Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға басымдық береді

Партия мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға басымдық береді

Халық денсаулығын нығайту, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Жетекші партия бұл бағытта нақты міндеттерді межелеп, атқарылуы тиіс жұмыстарды сайлауалды бағдарламаға топтастырған. Осы ретте сайлауалды бағдарламаның сапалы әрі уақытылы іске асып жатқанын атап өтуіміз қажет.

Сайлауалды бағдарламада: «Пандемия заманауи денсаулық сақтау саласының жүйелі кемшіліктерін айқындады. Азаматтарымыздың денсаулығы – «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Біз отандық денсаулық сақтау жүйесі білікті кадрлармен, заманауи құрал-жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шараларды қажет етеді деп санаймыз» делінген. Осы міндеттер шеңберінде қазіргі таңда медициналық кадрларды оқытудың халықаралық стандарттары енгізіліп, медицина қызметкерлерін, оның ішінде балалар дәрігерлерін қоса алғанда нақты салаға терең бейімделген қызметкерлерді даярлауға арналған гранттар саны артты. Енді 2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өсіп, кем дегенде 550 000 теңге, ал орта медициналық персоналдың жалақысы кем дегенде 190 000 теңге болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ әрбір өңір дәрі-дәрмектің, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық жабдықтардың қажетті резервімен қамтамасыз етіледі.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты саяси маңызы бар құжатта «денсаулық сақтау саласын барлық көздерден қаржыландыру көлемі ЖІӨ-ден 5%-ке дейін жеткізіледі. Өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық пен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы емхана салынады» деп нақты көрсетілген. Яғни, аудандық ауруханаларды қазіргі заманғы компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, перзентханаларды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру жөнінде шаралары қабылдануда. Мұнан бөлек тірек және іргелес ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жаңартылуда. Қозғалмалы және телемедицина, азаматтардың денсаулығын «ақылды білезіктерді» пайдалану арқылы қашықтықтан мониторинг жасау да қолданысқа енгізіліп, өз тиімділігін көрсетуде.

Негізі қазіргі таңдағы пандемия кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтудің, зертханалардың материалдық-техникалық жағдайын жаңартудың маңызы зор. Бұл мәселелердің шешілуі арқылы кейінге қалдырылмайтын операциялар мен зерттеулерге кезек мәселесі шешіледі. Ал цифрлық технологияларды енгізу жалған дерекке жол бермей, Медициналық сақтандыру қорының қаражатын жұмсау ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қорыта айтқанда, отандық медициналық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қабылдау жалғаса береді. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және азаматтардың мобильді қосымшалар арқылы денсаулық сақтау қызметтерін жаппай бағалауын енгізу бойынша заңнамалық нормалар ұсынылады. Өмір сүрудің орташа ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін жеткізу мақсат етіліп отыр. Осынау маңызды міндеттерді орындау мақсатында «Nur Otan» партияның мүшелері еңбек ете беретін болады.

Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі
19 қазан 2021 ж. 96 0