Бесарық ауылында референдумның мәні түсіндірілді
Республикалық қоғамдық штаб, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреевтің Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары Бесарық ауылынан басталды. Сонымен қатар, Мәжіліс депутатымен бірге облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев аталған жиынға қатысты. Ауыл тұрғындарымен кездесудегі негізгі мақсат - халыққа жалпыхалықтық референдумның мәні мен маңыздылығын түсіндіру. Бесарық ауылдық мәдениет үйіндегі кездесуге ауылдық ардагерлер кеңесі, шаруашылық қызметкерлері, ұстаздар және ауыл тұрғындары қатысты.
Үстіміздегі жылдың 5 мамыры күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бейнеүндеу жасап, 5 маусымда Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек.
Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр – деді Ғалым Әміреев.
Ауыл тұрғындары тарапынан Жаңа Қазақстан құру жолындағы Мемлекет басшысының бұл шешіміне толықтай қосылатындықтарын атап өтті.