Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әкем редактор болған...» кездейсоқ кездесуден кейінгі ізденіс

«Әкем редактор болған...» кездейсоқ кездесуден кейінгі ізденіс

«Қазақпыз десек өзімізге тиеді...». Осы бір қазақы қоңыр дауыс құлағыма жақын естілгендіктен жалт қарадым. Әлгі сөзді айтқан кісі бойынан тектілік те, қарапайымдылық та байқалатын, 65-70 жас шамасындағы әйел екен. Сұраулы жүзбен бұрыла қарағанымды аңғарған болуы керек әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

Әлгі сөзді көпқабатты тұрғын үй­лер­дің арасында таңертеңнен бас­тап ащы су ішіп, алтын уақытын зая кетіріп жүрген қазақ азаматтарына қарата айтыпты. Төңірекке мән беріп көзбен шолып шығып едім, расында да екі кісі мұздай те­мір­дің үстінде шөлмекке телміріп отыр екен... Қазақ болған соң әрі ая­дым, әрі іштей ұялдым. Әрі қарай әң­гімеміз жол үстінде жалғасты.

Кездейсоқ кездесіп қалғанымыз болмаса бұл кісіні бұрын-соңды көрмегенмін, танитын кісім емес. Барар бағытымыз бір болуы керек, жолай әлгінде айтқан сөзін сабақтай түсті.

– Арақ деген жаман нәрсе, қал­қам. Өзі аз қазақтың сапасын құр­татын болды бұл кесапат. Арақ-шарап ішпе, ол барлық жамандық атау­лының бастауы, – деді.

Сонан соң өзінің отбасы, бауырлары туралы айта бастады. Айтуынша, аға-інілерінің ешқайсысы арақ-шарап ішпейді екен. Көпбалалы отбасынан шығыпты, әкесі де, анасы да жақсы тәрбие, тәлім беріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырыпты. Әр сөзін қуаттап, әңгімесін ықыласпен тыңдап келемін. Жолымыз екіге айрылар тұсқа жақындағанда ардагер ана қайда тұратынымды сұрады. Мен Тереңөзектің тумасы екенімді айтып, қалаға жұмыстармен кел­генімді жеткіздім.

«Тереңөзектікі болсаң, менің әкем Тереңөзекте редактор болған» деп айтып қалды әлгі кісі. Бірден «Әкеңіздің есімі кім, мен тануым керек» деп кілт тоқтадым. «Сен жассың ғой, оны қайдан танисың, ол кісі соғыстан кейінгі жылдары редактор болған» деп төңірекке көз тастады кездейсоқ кездескен кісі. Мен Тереңөзектің аудандық газетінің қазіргі редакторы екенімді, қалаға жиналысқа келгенімді айтып, өзімді таныстырдым. Ардагер ана жылы жымиып, «Бізді өмірдің өзі кездестірді, жүздестірді, жолымызды түйістірді» деп әп сәтте бұрыннан таныс адамдай етене жақын сөйлесіп кеттік.

Біздің Сәуле Смайыловамен Қы­зылордадағы «Ақмешіт» мөлтек ау­данындағы көпқабатты үйлердің арасындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдағы күтпеген кезде­суіміз осылай басталды. Тарихтан сыр тартып, сұхбат құруымызға осылай күтпеген жерден жол ашылды. Бәлкім, бұл кездесуіміз табал­дырығы – төр, төрі – тұғыр болған аудандық газет редакциясында қиын кезеңдерде еңбек еткен қай­раткер-тұлғалар рухының бізді желеп-жебеп жүргені шығар...

Смайыл Ақжігітов... Бұл есімді мен алғаш рет 2014 жылы оқығанмын. Ол кезде аудандық газеттің тілшісі едім. Жұмыстан соң газет тарихы жөнінде редакцияда бар дүниелерді ақтарып, қажет тұсын түртіп аламын. Ол білімімді кеңейтуге, тәжірибемді толықтыруға керек. Бүгін міне, осыдан он шақты жыл бұрын шама-шарқымша зерттеп, зерделеген тұл­ға туралы тереңірек жазуға мүмкіндік туып тұр.

