«Іnno.fest» Qyzylorda: идеялар байқауының жеңімпазы атанды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен аймақта екікүндік «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі өтті.
Биыл екінші рет өткізілген идеялар байқауы «SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттарын қамтыды. Әр бағыт бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде инновациялық жобаларды жасап қорғады.
Фестивальдің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, жыл сайын байқауға ынта білдірген жастардың, оның ішінде ауыл жастарының белсенділігі жоғары екенін тілге тиек етті.
Фестивальге елордадан шақырылған спикерлер өз бағыттары бойынша жастармен ұжымдық жұмыс жүргізіп, кейстермен бөлісті. Жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрады.
Байқауға қатысқан сырдариялық оқушы Тамырлан Жасұланұлы мен Асылжан Абдуллаев «Контент&Медиа» секциясы бойынша жоба әзірлеп, жүлделі екінші орын алды.
«Red-yurt» командасын құрып, осы атаумен жоба дайындаған Тамырлан мен Асылжан аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей және №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің 10-сынып оқушылары.
– Инновациялық фестивальде «Контент&Медиа» бағытын таңдадық. Арнайы жобаға сәйкес пайдалы сайт ойлап тауып, Ютуб, тик ток аккаунтымызды ұсындық. Командамызды «Red-yurt» деп атауымыздың үлкен мағынасы бар. «Yurt» киіз үй деген сөз, бұл халқымыздың тұрмысы мен мәдениетін білдірсе, «Red» қызыл түс деген сөз. Қызыл түсті қанмен келген тәуелсіздік, баға жетпес қазынамыз. Жоба 4 негізгі бөлімнен тұрды. Біріншісі – «Тик ток» аккаунттары. Мұнда жас ұрпаққа және әлемнің басқа да елдеріне сүйікті Отанымыздың тарихын көрсетеміз. Біздің 135 мыңға жуық тұрақты оқырманымыз бар. Айына 28 миллионға дейін қаралым жинаймыз, – дейді талапкер Т.Жасұланұлы.
Жобаның екінші бөліміндегі Онлайн кітапханада 100-ден астам кітаптарды оқуға мүмкіндік бар екендігі айтылады. Кітаптарға кітапхананың телеграмм каналына жазылу арқылы тегін қол жеткізуге болады. Үшінші бөлімде монтаждауды үйрететін, логотип, портфолио, түрлі сайт шығаруды көрсететін арнайы курстар бар. Курстан түсетін қаражат Qyzyl-jebe брендін шығаруға жұмсалады. Жобаның көлемі жағынан ең ірі және негізгісі болып саналатын төртінші бөлім команданың бренді Qyzyl-jebe насихатталады. Бұл тауар белгісі алдағы уақытта өзінің танымалдығы арқылы әлемдік нарыққа сатылатын болады.
Инновациялық фестивальге қатысқан мыңдаған талапкерлердің арасынан оза шауып, бәйге алған сырдариялық жас өрендердің жобасы қазылардың ғана емес сол фестивальге қатысқандардың да оң бағасын алған.
Айту керек, фестивальге жоба ұсынғандар арасында робототехника, қысқаметражды фильм түсіру секілді тың идеялар айтылды. Барлық қатысушылардың бойынан инновациялық идея мен креатив анық байқалып тұрды.
Бибісара ЖАНӘЛІ