Ырым мен тыйымды ажырата білейік
Көне замандардан бүгінге жеткен ырым-тыйымдар ұлтымыздың дүниетанымы мен әдеп жүйесінде кең көрініс тапқаны белгілі. Қазақ ырымдары мен тыйымдары рас па? Оларға сенеміз бе, сенбейміз бе? Сенуіміз керек пе, сенбесек не болады деген сұрақтар санамда сан айналып, қолға қалам алуға түрткі болды.
Бұл жерде ең алдымен ырым мен тыйымның, одан кейін жантану ілімі тұрғысынан сенім мен нанымның арасын салмақтап алған жөн.
Ырымға сенгенде де беріліп, шынайы сенетіндер бар. Ғалымдар салт ырымдары және сенім ырымдары деген түрлерді ажыратады. Көп халыққа толы көше ортасында мысықтан бұрын өтпек болып, қуалап жүгіріп жүргендер немесе үлгермей қалып, айналып ырымын жасап жүргендерді талай кездестірген боларсыз. Біздіңше, бұл дегеніміз – жай сенім. Егер сенсең солай болады. Бұл туралы қазір психология ғылымында жиі айтылады. Яғни, адам бір нәрсені ойласа, солай болатынына миды сендірсе, ойға алған нәрсең айдан анық алдыңа келеді.
«Ырым-тыйымдар» деп жалпылай атағанымызбен, екеуі бір түсінік пе? Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ тыйым арқылы ұрпағына тәрбие берген. Тыйым – адамды жаман нәрселерден тыю. Тыйым салу арқылы кесапатты қылықтан аулақ ету көзделеді. Мысалы, жатқан кісінің үстінен аттама, бас киімді аяқ астына тастама, ақты төкпе, нанды баспа... Бұлар – мәні, мағынасы түсінікті тыйымдар.
Ырымға келсек, жаңа түскен келіннің отқа май салуы, сәбиге жолын берсін деп ырымын жасап үлкен кісінің атын беруі, жұғысты болсын деп тойдағы шашуға таласу, кішкентай баланың аузына түкірту, т.б. Көне кезеңнен көк пен отқа табынған түркілер ұрпағы үшін кейбір салт ырымдардың еш ерсілігі жоқ. Дегенмен «әннің де естісі бар, есері бар...» Айта кетерлігі, тыйымның негізі – тәрбие болса, ырымның астарында «осылай болса екен» деген тілек, сенім жатыр.
Жолыңды мысық кесіп өтсе, жолың болмайды, алақаның қышыса, ақша түседі, табаның қышыса, жол жүресің, көзің тартса, қуанасың, құлағың шуласа, біреу әңгімелеп жатыр... Егер ырымын жасап алақаныңды қалтаңа салмасаң, ақшаң далаға кетеді. Мысық өткен соң үш рет айналмасаң, жолың байланды дей бер... Олай етпесең, жолың болмай қалады екен-мыс. Бұлар не? Бұған қалай сенгіңіз келеді? Расында, көздің тартуы медициналық тұрғыдан жүйке жүйесінің ауытқуынан болса, мысық жай ғана өз жолымен кетіп барады. «Қазақ ырым етеді, ырымы қырың кетеді» деген. «Ырымға сену – Құдайға серік қосқандық» дегенді де естіп жүрміз. Ал сіз ырымға сенесіз бе?
Ырымға кімнің қалай қарайтыны қызықтырып, арнайы сауалнама жасаған болатынбыз. Шағын ғана сауалнама нәтижесінде ырымға сенетіндердің басым көпшілігі – ер адамдар екені анықталды. Ал нәзік жандылардың 77 пайызы «кейде ғана» деген жауапты таңдады. Көбіне жұлдыз-жорамал ақтаратын әйелдер болғандықтан, ырымға көп сенетін болар деп едік, 22 пайыз ойланбастан «жоқ» деген нұсқаны таңдап алды. Ер адамдардың арасында «ырымға кейде сенемін, кейбіріне тіпті күлкім келеді» деп жауап бергендер болды. Олар 40 пайызды құрады.
Ырым – адамдардың сенімі, өздеріне психологиялық тұрғыдан көмектесуі. Табиғаттағы түрлі құбылыс пен оқиғаларды өзінше жору. Ертеректе табиғаттың тылсым күштеріне сену (магиялық әрекет) болған. Бүгінгі айтылып жүрген ырымдар – солардың қалған көлеңкесі.
Ырым тек қазақтарда бар десеңіз, қателестіңіз. Шет елдерде де түрлі наным-сенім бар. Қарап отырсақ, оларда да тәрбие құралы және ақылға сыймайтын ырымдар деп бөлінетін секілді. Мысал келтіріп өтейік, грекиялықтар біреуді мақтамас бұрын үш рет түкіріп алады екен. Көз тимесін деп түкіру бізге де жат емес. Ал, бір елде бұл құқықбұзушылық болып табылады. Сондай-ақ, гректер үйіне келген қонаққа міндетті түрде ішімдік ұсынуы қажет. Олай етпеген жағдайда «тәрбиесіз» деген жаман атқа ие болады. Ал, келген қонақтың шашын тарауы үй иесін сәтсіздікке ұшыратар бірден-бір себеп делінеді. Таиландтықтар бір-біріне сәттілік тілегенін көшеде су шашып білдіреді. Немістер мерекені көңілді қарсы алу үшін креслодан секіреді екен.
«Әр елдің салты басқа» деген осы. Бірі қызық болса, бірі ойға сыймайтындай. Қай жағынан қарасақ та, қазақтың дәстүрі, салты, ырымы ерекше. Себебі, біздің ата-бабаларымыз ұрпағын тәлім-тәрбиеге үндейтін әдет-ғұрып қалдырған.
«Ырымға сенсең, үйде отыр» деген де бар. Бірақ дәстүр мен салтты жоғалтуға әсте болмайды. Тек дәстүр, ырым, сенім деген ұғымдарды өзара ажырата білсек болғаны. Ұрпағын «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген қазақтың «Алла қаласа», «Алла сәтін салса» деген жақсы сөздері барын да естен шығармаған абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