Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын адам

Алтын адам

Бүкіл Сыр елі медицинасының атасы саналатын Қазақстан денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, саналы ғұмырын ай­ма­ғымыздың денсаулық сақтау саласын дамы­туға арнаған Ернияз Омаровтың дүниеден өткені­не де жыл­ға жуықтап қалыпты. Ернияз Омарұлы­ның өткен өмірі­не көз жіберсек, қаншалықты зерттесек, сон­шалықты ол кісінің біздің өңіріміз үшін ерекше еңбегі сіңген тұлға екендігін, ешуақытта орны толмай­тын­дығын жан жүрегімізбен сезінеміз. Біз Ерекеңмен бір ауданнанбыз, жас күнімізден ол кісі туралы біліп, үлгі тұтып өстік, ағалы-қарындасты болдық, жақсылық­та­ры­мызға ортақ болдық, өмірде кездесіп қалатын қиын­дық­тарды жеңілдетуге тырыстық.

Ернияз Омарұлы 1932 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылында (Мойынқұмда) дүниеге келген. Ернияз Омаровтың балалық шағы сол ке­зеңдердегі қатарластары сияқты ашаршы­лықтың, жоқшылықтың зардаптары елді күй­зелтіп тұрған ауыр жылдарда өтті. Сондықтан бала Ернияз ерте есейіп, ерте еңбекке араласты. Ерекең оқуды да, жұмысты да тө­мен­нен бастап, қызметтің барлық сатыла­­рынан ерен еңбектің, табандылықтың, ізде­німпаздықтың арқасында абыроймен өсіп отырды. Алдымен Қызылордадағы меди­цина училищесін 1950 жылы бітіріп, 1950-1952 жылдары туған ауданының Қараөзек өңірін­дегі Арысқұм, Қарақұм малшылары­на фельдшерлік қызмет көрсеткен. Содан кейін 1958 жылы Алматы Мемлекеттік меди­циналық институтын бітірген соң 1961 жылға дейін Қызылорда қаласында жедел жәрдем бөлімінде, облыстық ауруханада хирург болып орналасқан жас маман қай жерде жұ­мыс атқарса да үлкен жауапкершілікпен, әрбір емделушіге жанашырлықпен қарап, кейінгі өміріне тәжірибе жинақтады, білімін көтерді, кәсіби біліктілігін арттырды, аға буын дәрігерлердің озат әдістерін жалықпай үйренді. Осындай ыждағаттылығының, ізде­нім­паздылығының, кәсіби шеберлігін артты­руға деген ұмтылысының арқасында Ернияз­ Омарұлы 1961-1967 жылдар аралығында Қызылорда қалалық, 1982-1994 жылдарда облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі болып, облыс денсаулық сақтау мекемелерін басқарды.

Мен Ерекеңді бұл қызметтерден бұрын таныдым, оның бір себебі – мен ол кісінің туған ауылы ол кезде «Партияның XVIII съезі», қа­зіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында мектеп директоры болып қызмет істедім, сол кездерде ауылдан шыққан азаматтармен кездесіп тұратынбыз. Ал қызмет барысындағы араласуымыз, қарым-қатынасымыз ол кісі облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарғанда, мен Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, кейін аудандық кеңес атқару ко­митетінің төрағасы болып қызмет атқарған кезде басталды. Ауданның денсаулық сақ­тау саласының жай күйі, медицианалық меке­мелердің құрылысы, олардың материал­дық-техникалық жарақтандырылуы жөніндегі мә­се­лелерді бірлесіп шешіп отыратынбыз.

