Елін сүйген ер еді
Алақандай Асқар ауылында біздің бала кезімізде Жұбан атаның алма бағы деген бақ болатын. Жасыл желегі жайқалып, піскен алмасы аузыңда еритін.
Жесең аузыңнан дәмі кетпейтін. Бала болып сол алма баққа талай рет ұрлыққа түсіп едік. Сол алманың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді.
Сол алма бақтың иесі Жұбанияз ақсақалдың Қожанияз деген туған ағасынан Ернияз деген баласы қалада дөкей дәрігер-деп ауыл шулайтын сол кезде.
Ауруыңды айтып алдына барсаң меселіңді жықпайды. Көмек қолы әркез дайын. Ауылдың адамына ықыласы ерекше, аңқылдаған ақкөңіл азамат-деп ауыл адамдары Ернияз ағаны аузынан тастамайтын.
Сол Ернияз ағамыз бірнеше жыл обылыстың денсаулық сақтау басқармасын басқарды. Ағамыз басшылық еткен жылдары, өңірдегі денсаулық сақтау саласы ерекше қарқынмен дамыды. Қаншама аудандармен ауылдар ауруханалы, амбулаториялы болып қалды. Соның ішінде біздің ауданмен менің ауылымда бар.
Менің анам айтады адамнан адам шығу оңай ма? Сені босанғанда проктологиялық ауруға ұшырадым. Бір-екі рет ота жасатып едім сәтсіз шықты.
Алты жылдай сол аурудың азабын тарттым. Астым нәжіспен, желді ұстамайды. Өзім мектепте мұғаліммін. Сабақ беріп келгенше нәр татпаймын. Сөйтіп жүріп сенен кейінде екі бала таптым-ау. Әйел байғұс қырық жанды дегені рас екен-деп шешем байғұс бүгінде күледі.
Болмағасын 1984 жылы Ернияз ағама бардым. Рулас жағынан өзімнің ағам. Мені өмірінде көрмеген. Танымайды. Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық-деген. Өмірден ерте кеткен әкемнің атын айтып, ауруымды айтып егіліп жылап отырмын-дейді.
Бәрін тыңдап болғасын ағам байыпен ғана Ресейдің Куйбышев деген қаласына жолдама беремін сенің ауруыңа пластикалық ота жасауда сол жер мамандандырылған деп жұбатып ағалық қол ұшын созды.
Алты жыл азабын тартқан аурудан алдымен Алланың, сонан соң Ернияз ағамның аялы алақанының арқасында арылдым-деп анам байғұс ағыл-тегіл жылағанда ет-жүрегің елжірейді.
Ол кісі қаншама адамның сауабын алды. Гиппократтың антына адал ағамыз қаншама адамның өмірін ажалдан арашалап қалды-десеңізші.
Хадиша анамызбен берекелі ғұмыр кешті. Ұлын ұяға, қызын қыйяға қондырды. Жақсы әйел - қанатың. Жиғаныңмен, мейманыңның тұрағы-дейтін Ернияз ағам.
Ол кезде бастықтың үйіне қонақ көп келеді. Менің келген қонағыма Хадиша жайылып жастық, иіліп төсек болатын. Жамандығымды жасырып, жақсылығымды асыратын. Жұртпен бірге жарты құртты жарып жейтін, бүтін құртын бөліп жейтін. Мен Хадишаны алып, жар таңдаудан жолым болған жанмын дейтін Ернияз нағашым.
Бірнеше жыл бұрын көзінің тірісінде күре жолдың бойындағы қорымнан өзінің бейітін тұрғызып қойған болатын. Тоқсанға қараған шағында сол қорымдағы мәңгілік сапарына кеше аттаныпты Ернияз ағам. Иманды болсын!
Қазақта:”Қаңылы тұрғанда хан сайламайды”-дейтін мақал бар еді. Сол қалың қаңылы менің өсіп-өнген нағашы жұртым.
Қызылорда обылысының халқына, барлық нағашыларыма, Ернияз ағамыздың отбасына, әулетіне, ағайын, туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
Марқұм Ернияз ағамыздың жатқан жері жәйлі, топырағы торқа, иманы салауат болсын.
О, дарих кетіп жатыр небір жайсаң жақсылар!
Мақсат СҚАҚОВ