Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымға толы 30 жыл

Тағылымға толы 30 жыл

Қызылорда қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі – Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында лицей-интернатының 30 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтілді, деп хабарлайды Сыр бойы.

Білім ордасының 200-ден аса ата-анасы қатысқан мерекелік шараға облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры вице-президенті Қуат Қожахмет, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мырзағалиева мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева және «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы мен 1997 жылдан бастап осы кезге дейінгі түлектері қатысты.

Мерекелік шарада басқарма басшысы білім мен тәрбиенің таразысын тең ұстап, аймақтағы мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарына жетекшілік жасайтын оқу ордасының мерейтойымен құттықтап, тарихына тоқталып өтті.

Білім ордасының 30 жылға жуық уақыты, атаулы 3 белесі аймақ тұрғындарының тікелей назарында болды. Алғашында “Қазақ-түрік ер балалар лицейі” атауын арқалаған оқу орны кейіннен “№9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты” болып өзгерді. Өткен жылдан бастап лицей-интернатқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.Шаухамановтың есімі берілді. Білім бәсекесінде оқ бойы озық тұратын баламасыз тәжірибесі бар лицей-интернатының ұжымын мерейтойлаоымен құттықтаймын! Сіздерге шәкірттерді ғылымға баулу, бала тәрбиелеу мен оқытуда білім беру саласын жетілдіру ісін жемісті жалғастыра білгендеріңіз үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ардақты азаматымыздың асқақ есімін арқалаған дарынды балалардың лицей-интернатының бағындырар белестері, алар асулары көп болсын!, – деді басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы.

Салтанатты жиында №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ұжымы мерейтой қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов пен облыстық білім басқармасының, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің “Алғыс” және “Құрмет” грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры вице-президенті Қуат Қожахмет білім ордасының директоры мен бірқатар қызметкеріне арнайы 30 жылдық төсбелгісін табыстады.

Мұнан соң, лицей-интернаттың 30 жылдық мерейтойына орай «Білім-инновация» түлектері және «AKTEL» түлектер ассоциясының мүшелері өздері түлеп ұшқан білім шаңырағына 20 млн теңге және үздік оқытушыларға 1 млн теңге қаржылай сыйақылар табыстап, бағалы сыйлықтарды тарту етті.

Айта кетейік, Ел Тәуелсіздігі тарихымен бірге жасасып, білім бәсекелерінде оза шауып, бәйге алатын шәкірттер шоғырын тәрбиелеп отырған лицей-интернаттың 30 жылда жеткен жетістіктері өте көп. Атап айтқанда, лицей-интернатты осы кезге дейін 1139 оқушы бітірсе, оның 163-і «Алтын белгі», 242-сі «Үздік аттестат» иегері атанған. Сондай-ақ, дарынды балалар халықаралық пән олимпиадаларынан 63, республикалық олимпиадалардан 155, облыстық олимпиадалардан 681, халықаралық ғылыми жоба жарыстарынан 101 оқушы, республикалық ғылыми жоба жарыстарынан 21, облыстық ғылыми жоба жарыстарынан 212 оқушы жүлдегер атанған. Ал 22 оқушы еліміздің «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдердің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алып бұл күнде еліміздің экономикасын дамытуда табысты еңбек етуде. Бұдан бөлек, лицей-интернат қатарынан бірнеше жылдан бері «Ең үздік олимпиадашы мектеп» номинациясына қол жеткізіп келеді.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
05 маусым 2023 ж. 213 0