Ол кездерде облыстың денсаулық сақтау саласының жағдайы өте күрделі болатын. Арал экологиясына байланысты жұқпалы ау­рулардың өршіп, көптеген медициналық көр­­сеткіштер бойынша облыс республикадағы ең төменгі орындарда еді. Дегенмен алғыр да жігерлі ұйымдастырушы Ернияз Омаров­ облыс халқының, әсіресе шалғай елді мекен­дердің тұрғындарының денсаулығын көзі­мен көруді бірінші кезекке қойды. Өзекті мәселелерді ретімен жоспарлап, оларды нақты шешіп отырды, сол арқылы тұтас са­ланың алға жылжуын қамтамасыз етті. Аралдан бастап Қаратауға дейін бармаған ауы­­лы, мал фермасы қалмады. Ең бастысы, қай аудан орталығында, қай елді мекенде медициналық нысандар құрылысын салу керек, оның материалдық-техникалық базасын нығайту керек, заман талабына сай жаңа медициналық құрал-жабдықтар алу керек, бәрін жоспарлап жүзеге асырды. Түйіні, облыстағы сырқаттарды емдеу төсегінің жеткілікті болуы және салалық бағытта дамыту қажеттілігін дер кезінде шешіп отырды және бұл мәселелерді облыс басшылығы, республикалық денсаулық сақтау Министрлігі алдына батыл да дәлелді түрде қойып отырды. Осындай тынымсыз, ыждағатты еңбектің арқасында Ернияз Омаров облыстық денсаулық сақтау саласын бас­қарғанда 4 аудандық, 23 участоктық аурухана, 18 медициналық амбулатория салынды. Облыс орталығында 24 медициналық ме­кемеге ғимараттар мен үйлер бөлінді. Осы жерде бір аудандық аурухананың құ­ры­лысына байланысты Ерекеңнің ерлігін айт­қым келеді. 4 аурухананың бірі біздің бұрынғы Тереңөзек ауданында салынған болатын. 175 орындық аудандық аурухананың құрылысы ең аяқталу шешуші кезеңінде б­ұрынғы жүйе құлап, республикадан қар­жыландырылып отырған аурухананың құ­ры­­лысы тоқтады. Республикалық қаржы Ми­нистрлігі қаржыландыруды тоқтатты. Ау­ру­ха­наның сыртқы жұмыстары аяқталуға жақындағанмен, ішкі жұмыстары әлі өте көп болатын (әрлеу жұмыстарынан басқа лифт орнату, медициналық құрал-жабдықтарды орналастыру). Бірнеше бөліктен тұратын үлкен аурухананы бұлай шала күйінше қалдыруға болмайды. Жалғастыруға қаражат жоқ. Не істеу керек? Ернияз Омарұлымен ақылдасып, аурухана құрылысының бас мердігер мекемесінің басшысы Атамұрат Шаменов, облыс әкімінің орынбасары Ф.Фаткульдинов төртеуміз облыс әкімі С.Шаухамановтың қабылдауында болып, жағдайды баяндадық. Ол кісі шұ­ғыл шешім қабылдап, қалай болғанда да құ­ры­лысты аяқтау жөнінде тапсырма берді. Облыстық, аудандық бюджеттердің барлық резервін пайдаланып, облыстағы, аудан­дағы құрылыс мекемелерінің көмегімен ауру­­хананың құрылысын жалғастырдық. Фаткуль­­диновтың басшылығымен Атамұрат Шаменов­тың қатысуымен арнайы штаб құры­­лып, күнделікті жұмыс барысы талданып, алдағы жұмыстар жоспарланып отыр­ды. Ернияз Омарұлы осы жұмыстардың ба­сы-қа­сын­да айлап жүрді десем артық айт­қан­дық емес. Ерекең құрылыс басында болып, барлық жұмысқа араласты, отбасымен келіп, малын сойып, жұмысшыларды өз есебінен тамақтандырды. Ауруханаға ме­дициналық құрал-жабдықтарды алуға, оны орналастыруға, іске қосуға білікті маман­дар әкеліп көмектесті. Егер Ерекең осы­лай жанкешті жұмыс жасамағанда бұл ауру­хананың құрылысы аяқталмай қала­тын еді деп ойлаймын. Осындай қауырт жұ­мыстың арқасында бұрынғы Тереңөзек ау­­данының 175 орындық ауруханасының құрылысы 1992 жылдың желтоқсан айында негізінен аяқталды. Бұл менің бір ғана аурухана құрылысындағы Ерекеңнің ерен еңбегін байқағаным, ал ол кісі мұндай құрылыстардың қан­шамасын бастан өткерді екен.

