Қылмыстық қудалаудың үш буынды моделі
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел тұрғындарына арнаған Жолдауына сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген қылмыстық қудалаудың қадағалау қызметін жаңғырту және реформалау негізінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Жолдауда заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтындығы нақты атап көрсетілген. Сол себепті азаматтар мүддесіне қызмет ететін, құқықтарын қорғайтын, заңды және әділ шешім қабылдайтын мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін қылмыстық қудалаудың үш буынды жүйесі енгізіліп отыр.
Қылмыстық қудалаудың үш буынды жүйесінде басты рөлді қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары орындайды. Қылмыстық қудалау органы қылмысқа қатысты дәлелдемелерді жинақтап, іс бойынша процесуалдық шешім қабылдап, оның заңдылығын тексеру үшін прокурорға жолдайды. Прокурор жиналған дəлелдемелерге тəуелсіз баға беріп, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінəсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, адам құқықтарын шектейтін маңызды шешімдердің заңдылығының сақталуын тексеріп, оған келісу не келіспеу туралы шешім қабылдайды. Қылмыстық қудалау органының қабылданған шешімі тек прокурормен келіскен жағдайда ғана заңды болып табылады.
Одан әрі қылмыстық іс бойынша прокурормен келісілген әрбір процесуалдық шешім мен ол бойынша жинақталған дәлелдемелер негізінде сот әділ үкім шығаруына кепіл болады.
Қылмыстық қудалаудың үш буынды жүйесінде прокурордың атқаратын рөлі ерекше. Прокурорлар істің тергеу өндірісіне қабылданған уақытынан бастап, тергеп-тексерудің барлық сатысында қадағалау жүргізіп, қудалау органы ұсынған заңды немесе заңсыз шешімдердің фильтрі функциясын атқарады.
Осылайша, қылмыстық іске тіркелген сәтінен бастап қадағалау жүргізіп, сотта әділ үкім шығаруына кепіл болып, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылдың 6 айлық есептік мерзімінде қудалау органымен қылмыстық істер бойынша жалпы 146 процестік шешім қабылданып, қадағалау тәртібінде прокурормен зерделеніп, заң талаптарының сақталуына тексерілгеннен кейін ғана бекітілді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бірде-бір азаматтың заңсыз қылмыс үдерісіне тартылып, конституциялық құқықтарының бұзылу дерегі орын алған жоқ.
Қазіргі таңда қылмыстық қудалаудың үш буынды моделі негізінде қылмыстық істер 100 пайыз электрондық форматта жүргізілуде. Тергеп-тексеру әрекеттері ақпараттық жүйеге енгізіліп, тергеу өндірісіндегі барлық мән-жай онлайн режимде прокурормен қадағалануда.
Қылмыстық қудалаудың үш буынды моделінің төңірегінде халықтың құқық қорғау органдарына сенімі артып, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына кепілдік беріліп, Елбасы ұсынған 2025 жылға дейінгі «Стратегиялық даму» жоспарын орындап, әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына түсіп, әділетті мемлекеттілік құратынымыз сөзсіз.
Сырдария аудандық
прокуратурасы
прокуратурасы