Әуелі қармақшылық әріптес­теріме, «Қармақшы таңы» газе­ті­нің қызметкерлеріне хабарласып, белгілі қаламгер Шегебай Құн­дақ­баевтың телефон нөмерін сұ­радым. Бірден табыла қойды. Бұл кісіні іздеуім бекер емес. Қаламгер өткен жылы Смайыл Ақжігітов туралы кең көлемді мақала жазған болатын. Оны «Қармақшы таңы» газетінен оқып, басылымның бір данасын редакцияның ардагерлер бөл­месіндегі сөреге сақтап қойған едім.

Шегебай ағайға хабарласып, амандық-саулық сұрасқаннан соң соғыс жылдарынан кейін біз­­дің ауданның ғана емес бірне­ше ау­данның газетіне жауапты редактор болған Смайыл Ақжігітовтің қызы­мен Қызылорда қаласында кез­дейсоқ кездесіп қалғанымды айттым. Қаламгер ағамыз саналы ғұ­мырын шығармашылық, ағарту­шы­лық қызметке арнаған текті азамат қой. Менің бұл хабарыма қуанып, жақсылыққа балап, жазғым келген дүниенің жемісті болуына сәттілік тіледі. Сөйтіп, қолға қалам алып, бүгінде «Тіршілік тынысы» атауын иемденген газеттің сонау 1946-1950 жылдардағы жауапты редакторы болған Смайыл Ақжігітов туралы мәліметтерді іздестіре бас­тадым. Байқағандарыңыздай 1946 жылдан бері бірнеше буын ауыс­ты, әрі біз Тәуелсіздіктің түлегіміз, жаспыз. Сондықтан С.Ақжігітов өмірде көрген, кездескен кісім емес. Сол себепті мақала жазу барысында естеліктер мен қолда бар ақпараттарға көп сүйендім.

Шегебай Құндақбаев ағай көп ақпарат біледі екен. «Жетпісінші жылдың көктемі жаңбырлы болды. «Сегіздің тақыры» деп аталған жазықтың түстік бетіндегі «Аққыр» жалы оңтүстік батысқа қарай созылып, Жаңадарияға жақындағанда «Еламанның» тұсынан терістікке бұрылады да, «Құндақбай бұлақ» тұсынан өте тұйықталады. Етегі бір жарым шақырымдай жерге төмендей созылып барып майда құмаққа ұласып кетеді» деп әңгі­мені әріден бастады ардагер. Құлақ түріп, әр сөзін қағазға түсіріп отырмын.

«Осы жылы құмақ жиегінде тө­бенің етегіндегі үйге жақындау жерде жас қозылаған саулықтарды бағып жүргем. Төңірекке қарасам, жалдың басына тіке шығып, асып түсетін жолдың бойында орна­ласқан екі үйдің орнындай ғана төм­пешіктің маңына шамасы автоклуб болуы керек, бір төңкерме машина мен бір су таситын машина бірін-бірі кезек сүйреп жетіпті. Енді етекке түсейін десе, қайтадан қалың батпақтан шыға алмасын біліп, құр­ғақ жерден ұзамауға бекінген сыңайлы. Қой қамарға әлі де біршама уақыт бар. Тұра берсе күн кешкіріп, қараңғы түсіп қалатынын ойлады ма, бір кісі төменге, үйге қарай жаяу келді. Әне-міне дегенше әлгі кісі батпақтап, қанаттай жайылған қойдың арғы басына жақындап та қалды. Елемеген кісі құсап бұдан әрі тұра берудің жөні жоқ, астымдағы мамыражай жайылып тұрған көкше құнанның басын тартып, ер үстінен ауыздықтадым да, қарсы жүрдім» деп жалғады әңгімесін Шегебай аға.

– Ассалаума әлейку-ум! – деп сәлем берген маған қарап, ұсынған қолымды алып жатып: – Уа әлейкум-с­­алам! Құндекеңнің баласысың ба? – деді бұрыннан танитын адамдай. Басында дөңгелек жиекті сұр­ғылт қалпақ, костюмның сыртынан етегі тізеден түсетін плащ киген кең маңдайлы, дөңгелек жүзді кісі бірден шаруаның жөніне көшті.

Аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі екен. Көк­темгі мал төлдету науқанында малшыларға мәдени қызмет көрсету жұмысымен ферма аралап жүрген көрінеді. «Коммунизм шамшырағы» га­зетінен де арнайы тапсырмасы бар байырғы тілші екенінен де хабардар етіп қойды.

– Жер батпақ. Төбе-төбенің басымен жол қуалап зорға жүріп ке­леміз. Анау екінші машинада ауылыңның партком хатшысы бар. Жол тауып, сол машиналарды үйге әкеле алсаң, жақсы кино қойып береміз, – деп қызықтырып та қойды.

«Ауылыңның партком хатшысы» деп отырғаны – шешемнің үлкен апасынан туған, маған бөле болып келетін Нағи апамның кү­йеуі. Смағұлов Тоқшылық деген кісі. Кеңшардың орталығына бар­сақ, түсетін үйіміздің бірі сол. Ақжар мектебінде орыс тілі, әде­биеті пәнінің мұғалімі еді, Қуаң­дария кеңшары құрылған соң аз уақыттан кейін осында парторг болып ауысқан. Кеңшардағы партия ұйымының хатшысын о кезде осылай атайды. Ал өзін Ақжігітов Смайыл деген ағаң болам деп таныстырды. Міне, біздің ең алғашқы кездесуіміз осылай басталды, – деді Шегебай аға.

Облыстағы бірнеше ауданда аудандық газетке жауапты редактор болып қызмет атқарғандықтан кіммен қалай сөйлесуді терең меңгерген болуы керек, Шегебай ағайдың айтуынша, Сма­йыл Ақжігітов әңгімешіл, адам жа­тыр­қамайтын ашық кісі болыпты. Мұнан бөлек Отан үшін от кешіп, немістермен болған қанды қырғынға бастан аяқ қатысқан майдангер екенін де айтып өтуіміз керек. Қолымыздағы деректер С.Ақ­жігітовтің Қиыр Шығыста жапондармен болған соғыс қимыл­дарына да қатысқанын дәлелдей түседі. Майдангер-қаламгер со­ғысқа дейін де, соғыстан кейін де әдеби ортада өзіндік орны бар азамат болған.

Оқырман қауым жақсы білуі керек, бірер жыл бұрын Аманжол Оңғарбаевтың ұйытқы болуымен «Сыр жур­налистикасының тарихы» атты бес томдық жинақ жарыққа шықты. Сол жинақтан аңғарғаным С.Ақжігітовтің авторлығымен жа­рия­ланған мақа­лалар Тереңөзек, Жалағаш, Қар­мақшы, Жаңақорған аудандық га­зет­терінің ескі тігін­ділерінде көп кездеседі екен. Осы ретте тағы да Ш.Құндақбаев ұсынған мәліметке зер салсақ, 1938 жылдың 5 қаң­тардағы «Екпінді» газетінің №2 санында «Мал санағын алуға болшевикше кірісейік» де­ген мақалаға «Смайыл» деп қол қойылса, «Көк­тем егісіне әзірлік жұмысы жақсы» деген мақала «Ақ­жігітіп» деп жарияланыпты. Ең­бек­шілерге қа­тысты немесе басқа да сол кез­дер­­дегі оқиғаларға бай­ланысты жан-жақты зерттеліп, са­рапталған С.Ақжігітовтің ма­териал­­дарын кейін шы­­ғып тұрған «Қы­зыл тудан» да, «Ком­мунизм шам­шырағы» газеті бет­терінен де көптеп кездестіруге болады.

– Бұдан аудан шаруашылығы­ның барлық саласындағы жетістік­тер­ді нақты көрсетіп, арасында жібе­рілген кемшіліктер болса сын сада­ғының жебесіне іліктіріп, фельетондатып қоятын қаламының желі бар журналистің оқырмандар арасында кеңінен танымал болғандығын байқау қиын емес.

