Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпістің керіп желкенін

Жетпістің керіп желкенін

Бала кезімізде 1 қыркүйек күні мектепке гүлсіз бар­ғымыз кел­мейтін. Білім күні «сабаққа барасың» десе, су жаңа мектеп формасын киіп, қолымызға гүл ұстап, салтанатты іс-шарада тұрғанымыз көзімізге елестей қалатын.

31 тамыз күні кешкісін әкем оқушы әпке­ле­ріммен бірге қолымыздан жетектеп, үлкен үйге ертіп апаратын. Жол бойына «Қазір біз аға мен апаның үйіне гүл алуға барамыз. Ол кісілер біздің жақын сыйлас ағаларымыз. Кір­генде амандасыңдар» дегенді құлағымызға құ­йып баратын. Содан Абай көшесінің бойында орналасқан кең аулалы үйге шуылдай сәлем бе­ре кіретінбіз. Үйдің ауласы жайқалған гүлге толып, бау-бақша жыл сайын жайнап тұратын. Бізді алып денелі ағай мен жүзінен мейірім шуағы төгілген әдемі апай күтіп алып, гүлмен қоса тәттіге тойдырып жіберетін.

Әр жылдың қыркүйегіне таяу «Жантемір аға мен Әлия апайдың үйіне барамыз» деген әке­міздің «бұйрығын» асыға күтетінбіз. Кіш­кентай ба­ла не нәрсені де тез қағып алғыш-ақ қой. Әке­­міздің жыл сайын жол бойына қайталанатын әң­гімесінен қашан барсаң күліп қарсы алатын аға мен апайдың сыйлы, құрметті жандар екенін құ­лағымызға сіңіріп өстік.

Иә, әңгіменің ауанынан бүгінгі сөз аудан ғана емес, облыс, республика көлемінде беделді «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Мәдениет сала­сы­ның үздігі», ауданның «Құрметті азаматы» Жан­темір Айсин ағамыз бен жары Әлия апай туралы еке­нін оқырман бірден аңғарған болар.

Жантемір аға – Батыс Қазақстан өңірінің тумасы. Орал облысы, Казталовка ауданы, Қара­оба кеңшарында 1952 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Ән және музыка» факультетін 1973 жылы бітіріп, тағдыр айдап Тереңөзек ауданына келген. Алғашқы еңбек жолын аудандағы балалар музыка мектебінің мұға­лімі болып бастаған.

– Оқу бітірген соң жолдамамен түрлі аудан­дарға жұмысқа жіберіп жатты. Қай ауданға ба­­ра­мыз десек, таңдау еркі өзімізде еді. Біз Те­­­рең­өзекті таңдадық. Сол кездегі шешімнің дұ­рыс­­тығына әлі күнге шүкір етеміз. Киелі мекен өз баласындай бауырына басты. Қызмет те қыл­дық, осы жерде отбасын да құрдық. Жалындап, желігі басылмаған жігіт болып келіп, бүгінде қа­­зы­налы қарттыққа жетіп, кейінгіге ақыл ай­тар­лық дәрежеге жеттік. Сыр өңіріне риза­шы­лығымыз шексіз, – деді Жантемір аға өмі­рінің бір кездерін ерекше ықыласпен еске алып.

Кейін аудандық мәдениет бөлімінің мең­ге­рушісі болып қызмет еткен ағамыз ұзақ жыл ау­дан мәдениетін басқарған. Ауданның өсіп-өр­кендеуіне, руханияттың жандануына өз үле­сін қосқан Жантемір аға мәдениет бөліміне бас­­шылық жасаған жылдары аудан халқына 27 кі­тапхана, 5 мәдениет үйі, 8 ауылдық клуб, 1 қы­зыл отау, 1 мұражай, 14 автоклуб мәдени қыз­мет көрсеткен. Аудандық мәдениет үйі жа­нын­­дағы драма үйірмесінің репертуары жа­ңар­­тылып, халықтық атаққа ұсынылып, ол атақ­ты 1988 жылы алса, «Сарыбаевтар» жанұялық ансамблінің де халықтық атаққа ие болуына бі­лікті басшының ықпалы зор болған. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Құрақтың Дос­­жаны» атындағы халық ұлт-аспаптар ор­кестрі тарап кету қаупінде тұрғанда арда азамат руханияттың туын жықпай, оркестрді сақтап қалуға тырысқан. Соның нәтижесінде осы күнге дейін оркестр өз дәрежесінде жұмыс атқарып келеді. Жантемір аға 2003 жылдан бастап ау­дандық әуез мектебінің директоры қызметіне та­ғайындалып, 13 жылдан кейін құрметті зей­нет демалысына шыққан. Жантемір аға мен Әлия апай бүгінде талай жылғы бейнетінің зей­нетін көріп, немере, шөберелерінің ортасында ақылшы болып, тамырын тереңге жайған үлкен әу­леттің берекесін арттырып отыр.

