Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылында 8441 оқушы білім алады

Жаңа оқу жылында 8441 оқушы білім алады

Енді санаулы уақыттан кейін мектеп оқушылары үшін білім ордалары есігін айқара ашады. Жаз бойы демалыста болған ұстаздар мен оқушылар қайта қауышатын күн жақын. Былтыр офлайн форматында оқыған оқушылар биыл да дәстүрлі форматпен оқитын болады. Бұл жайында облыстық білім басқармасы хабарлаған болатын.

Сонымен қатар облыстағы барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына толық дайын екендігі айтылды.
– Қажетті санитарлық гигие­на­лық заттармен қамтылған. Жөндеу жұмыстары да толық жүргізіліп, қыр­күйек айына дейін жұмыстар аяқ­талады. Сондай-ақ мектептер 100% интернет желісіне қосылып, бес оқушыға бір компьютер арақа­тынасында 44 127 компьютерлік құ­рыл­ғылармен қамтамасыз етілген, – деді об­лыстық білім басқармасы басшысының орын­­­­­ба­са­ры Бағдат Камбозұлы.

Жаңа оқу жылының бағыты

Жаңа оқу жылы мектеп мұғалім­дері де, оқушылар да асыға күтетін ең қуанышты сәт. Үш ай демалыстан келген оқушылар мектеп партасына қайта отырып, бір сыныпты артқа тас­тап, ұстаздарынан білім мен тәрбие алуға кіріседі. Дегенмен жаңа оқу жылы әдеттегідей емес бірқатар жаңалықтармен басталғалы тұр. Соның негізгісі биылғы жаңа оқу жылынан бас­тап 1-сынып оқушыларын үш тілде оқыту алынып тасталғандығы. Енді оқушылар орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқиды. Сонымен қатар жаңа пәндер енгізіледі.

Ал келесі оқу жылының екі аптаға созылатыны білім саласынадағы ең үлкен жаңалық­тың бірі. Яғни, жаңа оқу жылы 31 мамырға дейін жалғасатын болады.

Сондай-ақ белгілі болғандай, алдағы оқу жылынан бас­тап жаңа пәндер қосылып, бір­қатар өзгерістер болады. Енді бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерін оқиды. Осы күнге дейін «Көркем еңбек» пәні болып оқытылған сабақ екіге, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндеріне бөлінеді. Ал бірінші сынып оқушылары үшін «Шетел тілі» және «Орыс тілі» пәндері оқытылмайтын болды. Мұғалімдерді елең еткен жаңалықтың тағы бірі – «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен шы­ға­­рылғандығы. Яғни бұл пән міндетті пән ретінде оқытылмайды.

Жалпы сыныпты екі топқа бөлу туралы да өзгеріс бар. Мектептерде сыныпта 24 және одан да көп білім алушы болған кезде екігі бөліп оқытылады.

Айта кетейік, енді «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер үшін «Алгебра және анализ бастамалары» оқу пәні бойынша қорытынды аттестаттау Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында жазбаша емтихан түрінде өткізіледі. Сонымен қатар биылдан бастап халықаралық пәндік олимпиада жеңім­паздары мен олардың педагогтеріне бір реттік ақшалай сыйақы беріледі.

Бес күндік жұмыс форматына көшеді

Келесі оқу жылынан бастап мектептер үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің оқу жүктемесін азайту, оқу жылын созу және оқу жүктемесін біркелкі қайта бөлу туралы шешімдерінің арқасында мүмкін болды. Бұл туралы биылғы жылы өткен «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты республикалық тамыз конференциясының пленарлы отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Сондай-ақ министр Президенттің қолдауы­ның арқасында мұғалімдерді міндетіне сай келмейтін жұмыстардан, мысалы, үй-үйді аралау, бұқаралық іс-шараларға қатысу және т.б. жұмыстан босату шаралары қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасатынын жеткізді.

Білім саласындағы жүйелі жұмыс

Ауданда білім ошақтарының жаңа оқу жылының басталуына орай жүйелі дайындық жүргізілуде. Алдағы 2022-2023 оқу жылында 17 мектепте 8441 оқушы оқиды деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 150 оқушыға көп. Бірінші сыныпқа қабылданатын бала саны – 773.

Оқушының негізгі оқу құралы оқулық екені белгілі. Аудан мектептерінде жылдағы дәстүр бойынша оқушылар қажетті оқулықтармен толық қамтылады. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы хабарлады.

– Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендерін сатып алуға барлығы облыстық бюджеттен 64 млн 800 мың теңге қаржы бөлініп, 10 баспамен келісім-шарт жасалды. Оқулықтарды тасымалдау қызметінде ешқандай мәселе жоқ. Барлық оқулықтар 25 тамызға дейін мектептерге жеткізіледі. Ауданнан мониторингтік топ құрылып, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы зерделенді. Амангелді ауылындағы №42 мектеп-лицейдің бу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бөлінген қаржы 12842,0 мың теңге. Жөндеу жұмыс­тары 25 тамызда аяқ­талады, – деді бөлім басшысы Б.Жәнібеков.
Аудандағы барлық мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыс­тарына 45 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ мектептерде дезинфекциялық тазалау мен қол өңдеуге арналған гигиеналық құралдардың қорларымен қамтамасыз етуге бюджеттен 3,8 млн. теңге бөлінген.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру мақсатында қаржы бөлінеді. Биыл облыстық бюджеттен 45,6 млн, теңге қаржы бөлініп, 3 мектепке №210,137,131 пәндік кабинеттер, 3 мектепке №37,42,129 инклюзивтік кабинеттер сатып алынуда. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден ресурстық орталық ашылып, жұмыс бастайтын болады.

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін мәлім. Осы ретте мектептердің бейнебақылау камераларымен қамтылуы кезең-кезеңімен шешілуде.

– Бала қауіпсіздігі басты назарда. Аудан­дағы барлық 17 мектепте бейнебақылау камералары орнатылған. Оның ішінде 2020 жылы кенттегі №35, №36, №131, №210 мектептер ҚР Үкіметінің «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жүйесіне қойылатын» №191 қаулы талаптарына сәйкестендіріліп, бейнебақылау камералары аудандық полиция бөліміне қосылған. 2022 жылы 5 мектепке (№37, 126, 132, 135, 137) 36 млн теңге қаралып, талапқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде, – деді бөлім басшысы.

Көмекке мұқтаж 2224 бала есепке алынған

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың ешқандай кедергісіз мектепке баруы қадағаланады. Әсіресе, көмекке мұқтаж отбасылардың балалары есепке алынып, олар қажетті заттармен қамтылады. Ағымдағы жылы міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж отбасы ретінде 2224 бала есепке алынған. Аз қамтылған отбасынан шыққан барлық 1660 балаға 37389 теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Аталған қаржылай көмек ҚР Үкіметінің №64 Қаулысының өзге­рістері күшіне енгеннен кейін осы жылдың 20-25 тамыз аралығында ата-аналар немесе заңды өкілдерінің жеке есеп шоттарына аударылатын болады. Міндетті оқу қорынан қаржы алмайтын балаларға демеушілердің есебінен көмек беру ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 200 балаға бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен 2 млн 800 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілгенін айту керек. Аудан кәсіпкерлері мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік тө­ра­ғалары осы мақсатқа 230-ға жуық оқу­шыны тегін мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуі азаматтық екенін анық.

P.S. Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жалақысы тағы да 25 пайызға көбейеді. Оқу-ағарту министрінің айтуынша бұл Президенттің тапсырмасы негізінде іске асады. Осы және басқа да жаңалықтар жақында ауданда өтетін дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылады.

Жаңа Қазақстанның жарқын бола­шағы үшін жасалған білім саласындағы жаңаша қадам сәтті болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
23 тамыз 2022 ж. 297 0