Оқушылар ептілік танытты
Қазір жастардың әскер қатарына барып, Отан алдындағы борышын өтеуі маңызды мәселеге айналды. Әуелде денсаулығы жарап тұрып, әскер қатарына бармағандарға айыппұл салынады делінді. Ал одан кейін оларға жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Яғни, әскер қатарында болғандарға ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылуда.
Жалпы, Отанға адал болып, оны қорғауға әркез дайын болу тағылымы бала бойында жасөспірім шақтан қалыптасуы керек. Соған орай мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтары өтеді. Осы сабақта ел болашағы саналатын жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, теориялық тұрғыдан болсын ұрыс тәсілдерін меңгертеді. Сабақ барысында олар қару ұстап көреді, шашып, жинайды. Мұның өзі оларды әскери өмірге дағдыландырады. Осы ретте, жыл сайын мектеп оқушылары арасында әскери-патриоттық жарыс өткізіледі. Сол үрдіс биыл да жалғасып, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында «Әскерге шақырылушы – 2022» әскери-патриоттық жарысы өтті. Жарысқа ауданға қарасты білім ошақтарынан 80-нен аса оқушы қатысты.
Жарыстың басталуында аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Үсенов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары А.Серіков пен бөлім қызметкер Ж.Кеңесбаев сөз сөйлеп, әрбір азамат әскери міндетін орындап, ер жігіттер елдің қалқаны болу керектігін атады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әскери-патриоттық жарыста оқушылар «АК-74» оқу қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, «ИЖ-38» пневматикалық винтовкасымен нысана ату, арқан тарту, «АК-74» оқу қаруының оқжатарын патрондармен жарақтау секілді сайыстарда ептілік, жылдамдық, мергендіктерін көрсетті. Әрбір сайыста жеңімпаз болғандар анықталып отырды. Нәтижесінде, жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды №210 орта мектеп, екінші орынды №37 мектеп-лицей және үшінші орынды №36 мектеп-лицей командасы жеңіп алды.
«ТТ» ақпарат