Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарауық намазы жайында не білеміз?

Тарауық намазы жайында не білеміз?

Мерзімді баспасөз жаңалық таратумен қатар ағартушылық қызмет­ті де қатар атқарады. Осы орайда қа­сиетті айда ораза ұстаған оқыр­мандарымыздың тарапынан­ түскен ұсыныстарды ескеріп, аудан­дық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлымен бір­лесе «Сұраңыз, тү­сін­діреміз!» айдарын қолға алдық. Бұл жобада біз оқырмандар тарапынан түскен сұрақтарды зерделеп, шариғат заң­дылықтары бойынша жауабын бе­ретін боламыз. Мәселен, бүгін тара­уық намазы туралы шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Тарауих намазының үкімі және қасиеті туралы айтсаңыз.

– Сөздікте демалу деген мағынаны білдіретін тарауих, діни термин ретінде Рамазан айында құптан намазымен үтір намазының арасында оқылатын нәпіл намазды білдіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл намазды сахабаларымен бірге жамағатпен оқып, олардың ықыласының ашылуын көргенде парыз болып қала ма деп қорқып, оны әрі қарай жалғыз оқыды. Пайғамбарымыз тағы да: «Кімде-кім Рамазан намазын (тарауихты) иманмен және сауабын Алладан тілеп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Осылайша, жұртшылықты тарауих намазын оқуға ынталандырды. Осыған байланысты тарауих намазы ерлер мен әйелдер үшін сүннет-и муаккада болып табылады. Тарауих намазын төрт ракағатта бір сәлем беріп оқу рұқсат болғанымен, екі ракағатта сәлем беріп оқу абзал. Бұл намаздың әрбір төрт рәкәғатының соңында біраз уақыт отырып, демалу – мұстахаб. Бұл демалыстарда тәхлил (лә иләһа иллаллаһ деп айту) және салауат айту дұрыс.

– Тарауих намазы қанша ракағат?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оқыған тарауих намазда­рының қанша ракағат екендігі жөнінде ортақ пікір жоқ. Оның үтірді қосқанда жиырма үш ракағат тарауих­ оқығаны туралы кейбір риуаяттар болса да ғалымдар бұларды әр түрлі жеткізген. Сондықтан осыған байланысты Айша анамыздың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазан айындағы түнгі намаздар туралы хадисінен және Хазіреті Омардың тарауих намазын жамағатпен оқуды бастауы туралы хабарға сүйене отырып қорытынды жасауға тырысқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазандағы түнгі намаздары туралы сұрағанда, Айша анамыз: «Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айында және Рамазаннан басқа түндерде он бір рәкағаттан (нәпіл намазды) артық оқы­майтын», – деді. Басқа бір риуаятта бұл сан он үш деп айтылады. Біріншіден, бұл хадис тарауих намазы туралы екені белгісіз. Екінші жағынан, Айша анамыздың Алла елшісінің Рамазан айында және Рамазаннан басқа түндерде он бір немесе он үш рәкат намаз оқығанын айтуы тарауихтен бөлек үздіксіз оқитын түнгі намаздың бар екенін көрсетеді. Негізінде Құран Кәрімде де: «Түн­нің бір бөлігінде оянып, сендер үшін нәпіл намазды орындаңдар. Раббың сені мақтаулы дәрежеге жібереді деп үміттенеміз» делінген. Жоғарыда айтылғандардан сөз қозғалған сұрақ Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) басқа құл­шылықтарындағыдай түнгі намаздардың көбейгенін анықтау туралы сұралғанын және оның тарауих намазына еш қатысы жоқтығын түсінуге болады. Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айында құлшылыққа басқа айларда кездеспейтін күш салатын. Рамазан айының соңғы он күнінде ол әлдеқайда көп күш көрсетті. Соңғы он күнде түнді жаңғыртып, отбасын оятатын». Хадис бұл пікірді қуаттайды. Тарауих намазы, Хазреті Омар Хазреті Осман және Хазреті Әли дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін жамағатпен 20 ракағат болып оқылады. Сахабалардан ешкім бұған қарсылық білдірмеді және оны ғалымдар солай қабылдады. Қазіргі таңда қасиетті Мекке және Мадина мешіттерінде және де көптеген ислам елдерінде,біздің елімізде тарауих намазы жамағатпен 20 рәкат болып оқылады. Алайда тарауих намазы нәпіл құлшылық болғандықтан, оны парыз деп есептеу дұрыс емес екенін де айта кеткен жөн. Осы себепті шаршау, жұмысбастылық және осыған ұқсас себептермен тарауих намазы үйде 8, 10, 12, 14, 16 немесе 18 ракағат оқылса, сүннет орындалады. Бірақ жамағатқа қосылуға тырысқан дұрыс.

– Тарауих намазын жамағатпен оқудың үкімі қандай?

– Нәпіл намаздарды жалғыз оқу абзал болғанымен, тарауих намазын жамағатпен оқу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) амалымен бекітілген. Негізінде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тарауих намазын жамағатқа бірнеше рет оқыды, бірақ кейін парыз болатынын ойлап, оны жеке оқыды. Омар халифа болғаннан кейін халықтың тарауих намазын шашыраңқы түрде оқып жатқанын көріп, оны қай­тадан жамағатпен оқыған дұрыс деп ойлап, бұл намазды тағы да жамағатпен оқуды сахабалармен ақылдаса бастады. Адамдардың бұл намазды қуанып оқып жат­қанын көргенде: «Бұл қандай әдемі әдетке айналды» деп ризалығын білдіреді. Хазреті Әли: «Омар біздің мешіт­терімізді тарауих намазымен нұрландырғанындай, Алла тағала Омардың қабірін нұрландырсын» деді.

– Әйел адамдар тарауих намазын мешітте оқы­са бола ма?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әртүрлі жағдайларда әйел­дердің мешітке келуге болатынын, бірақ олардың үйдегі құлшылықтарының артық екенін айтып: «Әйелдердің ме­шітке баруына кедергі жасамаңдар. Бірақ үйлері олар үшін жақсырақ» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерге мешітке баруға рұқсат бергені, тіпті Айт мерекесінің қуанышын сезіну үшін жамағат бірге тойлайтын Рамазан, Құрбан айт мейрамдары сияқты қуанышты күндерде айт намазына келуге шақырғаны белгілі. Дегенмен, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мешітке келетін әйелдерге біраз кеңес берді. Олардың көзге көрінетін киінуіне және хош иіс себі­нуіне тыйым салған. Осыған сәйкес, әйелдердің үйде намаз оқуы абзал болғанымен, қажетті ескертулерді та­нытқан жағдайда парыз және тарауих намаздарын ме­шітте жамағатпен оқуының еш зияны жоқ.

Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 наурыз 2023 ж. 208 0