Ернияз Омарұлы қалалық, облыстық ден­­­саулық сақтау басқармасын басқарған уа­қыт­та бірінші кезекте ана мен бала ден­саулығына назар аударды, педиатрлық ай­мақтардың ашылуына, оларды кадрлармен қамту, материалдық-техникалық база­сын толықтыруға күш салды. Ернияз Омарұлы медицина кадрлерін тәрбиелеуге, орна­ластыруға, біліктіліктерін арттыруға, ғы­лым­­мен айналысуларына мүмкіндік жасап отыратын, ол кісінің көптеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Ерекең қала, облыс денсаулық сақ­тау саласының басшысы бола жүріп, өзінің де біліктілігін арттыруға аса мән беретін, дәрігер ретінде кәсіби шеберлігін шыңдай жүріп, хирург-травматолог ретінде бірнеше мыңдаған операциялар жасап, талай жан­дардың өміріне араша түсті. Мәскеуде трав­матология-ортопедия саласы бойынша білік­тілігін арттырып, ғылымға ден қойды, 1974 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атағын қорғады, 64 ғылыми еңбек пен 3 кітаптың авторы атанды.

Ернияз Омаровтың Сыр бойы денсаулық сақтау саласына сі­ңірген еңбегі өлшеусіз, ол кісінің аты ел тарихына алтын әріппен жазылатындай. Егер Ерекеңнің облыс халқының денсаулығын сақ­таудағы еңбектерін нақты мысалмен, санамалап айта берсек, ол шағын мақалаға симас еді. Ол кісі өмірінің 62 жылын Сыр медицинасына арнады. Ернияз Омарұлының адамгершілік қасиеттері, әдебиетке, өнерге жақындығы, облыстың басқа да салаларына араласуы, қайраткерлік қызметтері, қоғамдық-саяси өмірге араласуы өз алдына бір дастан. Осы жерде өзім куә болған тағы бір оқиғаны айта кеткім келеді, бұл –Ерекеңнің әдебиетке қатысты Қаңлы Жүсіптің 140 жылдығына байланысты атқарған сауапты жұмысы. Қаңлы Жүсіптің қазақ əдебиеті тарихында өзіндік орны бар. Қаңлы Жүсіп ақындығымен қоса ел арасында би деп те аталған. Орысша, мұсылманша сауатты болған Қаңлы Жүсіптің ел билеу ісіне ара­лас­қаны шындық. ХХ ғасырдың басында Сыр өңірінде кең тарап, елді елеңдеткен ай­тыстың бірі – Қаңлы Жүсіп – Нақып Қожа – Кете Жүсіп арасындағы айтыс. Жеті жылға созылған айтысты Тұрмағанбет, Даңмұрын тағы басқа Сыр сүлейлері аралық сөз айтып тоқтатады. Қаңлы Жүсіп – кезінде Сыр сүлейлерін өзіне ұстаз тұтқан Сыр бойына тəн ақындық дəстүрді жалғастырушылардың бірі. Сондай-ақ өзі де ұстаз бола білген ақын. Сыр өңірінен шыққан қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов Жүсіп Қадырбер­генұлын қадір тұтып, құрметтеген. Міне, осындай ақынның 140 жылдығын атап өтуге Ерекең үлкен ұйыдастырушылық жұмыс жасады. Қазіргі Сырдария ауданының 8 бекет тұсында ақын Қаңлы Жүсіпке ескерткіш орнатып, оның көпшіліктің қатысуымен ашылу салтанатын өткізді. Тереңөзек кентінде «Ақжол» мейрамханасында ақынның рухы­на арнап ас берілді, Құран бағышталды. Ерекең тағы да өзінің өте қоғамшыл, батыл, айналасын ұйымдастырып, үнемі іс басында жүретіндігін дәлелдеді. Бұл 2014 жылдың 23 мамырында өткізілген іс-шара болатын.

