Әжемнің ақ батасы – шамшырағым
Менің әжем Әлия Төлеуова – керемет жан. Немерелеріне ақылшы болған сүйікті әжемді жақсы көремін. Тіпті қасынан алыстап, бір-екі күн көрмесем, қатты сағынамын. Әжем бізге әрдайым ақыл-кеңесін аямай, керемет оқиғалар мен тәрбиелік мәні зор әңгімелерді айтып беріп отырады.
Маған әжеммен сабақ оқыған ұнайды. Ол күнделікті сабағымызды қадағалап, үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі. Жай ғана көмектесіп қоймай, барлығын түсіндіріп береді. Әжем бәрін білетін, қай пәнді болсын түсіндіріп бере алатын білімді жан. Ал біз соның есесіне әжемізді қуанту үшін күнде бестік деген баға алуға тырысамыз.
Әжем қоғамда, елімізде болып жатқан жаңалықтарды да бізге түсінікті етіп айтып береді. Жаңа жылда әжем бұл жылдың «Балалар жылы» екенін айтқан болатын. «Президентіміз сендердің болашақтарыңа қатты көңіл бөліп, жағдай жасауда. Сабақтарыңды жақсы оқуларың керек. Қазіргі қоғамға білімді де, білікті жастар қажет. Сендер – елдің ертеңі, болашағысыңдар» деп әркез айтып отырады. Әжемнің сөзі бізді қанаттандырып, тағы да бестік алуға деген құлшынысымызды арттырады.
Ақ жаулықты асыл әжем ауданымыздың өркендеуіне, дамуына үлес қосқан жан. Қазір зейнет демалысында. Жасы үлкен болған соң жақсы нәрсеге балаша қуанады, әсіресе Тереңөзектің келбеті ажарланып, көркейіп келе жатқанына риза. Біз әжемізбен бірге серуендегенді ұнатамыз. Себебі әжеммен жүрсек, алдымыздан шыққан үлкен де, кіші де тұра қалып амандасып, әжемнің жағдайын сұрайды, ілтипат көрсетеді. Кейде аға-апайлар жақсы тілектерін айтады. Мен көпшілікке сыйлы болған әжемді мақтан етемін. Әлемдегі ең мейірімді әжемнің өмір бойы қасымда болып, ұзақ жасауын тілеймін.
Мен атам мен әжеме жақынмын. Кішкентайымнан еліміздің бас қаласы Астанаға ата-әжеме еріп қыдыратынмын. Астана – жастар қаласы, армандар орындалатын қала. Мектепті бітіргеннен кейін Астанада оқимын деген арманым бар. Әжемнің ақ батасымен туған елімнің патриоты болуға барымды саламын.
Жәния АБАДОЛЛА,
№35 мектеп-лицей оқушысы
№35 мектеп-лицей оқушысы