Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің атқарған жұмыстары
Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 наурыздағы №124 шешімімен бекітілген. Сырдария аудандық қоғамдық кеңес құрамы 15 адамнан құрылды.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңес құрамы бекітілген күннен бастап, яғни 2022 жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында 10 отырысы өткізіліп, 38 мәселе талқыланды. Оның ішінде Сырдария аудандық 2021 жылғы арналған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп тыңдалды. Сондай-ақ 2021 жылғы Сырдария аудандық бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есебі кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмысы да күн тәртібіне шығарылды.
Қаралған мәселелердің ішінде қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес мәселелер кезең-кезеңімен қаралуда. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында атап көрсетілген ауылшаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында шағын кәсіпкерлікті дамыту шараларын жүргізу туралы, ауыл тұрғындарының мал жайылымдық жерлерін заңдастыру (мақсатсыз жер пайдаланушылардан жерді қайтару жұмыстары) және көлдерді, жайылымдық жерлерін суландыру шаралары туралы тиісті сала басшылары қоғамдық кеңес алдында баяндама жасады. Мұнан бөлек Тереңөзек кентін абаттандыру, көркейту және көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру, кенттегі тағы да басқа мәселелер кеңес мүшелері тарапынан кеңінен талқыланды. Мұнан бөлек ас-құдайы берудегі ысырапшылдықтың алдын-алу жайлы, жастарды исламға қарсы діни ағымдардан сақтандыру, жат ағымдардың жетегіне ерудің алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуын тыңдаған Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар маңызды ұсынымдар енгізді.
Білім беру саласы да қоғамдық кеңестің басты назарында. Кеңес мүшелері балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және су айдындарында суға түсу мерзіміндегі қауіпсіздік шаралары туралы аудандық білім бөлімі басшысының есебін тыңдады. Онда инклюзивті білім берудің қол жетімділігі, онлайн оқытудың сапасы мен нәтижесі сараланды.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңес отырысына ұсынылған нормативтік құқықтық актілер қаралып, тиісті қорытындылар берілді. «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайды пайдаланғаны үшін төлемақының мөлшерін белгілеу туралы» қаулы жобасына кеңес мүшелері өз ұсыныстарын енгізді. «Сырдария аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №107 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Сырдария ауданы әкімдігі қаулы жобасы да кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Ал «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №430 шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы шешім жобасы кеңес мүшелерінің оң қорытындысын алды. «Сырдария ауданының кент және ауылдық округтерінің 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы шешім жобасы да қоғамдық кеңеске ұсынылды. Қоғамдық кеңесте талқыланған өзекті мәселелер қатарына «Сырдария ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №108 шешіміне өзгеріс енгізу туралы шешім жобасын айтуға болады. Сонымен қатар Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі кент әкімдігі мен аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 2022 жылғы 15 маусымда кент тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға төрт түлік малдарын өріске айдап, өрістен күтіп алу, малдардың көшеде бей-берекет қараусыз жүруін болдырмау, қоғамдық орында тазалық сақтау бағытында әңгімелесу ұйымдастырды. Қараусыз жүрген мал иелеріне кент әкімдігі мен учаскелік полиция инспекторы тарапынан айыппұл салынатыны ескертілді.
Кеңес мүшелері 20 маусым күні «Жалын» сауықтыру лагерiнде болып, лагерь қызметкерлерімен, демалушы балалармен кездесті. Қоғамдық қеңес мүшелері балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру керектігін атап өтіп, «Жалын» сауықтыру лагерінің ұжымына бірқатар ұсыныстар енгізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ағымдағы жылдың 27 маусым күні Қоғамдық кеңес мүшелері Сырдария аудандық емханасына арнайы барып, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын қарап, емхана кіреберісінде орналасқан пандустың талапқа сай келетіндігіне көз жеткізді. Сала мамандарымен пікірлескен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері науқастарға барлық жағдай жасалу керектігін айтты. Денсаулық сақтау саласының проблемалары күнделікті көңіл бөлінетін мәселеге айналуы тиіс екендігін атап өтті.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары туралы ақпарат «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Сырдария аудандық қоғамдық кеңес» парақшасы мен «KAZKENES» сайтында жарияланып, аудандық мәслихат аппаратының ресми интернет-ресурсында орналастырылуда.
Сырдария аудандық
қоғамдық кеңесі
қоғамдық кеңесі