Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дұрыс тамақтану – ұзақ өмір сүру кепілі

Дұрыс тамақтану – ұзақ өмір сүру кепілі

Қазір айналамызда болып жатқан құбылыс­тың барлығы жылдам өзгеріп жатқан тәрізді. Тіпті бұл адамдардың мінез құлқынан бас­тап, жасайтын іс-әрекетіне дейін орын алып жатқан өзгерістер. Бұрын ерсі болып көрінетін нәрсе енді қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай.

Айтар ойымыздың түпкі төркінін қысқаша баяндар болсақ, соңғы кезде қыз-келіншектердің жылдам даярланатын тағам түрлеріне әуестеніп бара жатқандығы. Жасыратыны жоқ, отбасында ас әзірлеудің шебері атанған аналарымыздың өзі арагідік аз уақытта дайын болатын донер немесе гамбургер, ход-дог пен картоп қытырлағымен ауқанттанғысы келеді. Бұл тағамның қатарына кока-кола, пепси, фанта, спрайт т.б. газдалған сусындарды қосыңыз. Яғни адамдардың жеңіл тағамға деген сұранысы артқан сайын, оны тұрақты түрде тұтынушылар да көбейіп келеді.

Бірде көрші көлемнің басы дастархан басына жиналған болатын. Ата-бабаға құран бағыштау мақсатымен жайылған дастарханда тағамның түр-түрі қойылған. Тіпті шетелдің пиццасы мен сушиі де осында, мұнан басқа тағы толып жатқан ас мәзірінен дастархан майысады.

Иә, шүкір, тоқшылық заман, не жеймін, не ішемін десеңде бәрі бар. Бірақ мұндай ас мәзірі адам денсаулығына зияннан басқа ештеңе әкелмейді. Мұндай ас-ауқатпен күнделікті тамақтанатындар аурудың үстіне ауру жамайды.

– Ас – адамның арқауы. Дұрыс тамақтану – күш-қуат көзі. Әрбір адам, әсіресе егде жастағы кісілер тамақ құрамының құндылығына аса мән бергені дұрыс. Себебі дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі, ағзаның қалыпты жұмыс жасауына, оның қоршаған ортаның жағымсыз әсеріне қарсы тұру қабілетін күшейтуге ықпал етеді. Қазіргі кезде жылдам әзірленетін тағамдардан мүлдем бас тарту қажет. Оларды жеміс-жидекпен алмастырған жөн. Сонымен қатар тұтынатын азық-түлікті сатып аларда оның құрамын міндетті түде көру керек. Ағзаға зияны жоқ заттардың болуына мән беріп барып, алған дұрыс, – дейді дәрігер Үмбігүлсім Жанақұлова.

Иә, расында адамдар тез дайындалатын тағам тұтынуға бейімделіп барады. Тіпті, оның өмірімізге дендеп бара жатқаны сонша, қазір жас баладан бастап үлкен кісілерге дейін өзге ұлттың ас мәзіріне қызығушылығы басым болып бара жатқаны рас. Ал оның салдары түрлі ауруға әкелумен қатар, артық шығын екеніне көз жұма қараймыз. Яғни адамдар дұрыс тамақтанудың мәнісін біле тұра, денсаулыққа күллі зиянын тигізетін тағамға әуестенуін азайтар емес.

Айталық, тез дайындалатын тағам түрлерінің барлығы ащы, әрі майлы болып келеді. Әбден қайнап немесе бұқтырылып пісірілмегендіктен оның сапасы туралы айтудың өзі артық. Сондықтан артық салмақ немесе асқазан ішек жолдарының созылмалы ауруы осындай сапасыз тағам тұтынудың салдарынан пайда болатыны айтпаса да түсінікті. Ал оның алдын алу дұрыс тамақтану мен саламатты өмір салтын ұстанумен байланысты.

– Дұрыс тамақтану тақырыбын қозғағанда ең алдымен ағарғаннан жасалған тағам түрлері ойға келеді. Күн сайын айран, қатық, сүт тағамдарын тұтынуды әдетке айналдырғанбыз. Отбасымызбен түгел ағарғанды ұнатамыз. Кейде қуырылған тағам дайындалғанда міндетті түрде артынан ағарған ішеміз. Кез келген тағамды қайнатып дайындауға болады. Оны міндетті түрде қуырып әзірлеу керек деген нәрсе жоқ. Жасымыз да үлкейді. Астың тұзы да ағзаға теріс әсер ететіндіктен, неғұрлым ас тұзын аз мөлшерде пайдаланғанды ұнатамыз. Келіндерім де соған бейімделді. Тағамға тұзды, қантты болар-болмас салады, – дейді кент тұрғыны Зейнекүл апа.

Мамандардың пікірінше дұрыс тамақтанудың арнайы ережесі мен негізгі шарттары бар. Ең бастысы тұтынатын тағамның құнарлығы мен құндылығы маңызды. Ал тамақтанудың басты ережесіне асты үстелдің басында отырып, ештеңеге алаңдамай, асты әбден шайнап, асықпай жеу жатады. Негізінен дені сау адам тамақты аз мөлшерде күніне 5 рет қабылдағаны дұрыс. Таңертеңгі асты міндетті түрде қабылдау, күні бойы сергек жүрудің кепілі болмақ. Қазақта «таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деп бекер айтылмаса керек.

Шын мәнінде ауқат – қажеттілік және денсаулық кепілі. Ас – негізгі қуат көзі. Сонымен қатар ас – адамның арқауы. Асты дұрыс қабылдау арқылы асқазан ауруларына, қатерлі ісікке, жүрек ауруларына қарсы тұра аласыз. Яғни, адам ағзасы қалыпты жұмыс істеуі үшін, әрі ұзақ өмір сүруге белсенді өмір салтын ұстанып, өмірлік қажеттілік – асты дұрыс қабылдаған жөн.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
17 наурыз 2022 ж. 546 0