Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: дамуы, артықшылығы, жетістігі

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: дамуы, артықшылығы, жетістігі

Әлем бір орында тұрған жоқ. Жыл жылжып, ай өзгерген сайын, тіпті күн өткен сайын қоғам қарыштап даму үстінде. Соған сай адам да, заман да үлкен өзгерісті бастан өткізуде. Аталған жаңашылдық адамның өмір сүру дағдысына да елеулі ықпал етуде. Ал кез келген мемлекет жаңа заман талабына сәйкес өзгерісті қажет етеді. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының бәсекеге қабілеттілігін дамыту және қолдау үшін инфрақұрылымды жаңартып отырудан да көрініс табады. Өзгеріс, жаңару, жаңғырту… Әрине, әңгіменің бәрі қаржыға келіп тірелетіні анық. Мұндай жағдайда мемлекет бюджетке түсетін жүктемені азайтатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін іске қосады. Күрделі термин қарапайым адамға түсініксіз болғанымен, бұл күнделікті айналымда және айналамызда болып жатқан құбылыс.

ЕЛІМІЗДЕ МЖӘ ТЕТІГІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттікжекеменшік әріптестік – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Яғни, мемлекетті, оның ішінде өңірлерді, қала мен елді мекендерді өркендлету үшін белгілі бір бағытқа инвестиция тартудың маңызды құралы деуге болады. Сондай-ақ МЖӘ – мемлекет пен бизнес құрылымдарының орта немесе ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік маңызы бар салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы. Бұл байланыстың негізінде жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдар салынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бюджетке түсетін салмақты да азайтып, салық түсімдерін көбейтуге де жол ашады.

Әрине, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті нығайту үшін, бюджетке түсетін жүктемені азайтып, кәсіпкерлік белсенділікті дамыту үшін арнайы әрі сапалы тиісті заңнамалық база қажет екені айдан анық. Ел Тәуелсіздігін алған жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Концессиялар туралы» алғашқы Заңы қабылданды. Ол бойынша ел аумағындағы шетелдік инвесторлардың экономикалық қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асырудың және оларға белгілі бір объектілерді жалға берудің құқықтық шарттары реттелді. Кейіннен дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет үшін заңнама жобасын жаңартуға тура келді. Нәтижесінде, 2006 жылғы 7 шілдеде «Концессиялар туралы» жаңа Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Аталған Заң осы саланы дамыту мен ондағы мәселелерді шешуде ұзақ жыл қызмет еткенін атап өткеніміз жөн. Бұл бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың концессиялық жобаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылды. Кейін заңға бірнеше мәрте өзгертулер енгізіліп, 2015 жылы 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол сәттен бастап аталған салада көптеген жаңашылдықтар мен тиімді қызметтер жоғары қарқынмен жүргізіліп, бүгінде ерекше қарқын алған. Осы механизм арқылы бүгінде әлеуметтік нысандар салынуда.

«Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі №693 қаулысымен «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Аталған орталық ел Үкіметінің Қазақстандағы МЖӘ дамыту жөніндегі талдамалық-сараптамалық орталығы болып табылады. Мұнда экономиканы дамыту бойынша ғылыми-зерттеу, оқыту және кеңес беру, сараптама және инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалау қызметтері жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысы Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызын атай отырып, әріптестік әлеуметтік нысандардың құрылысында кеңінен қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты басқа да салаларда мемлекет пен кәсіпкер арасында «алтын көпір» салатын әріптестікті нығайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Еліміздің әр өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік түрлі салада, көптеген әлеуметтік нысандарда жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, аталған жобаның жемісін білім беру және денсаулық сақтау салалары кеңінен көруде. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттікжекешелік әріптестік аясында жаңадан балабақшалар салынуда. Сондай-ақ ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар ашу, білім беру ұйымдарының асханаларын жаңарту және пайдалануға беру сияқты ауқымды жұмыстар аталған әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ойын алаңдарын салу, көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру, мұз сарайларын салу және пайдалануға беру де МЖӘ аясында жүзеге асырылып жатқаны аян. Аталған әріптестік тек осы бағыттарда ғана жұмыс істеп қоймайды. Рухани астанамыз Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әуежай және Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайында жаңадан жолаушылар терминалы салынды.

МЖӘ БОЙЫНША ҚАНША КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ?

Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 1 025 МЖӘ келісімі мен концессиясы жасалған. Оның ішінде, 12 республикалық жоба 1,3 трлн теңгені құраса, қалған 1 013-і – жергілікті жоба. Оның жалпы құны 870 млрд теңге.

Жасалған келісімшарттың 86 пайыздан астамы үш маңызды салаға тиесілі. Олар: білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, энергетика және тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы салалары. Және де бір бөлігі көлік пен инфрақұрылым саласына тиесілі.

Айта кетейік, 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін қол қойылған келісімшарттар саны 193-ті құрайтын (оның ішінде іске асырылып жатқаны – 64) Шығыс Қазақстан облысы көш бастаса, іске асырылып жатқан жобалардың құны бойынша 192 млрд теңгені құрайтын (жалпы келісімшарт көлемі – 170) Түркістан облысы алдыңғы орында тұр.

МЖӘ орталығы қолданыстағы келісімшарттар бойынша шамамен 1,6 трлн теңге жоспарланғанын, оның ішінде ең үлкен жүктеме 2023 жылға келетінін хабарлады. Яғни, 2022-2024 жылдарға жоспарланған төлемдер көлемі 474 млрд теңгені құраса, оның 157,5 млрд теңгесі – 2022 жылға, 172,5 млрд теңгесі – 2023 жылға, 144 млрд теңгесі – 2024 жылға тиесілі.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы келісім тараптарына МЖӘ жобалары бойынша дауларды шешуде төрелік сотқа жүгіну құқығын беруді, сондай-ақ серіктестікті кері қайтару құқығы мен аукцион енгізуді талап етті. Бұның бәрі заңнаманы жетілдіру мақсатында жасалған шаралар. Сонымен қатар мемлекеттік міндеттемелердің ұлғаюына әкеп соғатын шарт талаптарын өзгертуге тыйым салу туралы ереже енгізілді. Және де МЖӘ жобаларын аз мерзімде іске асырып, нысанды кемі 5 жыл пайдалану туралы түзетулер белгіленген.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң қабылданғаннан бастап осы жылдың мамыр айына дейін аталған заңнама бірнеше рет өзгеріске ұшыраған. Парламент осы уақыт аралығында аталған әріптестікті реттейтін заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу мақсатында 15 заң қабылдаған.

Айта кетейік, елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға шетелдік компаниялар да қатысып жатыр.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі қаражатты өтеуді тұтынушылық төлемдерге ауыстыруды ұсынған болатын. Көтерілген мәселе МЖӘ туралы Заңға қабылданды ма деген сұраққа жауап бере отырып, акционерлік орталық әлемдік тәжірибеде инфрақұрылымды пайдаланғаны үшін тарифтерге негізделген МЖӘ жобаларының санаты бар екенін атап өтті. Оған мысал ретінде түрлі бағыттағы жолдар мен әуежайларды, порттарды айтуға болады. Сондай-ақ кейбір телекоммуникациялық жобалар мен су секторындағы жобаларды да осы санатқа кіргізе аламыз. Жобаның барлық сұранысын өтеу үшін тұтынушы кірісі жеткіліксіз болған жағдайда қоса қаржыландыру, кірісті қамтамасыз етудің басқа нысандары ұсынылуы мүмкін.

«Егер жобаның табиғи монополиялар саласына қатысы болса, заңнамаға сәйкес тауар мен қызметтерге арналған тарифтер монополияға қарсы органмен келісім арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар егер жоба жоғары тарифпен құрылымдалған болса, істің оңға басуы қиын. Яғни, көпшіліктің сұранысына сай болмаса, халықтан қолдау таппаса тиісті қаражаттың ақталмауына әкеледі. Мұндай жағдайда нарыққа алдын ала маркетингтік зерттеу жүргізу ұсынылады», – дейді Республикалық мемлекеттікжекешелік әріптестік орталығының өкілдері.

«ҮЛГІЛІ АУЫЛ» МЖӘ ИГІЛІГІН КӨРІП КЕЛЕДІ

Мемлекет пен жеке кәсіпкер арасындағы ұтымды әріптестіктің игілігін ауданға қарасты елді мекендер де көріп келе жатыр. Бүгінде шағын қаладан кем түспейтін Нағи Ілиясов ауылының өркендеуіне аталған әріптестік өз үлесін қосуда. Зәулім ғимараттарымен, халқының ынтымақ бірлігімен өркендеудің даңғыл жолына түскен ауыл аудан орталығының оңтүстік-шығысында орналасқан.

