Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде газ пайдалану көлемі 35 пайызға артты

Елімізде газ пайдалану көлемі 35 пайызға артты

Соңғы бес жылда елімізде газ пайдалану көлемі 35 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында сенатор Ерік Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ішкі нарықта газды пайдаланудың күрт артуына байланысты соңғы бес жылда тұтыну көлемі 35 пайызға өсті. Болжамға сәйкес, мұндай қарқын осы жылы да сақталмақ. Алайда қолданыстағы кен орындарынан газ өндіру көлемінің ұлғаюына үміт артуға болмайтын сияқты», деді сенатор.

Оның атап өтуінше, елімізде өндірілетін ілеспе мұнай газының 80 пайыздан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі болып отыр. Бірақ аталған кен орындарында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған өнімді бөлу туралы келісімге жасалған сараптама мұнай өндіруге басымдық берілетіндігін көрсетеді.

«Соның аясында жер қыртысы қысымын ұстап тұру үшін жер қойнауына кері айдалатын газ көлемі жыл сайын артып келеді. 2021 жылдың қорытындысында бұл көлем шамамен 39 пайызды құрады.

Ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ болжамына сәйкес, бұл көлем 2030 жылға қарай 50 пайыздан асып түседі. Бұған қоса жер қойнауын пайдаланушылар шығынның жоғары, сатып алу бағасы мен рентабельділіктің төмен болуына байланысты газды өндіру және қайта өңдеуге қатысты жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытпайды. Мұндай тенденция 2024 жылдан бастап елімізде тауарлық газ тапшылығын туындатуы мүмкін. Ал еліміз газ қоры бойынша әлемде 22-ші және ТМД-да үшінші орында тұр», деді Ерік Сұлтанов.
25 сәуір 2022 ж. 325 0