ЖОО-ларда оқыту тіліне қарамастан Кәсіби қазақ тілі пәні енгізілуі мүмкін
Жоғары оқу орындарында оқыту тіліне қарамастан, «Кәсіби қазақ тілі» пәні енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының қазақ тіліндегі заңнаманың сапасын арттыру туралы сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-Премьердің сөзіне қарағанда, термин түзуге маманданған ғылыми секциялар құрылмақ.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ғалымдар тартылатын салалық терминологиялық секциялар құру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл шара Республикалық терминология комиссиясы бекітетін терминдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Терминологиялық секциялар кейіннен нормативтік терминологиялық сөздіктерді әзірлеу жұмыстарына да тартылады», - деп жалызған жауапта.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, жоғары оқу орындарында «Кәсіби қазақ тілі» пәні енгізілі мүмкін.
«Министрлік мектеп терминологиясын дамыту, ресми құжаттардың стилистикасын жетілдіру, оқыту тіліне қарамастан жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Кәсіби қазақ тілі» пәнін енгізу, сондай-ақ қазақ тілінің ғылыми, ресми-іскерлік стильдерін дамыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін пысықтауда. Жалпы, аталған бағыттағы жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілетін Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында көзделген.