Израиль ғалымдары ерекше принтер ойлап тапты
Қалдықтардың көбеюі атмосфераға метанның бөлінуіне әкеледі. Ал қайта өңдеу әдісі жаһандық климат өзгерісін баяулатуға өз үлесін қосады. Қазір қоршаған ортаның сапасын жақсарту үшін түрлі әдіс-тәсілдер мен технологиялар шығып жатыр. Израиль ғалымдары қағазды бірнеше рет қолдану үшін оны лазермен тазалайтын ерекше принтер ойлап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Израильдегі мына принтердің міндеті біз қолданып жүрген принтерден өзгеше. Онымен қағазға басылған мәтінді мүлдем өшіріп тастауға болады. Сия лазердің көмегімен жойылады. Мамандар бұл құрылғы арқылы бір қағазды 10 рет қолдануға болады дейді. Жаңа технология қоршаған ортаның ластанбауына да септігін тигізбек, әрі табиғи ресурстарды сақтауға таптырмас мүмкіндік береді.
Барак Йекутиэли, өндіруші компанияның бас директоры:
– Циркулярлық экономиканың алға басуына керемет мүмкіндік. Өндірісте де өзгерістер болады. Енді әдеттегідей тұтыну моделі болмайды. Қазір біз климаттың өзгеруіне баса мән беруіміз керек. Қолдағы тауарды бір емес бірнеше мәрте қайта қолданғанымыз абзал. Әлемдік өндіруші компаниялар бірнеше рет пайдалануға болатын қағаздар шығарғаны жөн. Ал біз өз технологиямызды көрсетуге дайынбыз.
Қағаз қайта өңдеуге жарамды ең көп кездесетін материалдың түрі. Макулатураны типографиялық қағаз, қаптама, сонымен қатар, құрылысқа арналған түрлі заттарды жасап шығару үшін пайдаланады. Мысалы, 2020 жылы Еуропада қолданған қағаздың 70 проценті қайта өңделіп, кәдеге жарады.
Майкл Уокер, редактор:
– Әлемде пайдаланған қағаздардың басым бөлігі қайта өңдеу әдісінен өтті. Менің ойымша оны кемінде 5 рет қолдануға болар еді. Әлемде қағаздан бөлек пластик қалдықтарын жинап, оны өңдеу мәселесі өзекті. Шикізаттың түріне қарай оған екінші өмір беру үшін сан түрлі технология қолданылады. Бірақ нәтиже әр кез көңілден шыға бермейді. Бүгінде қоқысқа тасталған қалдықтардың тең жартысы қайта өңдеуге жарамсыз. Арасында электронды заттар көп. Олардың қайта өңдеу жарамдылығы тек 15 процентті құрайды дейді мамандар.