Аудан экономикасы мен мәде­ниетін көтеру, білім, денсаулық саласы дейсің бе, шаруашылық сала­сының өркендеуі жолындағы түрлі жетістіктер мен жетімсіздіктер жө­нін­де керек пе? Сәкең көтер­меген тақырып жоқ бұл газетте. Қарапайым тілшіден редактор қызметіне дейінгі газет қыз­метіндегі барлық сатыдан өткен ол көтеріп отырған мәселесінің ың­ғайына қарай мақала, очерк, фель­етон сияқты жанрларды тиімді пай­далануға шебер еді. Қай салада қалам тербесе де оқырманға ой са­лып, шаруашылық пен өндірісте озат аталғандардың озық үлгілерін ортаға салып отыратын. Содан да болар, тәжірибелі журналисті қаламдас әріптестері құрмет тұтып, жас тілшілер өнеге ететін, – дейді Шегебай Құндақбаев.

Ендігі кезекте Смайыл Ақжігі­тов­тің өмірбаянына тоқталсақ. Қай­раткер-тұлға 1911 жылы Қармақшы ауданының Төрткүл ауылында ке­­дей-шаруа отбасында дүниеге ке­ліпті. Бұл – қазіргі Жаңажол ауыл­­дық округіне қарасты аумақ. Мектеп қабырғасынан орталау білім алған ол еңбек жолын қарапайым колхозшы болудан бастаған. Отбасы жағдайымен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болып, сонда 1932-1934 жылдар арасында ау­ыл­дық кеңес хатшысы қызметін атқарады. Өзінің жазу-сызуға бейім екенін байқатқан жас жігіт 1935 жылы Ырғыздағы екі жылдық Со­вет-партия мектебінің газетшілер тобында оқып, саяси білімін же­тіл­­­діреді. Газет қызметінің қыр-сы­рына осы жерде қанығып, халық шар­уа­шы­лығының түрлі салаларын­да мақала жазуға бет бұрады. Сон­дай-ақ редакцияға келген хаттарды сараптауға да машықтанады. Тиянақтылығымен, табанды­лығы­мен көзге түсіп, жақсы қыры­нан танылып, 1937-1941 жылдары туған жеріне келіп, аудандағы «Қы­зыл ту» газетіне қызметке орналасады.

С.Ақжігітов 1941 жылы Жалағаш ауда­нындағы «Күрішшілер» аудан­дық газетіне жауапты редактор болып бекітіледі. Ол кезде газет редакторы лауазымын «жауапты редактор» деген атпен атаушы еді. Тап осы жылы елімізге тұтқиылдан жасалып, талай жанды жалмаған әйгілі неміс-фашист соғысы басталып кетеді де, кеңес әскері қатарына алынып, Отан қорғауға аттанады. Соғыс кезінде Примор өлкесі, Ворошилов қаласында болғандығы жө­нінде мәліметтер қорғаныс істері бөлімінің мұрағаттарында кездеседі. Рота командирі қызметін атқарған деген дерек те бар. Кеңес одағы Жоғарғы Бас командашысы Генералиссимус Сталиннің 1945 жылғы 23 тамыздағы №372 Бұйрығы негізінде берілген «Қиыр Шығыстағы жапондармен соғыста үздік соғыс қимылдарын көрсеткені үшін» деген мазмұндағы алғыс хатынан 1945-1946 жылдары майдандағы ерлік істерін жапон соғысында жал­ғастырғандығын аңғаруға болады.

1946 жылы туған жеріне жеңіс­пен оралған С.Ақжігітов Терең­­өзек ауданының «Сталин жолы» газетінің редакторы болады. Кейіп­керіміз аудандық газеттің жауапты редакторы қызметін 1950 жылға дейін атқарады. Бұл туралы «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық жинақтың ІІ томында баяндалады. Соғыс жылдарынан кейінгі тұрмыс жағдайы, жергілікті халықтың әл-ауқатының төмен болғаны белгілі ғой. Мұндай қиын кезеңде шығармашылық іспен айналысу да зор жауапкершілікті талап етеді. С.Ақжігітов жауапты редактор ретінде соғыстан кейін еңсесі түскен елге серпіліс сыйлайтын, шабыт беретін мақалалар әзірлеуге көп күш салған. Елді еңбекке шақырып, бірлесе жұмыс істеуге ынталандыратын мақалалар әзір­леп, басылым бетінде тұрақты түрде жариялаған. Айта кету керек, бұл жылдары белгілі әдебиет зерт­теушісі Әлішер Тоқмағамбетов те аудандық газетке мақалалар ұсынып, ауданның рухани-мәдени, саяси-тәрбиелік даму жұмыстарын жақсартуға көп еңбек сіңірген. Осындай іргелі істердің басында жауапты редактор қызметін атқарған Смайыл Ақжігітов тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

