Қазақ тілі сабағындағы оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастырудың тиімді жолдары
«Жан дүниесінде тілді үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, жазсын, оқысын, тілге үйренсін».
Ж.Аймауытов
Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру –үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Сондықтан қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын, қазіргі қолданып жүрген пән ерекшелігіне қарай қолдана білу оқыту үрдісінде мақсатқа жетудің бірден-бір жолы. Өз тәжірибемде, оқыту барысында алдыма қойған мақсатым – баланы субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның басты ерекшелігі – оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау, сөйлеу дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесінде бірлесе әрекет ету.
Қазақ тілін оқыту барысында қазақ тілінің қыр-сырын, табиғатын таныта отырып, ертең өмірден өз орынын таба алатын, өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірибені байыта түсу – бүгінгі таңның басты мәселесі. Бірлескен іс-әрекетке негізделген оқытуды тиімді пайдаланған жағдайда келесі нәтижеге қол жеткізуге болады:
– оқушының оқуға деген қызығушылығының артуы;
– іскерлік дағдысының дамуы;
– өзіне деген сенімділігінің қалыптасуы;
– өздігінен оқып негізгі түйінді ойды анықтап алуы;
– мақсатқа өз бетімен ұмтылуы;
– ойлау белсенділігінің артуы;
– шығармашылық дағдысының қалыптасуы;
– өзіндік пікір айтуы.
Оқушыларға қазақ тілінен тілдік дағдыларды қалыптастыруда ең алдымен айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым әрекеттеріне баса назар аудару керек. Оқушылардың сөйлесім әрекетін мәдениетаралық қатысым құралы ретінде меңгеруіне ықпал ету маңызды. Сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыру – оқушы бойында дағдыларды қалыптастыруда ұтымды тәсіл. Бала тілінің дұрыс дамуына баса назар аударған жөн.
Айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым дағдыларын дамыту арқылы тілді еркін игере алады. Сондай-ақ алған білімдерін өмірде қолдануға бейімделеді. Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады.
Қазіргі кезеңде өзекті мәселе ретінде мемлекеттік тілді үйрету болып табылады. Яғни, өзге ұлт өкілдеріне қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын таба білу және оқушылардың білім сапасын арттыру ең басты мәселе болып отыр. Сонымен қатар алдымызда отырған оқушылардың Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін сезінуі қазіргі таңдағы басты мәселеге айналды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен тілдік дағдылардың қалыптасу қағидалары мыналар:
– Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру қағидасы;
– Ортақ тақырыптар аясында пәнаралық байланысты жүзеге асыру қағидасы;
– Оқу әрекетін қалыптастыруды оқушы дамуының басты шарты ретінде қарастыратын дамыта оқыту қағидасы;
– Оқушылардың қимылдық, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділігін және өз беттерімен жұмыс істеу біліктерін дамыту қағидасы.
Сөзімнің соңын қорытындылай келе, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
Қаражанова Фарида Бектібайқызы,
№210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
№210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі