Байқаушылардың рөлі басым

Қазіргі уақытта байқаушылар санын аймақтар бойынша нақтылау, тренингтер өткізу, оларға материалдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, оқу семинарына қатысқандар 5 маусым күні өтетін референдумды, оның ішінде сайлау учаскелерінде байқау мен мониторинг жүргізуге атсалысады. «Референдумның айқын, әділ өтуін қамтамасыз ету үшін партиялық емес байқаушылар үлкен рөл атқарады. Ол үшін байқаушылар өздерінің құқықтары мен міндеттерін және заңнаманы білуі тиіс. Қазір байқаушылар арнайы оқытудан өтіп, білімін шыңдауда», деді орталық төрағасы.
Семинарға қатысушылар байқаушылардың функциялары мен міндеттерін, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңдарының негізгі ережелерін талқылады. Іс-шара барысында байқаушылар сайлау органдарының құзыреті, дауыс беру күні сайлау комиссиясының қызметін ұйымдастыру, қоғамдық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың жұмыс істеу қағидаттары сынды мәселелерді қарады.
Осы бағытта қатысушыларға сайлау бойынша тәжірибелі маман, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы мүшесі Серік Сыдықов «Республикалық референдумдағы байқаушылардың өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері» тақырыбында дәріс оқыды. Спикер заңдарда белгіленген байқаушылардың құқықтары мен міндеттерінің негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктерін толығырақ баяндады.
«Референдумда байқаушылардың рөлі өте маңызды. Олардың басты міндеті – процесті объективті түрде қадағалап, әділ және адал өткізуге ықпал ету. Байқаушының негізгі функциясына дауыс беруге, сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындыларын белгілеуге қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қадағалау жатады», деді Серік Сыдықов.
Семинар соңында референдумға дайындық барысы талқыланып, сарапшылар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.