Жантемір Айсин көрген жерде ақыл-кеңесін айтып, өмірден көргені мен түйгенін құлағымызға сіңіріп отырады. Ол кісімен құрған әңгімеден бір сабақ, бір түйін алып қайтасың. Өмірі өнегеге толы ардақты азамат ең алғаш аудандық газет редакциясына жұмысқа орналасқанымды ес­тігенде шынайы ризашылығын білдіріп, ағалық пейілін танытып, редакцияға қоңырау шалып, арнайы құттықтаған еді. Қашанда ақыл-кеңесін беріп, «мәдениет, ақпараттық құралдар саласы, бәріміз – халықтың рухани мұрасын байытушы саланың адамдарымыз» деп қанаттандырып қояды.

Ағамен сұхбат барысында «апаңмен елу жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүр­дік» дегеніне бағыттап Әлия апаймен қалай таныс­қандарын да сұрадым.

– Апаң – Шиелі ауданының тумасы. Екеуміз сол студент кезде таныстық. Бір факультетте, бір топта оқыдық. Жалындаған жастық шақ, біріміз жиырма, біріміз жиырма бір жаста, 4-курс оқып жүрген кезде шаңырақ құрдық. Құдай қосқан қосағым да мәдениет саласының маманы. Біз та­нысқан кезде ол «Сыр сұлуы» ансамблінде хареограф болатын. Кейін осы мәдениет саласында қатар қызмет атқардық. Қазір екеуміз де зейнет демалысындамыз, – деген Жантемір аға әңгімені одан әрі жалғап кетті. – Бұл кісі көпбалалы отбасынан шыққан. Содан да болса керек көпшіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұрады. Кісіге деген сыйластық, қамқорлық, инабаттылық пен ибалылық, жақсы қасиеттің бәрін бойына жиған жан. Албырап тұрған жас кезімізде үйлендік, одан жаңа мекенге қоныс аудардық. Елу жылда өмірімізде түрлі өзгерістер орын алды. Біз бір-бірімізді тәрбиеледік деп айта аламын. Өмірдің ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңдық. Апаң қандай жағдайда да ерін сыйлай білетін на­ғыз қазақ әйеліне тән көрегенділігін көрсете біл­ді, – деп аяқтады.

Осыдан біраз жыл бұрын Жантемір аға мен Әлия апай үйімізге қонаққа келді. Дастархан басында сыйластыққа толы жарасымды көрініске куә болдым. Ол кезде әлі бала болсам да сондай әдемі көрініс әлі күнге көз алдымда сақталып қалыпты. Иә, тамырын тереңге жайған үлкен әу­леттің шаттығын еселеп отырған Жантемір аға мен Әлия апай сондай жандар. Қашан көрсең әдемі қалыптан, байсалдылықтан танбайтын жан­дар көпшілікке үлгі.

Қазақ танымында «табу» деген салт бар. Яғни жаңа түскен келіннің күйеуінің, күйеуінің туыстарының атын атамай, сыйластық танытуын көздейтін бұл салтты бүгінгінің жастары ұмы­тып-ақ бара жатқаны жасырын емес. Қазаны оттан түспей, қашан барсаң кең дастарханы жаюлы тұратын Әлия апай Құдай қосқан жарының атын тура атамай, «Тәкең» деп сыйлап отырады. Әлия апайды қазақ әйелінің нағыз эталоны деп айтуға болады. Елу жыл бойына шаңырақты шайқалтпай, талай қиындықты қол ұстасып қатар еңсеріп келе жатқан жандардың өмірі үлгі-өнегеге толы.

Аяулы ана – төрт құрсақ көтерген жан. Десек те Тәңірдің сынағы болар, бір ұл, бір қыз мәңгілік мекеніне аттанған. Олардың артында қалған аманат ұл-қыздары ата-әжесінің аялы ала­қанында, өнерлі әрі білімді болып өсіп келеді. Ал қыздың үлкені Гүлназ Нұр-Сұлтан қаласында Қаржы министрлігінде абыройлы қызмет атқарса, Асхат қарашаңырақта ата-анасының разылығын алып отыр. Бүгінде ардақты ата мен аяулы әже немере-шөбере сүйіп, өнегелі өмір өрнегін көр­сетіп келеді.

Қазақтың салты мен дәстүрінен аттамай, Тә­ңір­дің түзу жолымен жүріп келе жатқан жандарға Жаратқан да жарты ғасыр бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс құруды нәсіп етіпті. Қазақта не­ке тойларын жыл бойынша бөліп, әр жылдың ерекшелігіне орай ат беріп, айдар тағады. Бірге елу жылды еңсерген жандар биыл «Алтын тойды» тойлауда. Өз баласын ғана емес, ел баласын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп, талайдың шынайы алғысын алып, көпке үлгі-өнеге болып жүрген жандарды мерейлі мерейтоймен шын жү­ректен құттықтап, қатар жүріп «Гаухар той» мен «Тәж тойды» көруге жазсын деп тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
19 сәуір 2022 ж. 397 0