85 жастағы қызылордалық марафоншы тың жүруінің сырын бөлісті
Қызылорда облысының Қазалы ауданында 85 жастағы марафоншы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аққоян Рсалиев ұзақ қашықтыққа жүгіруді жастайынан бастаған. 40 жыл темір жол саласында тер төккен қария спорттан бір сәтке де қол үзбеген. Бірер күн бұрын ғана Алматыда өткен дәстүрлі жалпыхалықтық марафоннан жүлделі оралып отыр. Жасы ұлғайса, ширақ болудың сыры неде?
Сексеннің бесеуіне келсе де, өзін сергек сезінетін Аққоян Рсалиевтың ондаған медалі бар. Үйінің төрінде ілініп тұр. Ал мына мойнынан тастамай жүргені бірер күн бұрын Алматыда еншілеген жүлдесі екен. Зейнетке шыққалы 18 рет марафонға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген. Мұндай жетістікке күнделікті жасаған жаттығудың нәтижесінде қол жеткіздім, - дейді қария.
Аққоян Рсалиев, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- Азанда ерте тұрып, 30 шақырымға дейін жүріп қайтам, жүгіріп қайтам. 3 айналым жасаймын. Стадионға келіп, гимнастика жасаймын, шаршамау үшін өзімнің дистанциямды ұстаймын. Өйткені дистанцияға отырсам, 3 шақырым «уклонда» тез жүгіремін, 4 шақырым түзу жолда уақытты теңгеремін. Сағатқа қарап отырамын. 18 жыл марафонға қатыстым. 4 рет бірінші орын. Қалғандары – үшінші екінші орындар.
30 шақырымды алқынбай бағындыратын ақсақалды шетелдегі спорттық шараларға да шақырып тұрады екен. Осыдан 3 жыл бұрын Түркияның Анталия қаласында алтыннан алқа тағынуы соның дәлелі болса керек. Қарт марафоншы жастарға да ерекше көңіл бөледі. Стадионда солармен бірге жаттыға жүріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды.
Досымжан Камаладдин, оқушы:
- Көп деген ақылдарын, бәрін айтады. Қалай жүгіретінін, қалай денені тік ұстайтынын, бәрін айтады. Жеңіл болу үшін. Үлкен қарт кісіге мүмкін емес жағдай.
Айдос Мейірімхан, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- Осы стадионның көркін ашатын осы – Аққоян аға. Кейде кешке, күндіз Аққоян ағамен бірге жаттығамыз осы жерде. Өзінің тәлім-тәрбиесін беріп, ақылын айтып, жүгірген кезде қандай жылдамдықпен жүгіру керек, қандай жылдамдықты сақтау керек, тепетеңдік қалай сақтау керек, барлық ақылдарын айтып отырады. Бірге жүгіріп жүріп, әңгімесін айтып.
Аққоян Рсалиев жеті жасынан спорттың футбол, күрес, бокс, шахмат түрлерімен шұғылданған. Өзінің жүгіруге деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. Әскерде десатшы болуының да бір себебі дене дайындығына байланысты болғаны анық. Қазірде немерелеріндей спортшылардың ортасынан жиі төбе көрсетуі салауатты өмір салтына құрылған өнегелі өмір жолын жастарға үлгі етсем деген ниеті екен.
Авторлары:
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамед Байділдаев.