Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел әрі сапалы қызмет көрсету – негізгі міндет

Жедел әрі сапалы қызмет көрсету – негізгі міндет

Қазіргі таңда ІТ саласы дүние­жүзі бойына айрықша сұра­ныс­қа ие. Ақпараттық техноло­гия­лар­дың қарышты қадаммен жетіліп, күн сайын дамуы халық­тың өмір салтын біршама жеңіл­детуде жә­не уақытын үнемдеуде.

Халыққа қызмет көрсету орталығы. Аты айтып тұрғандай, бұл орталық қызметіне жүгінбейтін адам жоқ. Халықтың құжат мәселесін реттеу қыз­метін атқаратын орталықтың жұмысы қауырт әрі әлеумет үшін маңызы зор.

Аудан орталығындағы ХҚКО аудан тұрғын­дарына қалытқысыз қызмет көрсетіп келеді. Содай-ақ орталық цифрлық қызметке толықтай көшірілген. Бұрын ұзын-сонар кезекпен алтын уақытты жоғалтатын қызмет түрлерін халық ен­дігі арнайы порталдар арқылы жасай алады. Бұл аудан тұрғындарынан бұрын шалғай жатқан ауыл тұрғындары үшін тиімді. Бір құжат үшін бір күнді кетірмей, жеке кабинет арқылы кез келген құжатты көшіріп, шығарып ала алады. Ең бас­тысы, жылдам әрі қауіпсіз. Ал керекті қызметті ала алмасаңыз, сізге «Онлайн-кеңесші» көмекке келеді.

– Халыққа қызмет көрсету орталығында тұр­ғындарға қызмет көрсетуге арналған сегіз жұ­мыс орны жасақталған. Төрт жұмыс орны аза­маттардың құжатын қабылдау бойынша, біреуі дайын құжаттарды беру қызметін көрсетеді. Сондай-ақ төрт жұмыс орны «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы» болса, тағы бір жұмыс орны «Құжаттандыру және тіркеу тіркелімі» бөліміне арналған. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен соған теңестірілген азаматтарға кезектен тыс бір жұмыс орны қызмет көрсетеді. Бір жұмыс ор­ны азаматтардың арыз-шағымын қабылдау мақса­тында жұмыс жүргізеді. Халыққа сапалы қыз­мет көрсетіп әрі уақытты үнемдеу – негізгі мін­дет, – дейді аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Жұмабек Ембергенов.

Орталықта халыққа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиімді жағдай жасалған. Оның ішінде, ғимаратқа кіреберісте пандус және бөлім қызметкерін шақыруға арналған түймешік орнатылған. Азаматтарға қызмет «электронды ке­зек» тәртібімен көрсетіледі. Яғни, арнайы тір­кеу­ арқылы кезекке тұрып, өз кезегіңізді үлкен эк­ран­­нан бақылап отыруға болады.

Сондай-ақ құжаттандыру саласы бойынша­ қызмет көрсететін «Халықты құжаттандыру жә­не тіркеу пункті» бар. Атаулы мемлекеттік қыз­мет бойынша тұрғындар сауалына Сырдария аудандық полиция бөлімінің көші-қон полициясы тобының жауапты қызметкері жауап береді. Және де қызмет алушыларға арнайы төлем жасау үшін поштаға немесе банкке барып әуре болудың қажеті жоқ. Бұл үшін орталықта «Қазпошта» АҚ Сырдария бөлімінің бір кассасы жұмыс жасайды.

Бөлімде 2022 жылдың ағымдағы тоғыз айында барлығы 17 243 өтініш қабылданып, 16 172 өтініш азаматтарға табысталған. Сондай-ақ «Бірыңғай байланыс орталығы» арқылы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардан 63 өтініш қабылданып, 56 өтініш өз шешімін тапқан. Ал ресми деректерге сүйенсек, «Өз-өзіне қызмет көрсету секторында» аталған мерзім ішінде тұрғындарға 39 350 қызмет көрсе­тіліпті.

Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарды дер кезінде дайындау, сапалы әрі тиімді қызмет көрсете білу қай кезде де маңызды. Уақыт пен заман талабы сапалы қызметке деген сұранысты арттырып отыр.

– Халыққа қызмет көрсету саласының электронды жүйеге көшуі тұрғындар үшін тиімді болды. Біріншіден, уақытты үнемдейміз. Екіншіден, өз-өзімізге қызмет көрсете аламыз. Бұрын бір ғана құжат үшін аудан орталығына баруға тура келетін. Ол өз кезегінде жарты күн уақытты алады. Қазір үйде отырып-ақ, қажет құжатқа қол жеткіземіз. Кей жағдайда техникалардың зиян тұсын айтып жатамыз. Бірақ заман талабына сай өте пайдалы әрі тиімді тұстары да жетерлік. Халық заманауи технологиялардың игілігін көру­де, – дейді Ақжарма ауылының тұрғыны Баубек Сұлтанбекұлы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 қараша 2022 ж. 219 0