Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында мұнай қалдығы да кәдеге асатын болды

Қызылорда облысында мұнай қалдығы да кәдеге асатын болды

Мұнай өндіретін кәсіпорындар қалдықтарды терең өңдеу үшін инновациялық технология енгізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық ғалымдар ойлап тапқан залалсыздандыру жобасы қоршаған ортаға зиянды заттардан пайдалы тауар шығаруға мүмкіндік береді. Табиғатты ластанудан қорғайтын құрылғы кеніштердің бірінде сынақтан өткізілді.

Мына алып қазандықтар тонналаған мұнай қалдығына лық толы. Оны жағып жіберейін десе, оттегіге бөлінетін канцерогенді элементі тым көп. Ал жер астына көмейін десе, топырақ пен су, өсімдіктерге зияны орасан. Осындай улы заттарды кәдеге жаратудың тың тәсілін ойлап табуға ұзақ уақыт жұмсаған жергілікті ғалымдар ақыры оң нәтиже шығарды.   

Аслан Орынғалиев, жоба авторы:

– Біз жылдар бойы жиналған қалдықты 98% жарамды етеміз. Түрлі қоспа арқылы терең өңдеудің нәтижесінде біршама бөлігін І дәрежелі тауарлы мұнайға айналдырамыз. Қалған суды да сүзгіден өткізіп, жол құрылысына пайдаланылатын стандартқа сай сұйықтық шығарамыз.

Модульді кешен көмірсутек шикізатының кез-келген күйдегі қалдығын өңдей алады. Сан түрлі сүзу, тазалау және қоспа қосу процесі толық автоматтандырлыған.  

Мұхтар Оспанов, технолог:

– Қысымның барлық көрсеткіштерін осы басқару тетігі арқылы қадағаланады. Қосу, өшіру, бір-біріне тізбекті жалғау, манометр мен термометр көрсеткіштерін талдау да осы жерде жүзеге асырылады. Сондай-ақ өңделген шикізаттың шығу жиілігі де бақыланады.   

Табиғатқа жанашыр «Жасыл» жобаны іске асыруға ғалымдар шоғырымен қатар өндіріс мамандары мен қаржыгерлер де атсалысты. Жұмыс тобы жоспарды сәтті аяқтады.  

Серік Жұмахметов, мұнай кеніші директорының орынбасары:

– Бізде бірнеше жылдан бері жиналған қалдықтар бар. Біздің қондырғылар оған әлі келмей тұр еді. Сол қалдықтарды алып, тауарлы майын бір жаққа, ілеспе суын бір жаққа айырып беріп жатыр. Соның арқасында біздің компанияға қосымша мұнай өнімі қосылып, пайда келтіріп жатыр. Экологиялық тұрғыда да қазандықтарда іссіз тұрған затты пайдаланып, одан тауарлы зат шығарып жатырмыз.

Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы университеттің басқарма төрағасы:

– Аталған жобаның сәтті жүзеге асуы біздің ғалымдардың жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Университет академиялық және ғылыми тұрғыда өсіп, инфрақұрылымды дамытуға басымдық бермек. Сонда ғылыми зерттеулер орталығына айналамыз.  

Қанатқақты жоба өндірістік тұрғыда тиімділігін дәлелдеді. Осы ретте модульді кешенді орнатуға бірнеше мұнай компаниялары ынта білдіріп отыр екен.

15 тамыз 2022 ж. 221 0