті ырым-тыйымдарына жеке-жеке тоқталып, кішігірім ақпарат бе­ріп өтсек.

Қазақ халқы «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз кыз болмайды» деп, ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымға балаған.

Қазақ әрқашан асты оң қолымен алып жеген. Сол қолымен алғанды ерсі санаған. Оң қолмен тамақ жеу, оң қолмен амандасу, есіктен оң аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу – сынды баламалар ісім оң болсын, оңға бассын, оңға бастасын деген ақ ниеттің ырымы.

Түнде үй сыпыру мен сыпырынды төгу де жатқа саналған. Себебі, сыпырындының жанына жын жиналады. Егер сыпырындының шаңы адамның бойына шашыраса, адамға жын жабысып, сырқатқа шалдығады деп есептеген.

Бос бесікті тербетпеу елімізде ең кең тараған тыйым болар. Бос бесікті тек қана баласынан айырылып, өмірден баз кешкен әйел ғана тербеткен. Ондай жағдайды ешкімнің басына салмасын деп бұл әрекетті тыйымдар қатарына қосқан.

Қазақ ешқашан нан өнімін аяққа баспаған. Ата-бабамыз нанды аса қастерлеп, басқанды «Құдайдың қарғысы атады» деп есептеген. Мұның да өзіндік қасиеті бар.

Үлкен әжелеріміздің саусақ сы­қырлатып, таңдайын қағып отырған балаларды көрсе ұрысып, қатты тиым салатын еді. Соны естіген балаларда «не үшін?» деген сұрақ үнемі болатын. «Ібілістің ата-анасы Әбілет пен Тәбілет құлшылық кезінде таңдайын қағып, оғаш дыбыс шығарады екен. Ал тәспі тартқанда саусақтарын сы­қырлатады екен. Алла оларды осы жаман әдетінен қанша тыйса да, олар осы әдетін қоймапты. Осының кесірінен Әбілет пен Тәбілет Тәңірінің теріс назарына ілігеді». Сондықтан кішкентай балаларға «Таңдайыңды тартпа, саусағыңды сықырлатпа. Ол ібілістің жақсы көретін ісі» деп үлкен­деріміз үнемі тиып отырған.

Ұлттық дәстүрімізбен сабақтасып жатқан ырым-тыйымдардың тәрбие­лік маңызы зор. Жамандықтан бойды аулақ ұстау – ізгі салтымыз бен ырым-тыйымның көрінісі.

Түрткеніміз халқымыздың ырым-тыйымдарының жүзден біріне де жетпейтін болар. Шағын мақала да бұл тақырыпты толықтай қамтуға жеткіліксіз екені анық. Тарих қой­науына кетіп, бізге жетпеген тыйымдар қаншама. Сондықтан, барымызды бағалап, ата-бабаның бізге мұра етіп қалдырған ырымы мен тыйымын бұлжытпай орындап, келер ұрпаққа дәріптегеніміз жөн.

Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің 1-курс студенті

10 маусым 2023 ж. 151 0