«Сталин жолы» газетінің оқыр­ман қауымға ой салуы үшін тер төккен азамат 1949-1951 жылдары Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитеті жанындағы партия мектебінде де оқып, 1951-1957 жыл­дар аралығында Жаңақорған ауда­нындағы «Екпінді» газетінде редак­торлық қызмет атқарыпты. Бұдан кейін кіндік қаны тамған Қармақшы өңіріне оралып, аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде ауыл ша­руашылығы бөлімінің меңге­рушісі, Ақжар кеңшарында жұмыс­шылар комитетінің төрағасы, аудан­дық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметтерін атқарып, аудан еңбекшілерімен бірге нә­тижелі жұмыстар атқарған.

С.Ақжігітовтің елге еткен қызметі елеусіз қалмай түрлі марапаттарға ие болып, халқының сый-құрметіне бөленген. 1954 жылдың қыркүйек айында Жаңақорған аудандық газе­тінің редакторы ретінде облыстағы озат еңбеккерлер қатарында Мәс­кеу қаласындағы Бүкілодақтық ау­ыл шаруашылығы көрмесіне экскур­­­сант ретінде қатысуға жолдама алса, 1957 жылы №18 Карл Маркс сайлау округінен ұсыны­лып, еңбекшілер депутаттары Жа­ңа­­­қор­ған аудандық кеңесінің депутат­тығына сайланыпты. Сонымен қатар 1959 жылдың қаңтар айында КСРО Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, бірнеше мем­лекеттік және мерекелік медальдармен ма­ра­патталған.

Қоғам дамуына бір кісідей атса­лыс­қан атпал азамат отбасында да ардақты жар, өнегелі әке болған.

– Әкеміз 1984 жылы 13 қаңтарда дүниеден өтті. Анамыз Сапура Бегімбетовамен бірге бізге жақсы тәлім-тәрбие берді. Анамыз қазір 90 жаста, үйдің кенжесі Дәуірбектің қолында тұрады. Інім ІІМ академия­сын бітірген. Бүгінде арамызда ең үлкен апамыз ғана жоқ, ол кісі 2012 жылы бақилық болды. Зубайра көп жыл сауда саласында жұмыс істеді. Еділхан Алматы қаласында тұрады, білім, мәдениет саласында еңбек етті. Зәуре – білікті дәрігер, зейнетке шықса да еңбектен қол үзбей Талдықорғандағы «Қайнар» клиникасында жұмыс істеуде. Зухра – орыс тілі пәнінен сабақ береді, жоғары санатты ұстаз. Өзім ішкі істер саласында 35 жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шықтым. Есімхан мен Серік бауырымыз кәсіпкер болса, Ләйла облыстық денсаулық сақтау басқармасында жауапты басшылық қызмет атқарады. Уәлихан мұнай саласында, Гүлмира Байқоңырда денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Әкеміз ұл-қыздарым – бар байлығым деп отыратын еді. Бүгінде анамыз 34 немере, 38 шөбере, 19 шөпшек, 1 немене сүйіп отыр. Бәріне шүкіршілік етеміз, – дейді бізбен әңгімесінде Сәуле Сымайылқызы.

«Тарихты тұлғалар жасайды» делінеді халық даналығында. Бұл рас. Бүгінгі оқиға, еңбек – ертеңгі тарих. Ал тарих таразылануы, лайықты бағаланып, насихатталуы, дәріптелуі керек. Сол себепті мақаламыздың түйінінде оқырман қауым аудан баспасөзінің тарихында, даму белестерінде Смайыл Ақжігітовтей елеулі тұлғалар еңбек сіңіргенін білсе, жадында сақтаса деп аяқтағымыз келеді.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

14 ақпан 2023 ж. 312 0