Шаш күтіміне керек кеңес
Көктем келгенде жер дүние жаңарып, табиғат әсем түрге енеді. Бұл кезде адамдар да бейнесінде өзгерістер болғанын қалайтыны рас. Мұндайда кейбірі шаш үлгісін түрлендіреді, енді бірі жаңа түске бояйды. Расында шаш бояу адамға жаңаша серпін береді. Bugin.kz тілшісі боялған шашқа қалай күтім жасау керегі жайлы кеңестер ұсынады.
1. Боялған шаш ерекше күтімді талап етеді. Енді ғана түсін өзгерткен шашыңызды 72 сағаттан кейін ғана қайта жуу керегін еске саламыз. Бұл кезде ескеретін бір дүние: шашыңызды тым ыстық сумен жумаңыз. Өйткені судың температурасы бояудың күшін әлсіретеді. Сондықтан салқын не жылы су ғана пайдаланған жөн.
2. Ай сайын шаш ұштарын қиып жүріңіз. Сонда шаш шатаспайтын болады.
3. Шашыңызды сусабынмен мұқият жуғаннан кейін, кондиционерді қолданыңыз. Шаштың ұшы жиі зақымдалатындықтан, сол жерге көбірек жағу керек.
4. Шашты толығымен жуғаннан кейін оны ақырын сүрту керек. Бірақ сүлгімен сүртуге болмайды, алақанмен кептіру керек. Бұл әдіс шашқа мүмкіндігінше ылғалды сіңіруге мүмкіндік береді.
5. Егер фенмен кептірер болсаңыз, шашыңызды сәл дымқыл күйінше қалдырған жөн.
6. Шашқа тістері сирек тарақ қолданыңыз. Мұндай тарақтардан шаш аз түседі.
7. Ешқашан термобұйралағышты қолданбаңыз, Қатты қызатындықтан, жоғары температура шаш құрылымын бұзады. Оның орнына шаш кептіргіш пен сәндеу тарағын қолданған дұрыс.
8. Шашты сәндеуге көмектесетін құралдарды өте мұқият таңдаңыз, өйткені көбісі шашқа жақсы әсер етпейді. Мамандар гельді жиі қолдануға кеңес бермейді.
9. Шашты енді бояған кезде күншуақ жерде болуға қатаң тыйым салынады. Себебі күн сәулесінен шаш күйіп кетуі мүмкін. Бас киім киіп жүруге тырысыңыз.
10. Шаш жуғанда сульфатсыз сусабын мен кондиционерді қолданғаныңыз абзал. Өйткені сульфаттар шашты құрғатып, сынғыш етеді, тіпті тез түсуіне де әсер етеді.
11. Шашты тамырдан ұшына дейін толығымен жылына екі реттен артық боямау керек.
Күнделікті осындай процедураларды орындағаннан кейін ғана сіз оң нәтиже көресіз. Алайда оңды-солды шашты бояй беруге де болмайды. Мамандар егер шашыңыз табиғи қара, қою қоңыр түсті болса, онда өзге түске ауыстырмауға кеңес береді. Ал шашыңыз табиғатынан ашық түсті болса, керісінше, қара түске бояп тастамағаныңыз жөн.