Ернияз Омарұлы зейнетке шыққан соң да өмірінің соңына дейін кәсіби мамандығына деген адалдығын сақтады, СПИД-ке қарсы орталықта, қалалық ауруханада травматолог маман ретінде кеңес беріп, қызмет жасады. Ернияз Омарұлы өзінің кәсіби мамандығы мен медицина саласының ұйымдастырушысы қызметімен қоса өмір бойы қоғамдық жұ­мыспен айналысты. Кейін республикалық дә­режедегі зейнет демалысына шықса да об­лыстық денсаулық сақтау қызметкерлері ардагерлер кеңесінің жұмысына аралас­ты, сонымен қатар «Шапағат» қоғамдық қайы­рымдылық қорын басқарды. Ал ол кісінің ту­ған жеріне деген ықыласы бөлек болатын, үнемі көмек қолын созатын, жерлестерімен мақтанатын. Осыған байланысты бір мысал келтірейін. 2017 жылдың 21 қыркүйегінде мем­лекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1957-1962 жылдары халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарының бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің III-V шақырылымдарының депутаты болған бұрынғы Тереңөзек ауданының тумасы Сейдулла Оспановты еске алуға арналған «Ғасыр жасаған ғұмыр» атты Асқар Тоқмағам­бе­тов атындағы мәдениет үйінде өткен таным­дық конференцияда Қызылорда облысы­ның Құрметті азаматы Ернияз Омаров сонша­лық­ты құрметпен, осындай жерлесінің ғибратты ғұмыры туралы үлкен тебіреніспен сөйледі, қатысушылар ықыласпен тыңдады.

Ерекеңнің достыққа адалдығы, әріп­тес­терімен қарым-қатынасы, олардың еңбегін бағалауы жоғары дәрежеде болатын. Өз басым облыстық денсаулық сақтау саласын 30 жыл басқарған София Өтегенқызы Мақашева, Қызылорда медицина училищесін 29 жыл басқарған Сара Төлегенқызы Дәуітбаева туралы жылы лебіздер айтып отыратынын талай естігенмін. Ернияз Омарұлының медицина саласындағы қызметі, облыстың дамуына қосқан қызметі, үлесі, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы жоғары дәрежеде бағаланған. Қазақстанның еңбек сіңірген дә­рігері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, «Құрмет» грамоталарымен ма­рапатталған, «Қызылорда облысының Құр­метті азаматы» атағын алған.

Ерекеңнің біз атап өткен қызметтегі, өмір­дегі барлық жетістіктерінің дем берушісі, бапкері 65 жыл отасқан адал жары Хадиша апай болды. Отбасының шырағы, бес бала­ның анасы, сенімді серігі Хадиша апай екеуі үнемі бірге жүруші еді, біз оларды бөлек елес­тете алмаушы едік.

Ерекең дүниеден өткен жылға жуық уа­қыт ішінде біз ол кісіні талай іздедік. Көпшілік жиналған жерде ол кісінің орны бос тұрған­дай, ортамыз тым-тырыс болып қалғандай көрінетін. «Уақыт емші» дейді ғой, біртіндеп көндігіп келеміз. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп көп айтыла беретін сөз Ерекең үшін ай­тылғандай көрінеді. Отырған жері думанды болатын, қызықты әңгімесін айтып, ән де салып беретін. Менің барлық жақсылықтарыма, мерейтойларыма Хадиша апаймен бірге қатысатын, жылы лебізін білдіріп, арнап ән айтатын. Бірде Ерекеңе сәлем беріп отбасына бардым да бірнеше кітаптарымды «қарап шығыңыз» деп бердім. Сондағы Ерекеңнің «Бұған қалай уақыт таптың, қай жерде жүріп жаздың» деген сұрағы әлі есімнен кетпейді.

Ернияз Омарұлының өмірі мен қызметі зерттеген, зерделеген адамға тұнып тұрған тарих, еңбек, өнеге, ғылым, ұстаздық. Ол кісінің адамгершілігі мен парасаты, асыл қа­сиеттері мен тектілігі, адалдығы мен әді­леттілігі, жанашырлығы мен қамқорлығы – жас ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Ернияз Омарұлы ұзақ жасады, өмірдің ащы-тұщысын көрді, дегенмен абыройлы, бақытты өмір сүр­ді. Ерекең жалтылдап, жарқырап, жадырап, жайраңдап жүретін, біз ол кісіні сыртынан «Алтын адам» дейтінбіз. Ерекең біздің жады­мызда ақжарқын бейнесімен, осы ерекше аты­мен сақталып қалды.



Алмагүл Божанова,
«Қызылорда облысының
Құрметті азаматы»

19 шілде 2022 ж. 405 0