Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоян жылынан не күтеміз?

Қоян жылынан не күтеміз?

Күнтізбенің тағы бір жылы аяқталып, жаңа жыл есік қаққалы тұр. Барыс жылынан кейін келетін қоян жылы тарихта қандай оқиғаларымен есте қалған? Халқымыз жыл атауын иеленген жануарға қандай сенім артады. Қоян жылы дүниеге келу нені білдіреді. Оқырмандарымызға қызықты мәлімет ұсынамыз.

Тарихи оқиғалар

Алдымен тарих қойнауына кеткен қоян жылдары болған оқиғаларға тоқталсақ. Ел есінде қуаңшылық, ауыртпалық, аса ауыр жыл ретінде есте қалған жыл екенін көнекөз қариялар ұмытпасы анық. Қазақ даласында жұт болып келген жалпақ қоян жұты 1867-1868 жылдары болған. Араға 12 жыл салып келген үлкен қоян жұты 1979-1880 жылдары болған. Сонан соң үлкен қоян жұты мен кіші қоян жұты да орын алса, 1915-1916 жылы тоқыр қоян жұты болып жазылған. Мал мен адам шығынына әкелген қоян жылындағы ең зұлматты зобалаң Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заман да 1723 қоян жылымен тұспа тұс келген.

Сезімтал жануар

Негізінен үй жануары саналатын қоянды  әлемнің барлық жерінен кездестіруге болады. Сақ құлақ қоян шапшаң келеді. Сағатына 70 шақырымды бағындыра алады. Ерекше тістері өмір бойы өсетіндіктен, оны қайрап алу қасиеті де бар. Інін 3 метрге дейін қазып алып, тез көбейеді. Ұрғашы қоян еркегіне қарағанда ұзақ өмір сүріп, бірден 20-ға дейін көжектей алады. Әдетте қорқақ қоян деп атағанның мәнісі де бар. Қолыңызға ұстап алсаңыз, қорқып жүрегі қатты соққаннан, жарылып өліп қалуы да мүмкін. Өмір сүру ұзақтығы 10 жылға да жетпейді. Ұзын құлақтарын судан қорғау үшін жауып алады. Себебі құлағына су кіріп кетсе, ауырып қалуы да ғажап емес. Өзге жануарлар секілді өзін қорғай да алады. Көздері нашар көргенімен, есту, иіс сезу қабілеті күшті.

Мейірбан қояндар

Қоян жылы дүниеге келген адамдар жыл иесі секілді өте сақ және ақылды келеді. Ақылына көркі сай, кездескен кедергілерді бағындыруға шамасы да, қабілеті де жетеді. Бақытты ғұмыр кешетін қоян жылғылар барлық мәселені бүге-шүгесіне дейін мән береді. Сырт көзге момын, тұйық болып көрінеді. Қоян жылғылар жанына жақындарынан ештеңені аямайтын жомарт жандар.

Сенімді серіктес

Қоянға тән қасиет – өзгені тыңдай білуінде. Жақсы әңгімелесуші әрі белсенді көмекші бола алады. Үйіне адал, ата-анасына шек­сіз мейірімді.

Бойында түрлі таланты жасырыл­ған­дық­тан олар барлық саланы меңгеріп әкете алады. Әсіресе, қаржы саласында айтулы табыс­қа жете алады. Олардан саудагерден бастап, мықты дәрігер де, заңгер де, шебер елші де шығады. Тұрақтылықты жаны сүйетіндіктен бір жерде тапжылмастан ұзақ жыл жұмыс жасайды.

Елең етер жаңалықтар

Астрологтардың болжамы бойынша сәт­­тілік әке­летін қоян жылында баспа­на­сыз жүр­­гендердің мәселесі оңынан шеші­леді. Көптен бері әлем елдеріне саяхат­қа шыққысы келетіндер ойланбас­тан жер жаһанды шарлауына болады. Ал елді елең ететін жаңалықтардың бастысы – әлеу­меттік мәселенің оң шешімі. Яғни, жастарға жеңіл­детілген несие 2,5 пайызбен берілу басталса, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы бірден 70 пайызға артады. Жалақысы көбейетідердің қатарын мұғалімдер мен балабақша педаг­огтері толықтырады. Жаңа жылдан бастап бұл саланың мамандары 25 пайызға артқан жалақыға ие болады.

Еліміздің зейнеткерлері де 1 қаңтардан бастап 10,5 пайызға артқан зейнетақыға қол жеткізеді. Бала күтімімен отырған аналардың қуанышы да еселей түспек. Енді оларға жәрдемақы төлемі баласы бір жарымға келгенге дейін ұзартылады.

Жаңа жылға жақсы сөз

Келіп жеткен жаңа жыл – қара су қоянның жылы. Мұндай үйлесімдік 60 жылда болатын құбылыс. Осыдан бұрын 1963 жыл – қара су қоянның жылы болған екен. Биылғы жылы қыстың ерте басталғаны және алда қатты суық күтіледі деген болжамды жоққа шығаратын дерек те бар. Яғни, осыдан 60 жыл бұрын қоян жылында еліміздің кейбір жерінде өзенде сең жүріп, қыс жайлы болған.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей не нәрсені де жақсылыққа болжап, әрбір бастамадан сәттілік күтейік. Жаңа жылда барлық отбасында бақ-береке орнасын!
Бибісара ЖАНӘЛІ
31 желтоқсан 2022 ж. 369 0