Шаруаға ширақ отбасы
Тереңөзектік Тасқынбаевтар отбасының әрбір мүшесі бірнеше кәсіпті жетік меңгеріп, жергілікті халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Күні-түні дамыл таптайтын Мұхтар Тасқынбаев пен Жанат Досмағанбетова мал шаруашылығымен қатар құс өсіруді, омартамен айналысуды қолға алған. Әрбір кәсібіне жан бітірген олардың еңбегі еш кетпейтіні рас. Себебі, кәсіп иесінің жасаған табиғи өнімін тапсырыспен алдыратын жергілікті халықтың қарасы мол.
Осыдан 20 жыл бұрын құс шаруашылығын қолға алған отбасында түйетауық пен қазақы тауық асырау жолға қойылған. Әр жылы тауық асырауға машықтанған Мұхтар Тасқынбаев алғаш ақ тауықты өсіруге қызығушылық танытқан. Маусым сайын 60-тан аса балапан басып шығаратын қазақы тауық ерекше күтімді қажет етеді. Өткенде тосыннан келген дертке шалдыққан 200 тауығынан айырылған Жанат апай сақтық іс-шарасын қатаң бақылауда ұстайтын көрінеді.
– Жұртшылық тауық асыраудың оңай шаруа емес екендігін жақсы біледі. Еңбекпен баққан тауығымыз бір тәулікте қырылып қалғанда барынша қапаланған едік. Үнемі қорамызға залалсыздандыру жұмысын жүргізіп, әктеп, арнайы от жаққыш құрылғымен қыздырып отырамыз. Сонымен бірге тауыққа берілетін дәрумен мен арнайы дәрі-дәрмек қоры жасақталып отырады. Кез келген жергілікті тұрғын тауықтың жұмыртқасын көптеп сұрайды. Сонымен бірге салмағы 1,5-2 келі тартатын тауық етінің пайдасын тұтынушы біткен анық аңғара білген. Біз сан тарапқа бөлінген кәсібіміздің ішінде құс шаруашылығы болғанына бек қуаныштымыз. Әрдайым тауық асырау барысында өзімізге демалыс аламыз, – дейді Жанат Досмағанбетова.
Шаруа біткенді баласымен бірлесіп жасайтын Мұхтар аға 10 жылдан аса уақытта омарташылық кәсіпті игеріп келеді. Осы уақытта бал арасының күтімін жасайтын қария қиыншылығы мол кәсіпті барлық жағынан өркендету үстінде. Биыл 26 жәшік отбасынан бал өндіріп отырған қария балдың бірнеше түрін шығарады.
– Өткен жылы ауа-райының қолайлы болуына байланысты балдың шығымы жоғары болды. Ара жаңбырлы күні гүлден керекті қорегін жинап, мол өнім алуға жағдай жасады. Араның орналасу орнына аса мән берген дұрыс. Кейде бір отбасының қырылып қалуы әбден мүмкін. Осындайда бал өндіру технологиясына аса мән береміз. Омарташылық кәсіпті жасаудың өзіндік қиыншылығы кездеседі. Өзге қаладан бал өніміне тапсырыс беретін тұтынушының шоғыры қалыптасқан. Табиғи өнімді тұтынған көпшілікке дән ризамыз. Жастайымыздан адалынан қызмет етуді мақсат еттік. Ендігі жерде осы кәсіпті балаларым игеріп кетсе жақсы болатын еді, – дейді Мұхтар Тасқынбаев.
Қажыр-қайратын жаны қалаған іске арнап келе жатқан кәсіпкер қой өсіруді де әдетке айналдырған екен. Ораза, айт секілді діни мерекеде қой алушылар қатары көбейеді. Әр маусымда қой жүнін қырқып, салмақ қосуына барлық жағдай жасайтын ел ағасының шаруасы шаш етектен. Осының барлығын игеруге күш-қуат керектігі жасырын емес. Жылқы мен сиыр ұстайтын шаңырақта ағарған арылмайды. Өрістегі малына қарайлап тұратын отбасындағы әрбір жан нағыз адал еңбектің арқасында мол табысқа қол жеткізіп отыр.
– Шын мәнінде, бірнеше кәсіпке үлгеру үшін таң азанымен жұмысқа кірісеміз. Қорадағы сиырды сауып, сүтін кәдеге жарату – басты орында тұрады. Апаларың айран пісіп, сары май алады. Сонымен бірге құрт қайнатуды негізгі жұмысына айналдырған. Жылқыны бордақылап, қазы айналдырамыз. Қарынына ет салып, ұлттық тағамға дайын түрінде сатамыз. Осының барлығын жасау үшін қол еңбектің рөлі зор. Қай кезде де ағарған бар жерде береке орнайды. Ауызы аққа тиген жұртшылықтың рақметінен қанаттанамыз. Шындығында, мал шаруашылығына бейім жастың бойында жалқаулық болмайды. Өз басым мал бағудан ысылған адаммын, – дейді қазыналы қарт.
Жылдың төрт мезгілінде де үйден ағарған үзілмейді. Жанат апа дәмі тіл үйіретін құрт пен ірімшіктің сан түрін әзірлейді. Бір ауланың ішінде 40-50 тауық, өрістен келген бұзаулы сиыр, бордақыға байланған жылқы, иесіне маңғаздана қараған қой, гүлден бал жинаған ара Мұхтар аға мен Жанат апаның күнделікті ермегіне айналған. Тауыққа жем шашу, жылқыға бірнеше мезгіл су беру, ара жәшігінің орнын ауыстыру күнделікті жауапкершілікке кіреді.
Айта кетейік, Мұхтар аға мен Жанат апа – 3 ұл, 1 қыздан 10 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Ер азаматының шаңырағына 44 жыл бұрын келін болып түскен Жанат Досмағанбетова 42 жыл табан аудармастан аудандық ауруханада балалар медбикесі ретінде қызмет етті. Осыдан 2 жыл бұрын зейнетке шыққан ардақты ана үй шаруасымен бірге немерелерінің тәрбиесіне көңіл бөледі.
– Жолдасым Мұхтар – ішкі істер органдарының ардагері. Құқық қорғау саласында абыройлы қызмет етті. Өзім жаңа босанған кішкентай нәрестені бақылауда ұстап, барынша денсаулығының дұрыс болуына көңіл бөлдім. Жауапкершілігі мол қызметте жүргенімде мыңдаған сәбидің дүниеге келу сәтіне куә болдым. Балаларым темір жол саласында қызмет етсе, бір келінім дәрігер, екіншісі бала күтімімен үйде отыр. Ал қызымыз Лаура Ақтау қаласында тұрады. Ол терапевт-дәрігер, қосымша жеке дәріхана бизнесін қолға алған. Шүкір, балалар есейіп, өз алдына отау болғанына қуаныштымыз. Қазіргі уақытта үйдегі шаруаның барлығына немерелерім жарап тұр, – дейді көп кәсіпті дөңгелеткен Жанат Досмағанбетова.
Отбасылық бизнесті дамытып отырған жаңдарға кәсіптеріңіз берекелі болсын дейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