Батыр атын иеленген ауыл – республикаға танымал, келбеті келіскен, көрікті, «Үлгілі ауыл» номинациясының бірнеше дүркін иегері атанған елді мекен. Ауылдың өркен жайып, гүлденуіне Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің қосып келе жатқан үлесі зор. Республикаға үлгі болған ауылдағы жаңа заман талабына сай ғимараттардың көпшілігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып, бүгінде ауыл халқына қызмет көрсетіп келеді.

Атап айтар болсақ, 2014-2015 жылдары елді мекен орталығында зәулім спорт кешені бой көтерді. Аталған кешеннің салынуына облыстық бюджеттен 180 млн теңге бөлінсе, «Абзал және Компания» толық серіктестігі 204 млн теңге теңге қаражат бөлген. Осындай қос тараптың бірігуі нәтижесінде жан-жақты қажеттіліктермен жабдықталған, заман талабына сай спорт кешені іске қосылды. Аталған спорт кешені бүгінде үйлесімді жұмыс жүргізіп, ауыл халқының игілігіне қызмет етуде. Кешендегі түрлі спорттық үйірмелерде еліміздің болашақ чемпиондары спорттың әр түрінен шынығып, дайындалуда.

Елді мекендегі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің игілігін көрген бірден-бір нысан – «Тағзым алаңы». 2015 жылы аудандық бюджет пен «Абзал және К» ТС бірлесе отырып тарихи орын күрделі жөндеуден өткізілген. Өткен мен болашақты жалғастырып тұрғандай әсер беретін мәдени орталықты жаңғырту үшін мемлекеттік бюджеттен 35 млн теңге бөлінсе, жеке кәсіпкер 65 млн теңге қаржы жұмсаған.

Сондай-ақ 2017 жылы ауыл әкімдігінің ғимараты салынды. Мемлекет пен жеке кәсіпкердің ұтымды әріптестігінің нәтижесінде республикада кездеспейтін ерекше дизайндағы ғимарат қолданысқа берілді. Ғимараттың ерекшелігі сол жергілікті атқарушы орган үйі Сырдың басты байлығы күріш бейнесінде құрастырылған. Ерекше құрылыстың салынуына аудандық бюджетпен қатар кәсіпкер Абзал Ералиев зор үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн.

Және де Н.Ілиясов ауылында демеушілік есебінен былтыр екі кешен күрделі жөндеуден өтіп, балалар ойын алаңы мен футбол алаңы ауыл халқының игілігіне берілді.

– Республика көлемінде үлгілі атанған ауылымыз жыл өткен сайын өсіп, өркендеп келеді. Халыққа тиімді әрі жайлы жағдай жасау жолында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстарға Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев зор қолдау білдіріп келеді. Жыл сайынғы жөндеу жұмыстары мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына тиісті көлемде қаражат бөлініп отырады. Бөлінген қаражатқа көшелерді жарықтандыру, субұрқақтарды, басқа да нысандарды жөндеу жұмыстары жасалады. Ауылымыздың гүлденіп, жайнап тұруы тұрғындар үшін де, сырттан келген қонақтар үшін де тиімді. Жыл сайын жаңа нысандар бой көтеріп келеді, биыл да тұрғындардың игілігі үшін жаңадан демалыс орны құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кеткеніміз жөн, – дейді ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетұлы.

ТҮЙІН

Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің серіктестігі әр тараптың жеке іске асыра алмайтын жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Былайынша айтқанда, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «Бес саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Мемлекет кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсетуде. Осы ретте екі тарап арасында арнайы заңнама негізінде серіктестік орнар болса, атқарылар жұмыс та, соған сай жеткен жетістік пен берер жеміс те мол болары анық. Сондай-ақ МЖӘ-нің ең маңызды артықшылығы – бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, қаржылық жағдайды ұтымды үйлестіру, экономиканы тұрақтандыру. Қаржыны үнемдеп, оны келесі бір әлеуметтік жобаларға бағыттау да ұтымды болып табылады. Мұндай алпауыт күшке ие қос тараптың ынтымақтастығы – кез келген экономикалық мәселені шешудің тиімді жолы. Сондықтан да бүгінде мемлекет МЖӘ-ке ерекше мән беруде.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 шілде 2022 ж. 383 0