Адамның бір қызығы бала деген

– Қазір сол «кереметке» сені кім берді деп сұрасам?
– Мені Алла берді?, – деп жауап береді.
– Аллаға не деп айту керек десем?
– Аллаға мыңдаған шүкір, мыңдаған рахмет деп айту керек дейді. Иә, расыменде Аллаға мыңдаған шүкіршілік етемін. Алтын асықтай қыз бен ұл бергені үшін. Жаратқаннан сұрап алған аманаттарым ғой менің. Балаларым өмірге келгеннен кейін, олар өмірімнің мәні мен сәніне айналды. Жас шыбықтай өріліп өсіп келе жатқан перзенттеріме лайықты білім алуына жағдай жасау, жақсы азамат етіп тәрбиелеу ата-ана ретіндегі үлкен міндетім деп білемін. Оған атүсті қарауға болмайды. Бұл – үлкен жауапты іс. Дүниеге әкелу, оның бар-жоғын түгендеу, тиісінше тәрбиелі азамат етіп өсіру жауапкершілігі мол жұмыс.
Осы тұста көпті алаңдататын жағдай – баласын бағаламайтын жандардың кездесетіні. Аманатқа қиянат жасап жататындар да қатарымызда жүр. Өмірге әкелгеннен кейін жағдайын жасап, тиісінше тәрбиесін беріп, салиқалы ұрпақ етіп өсірудің орнына сыртқа тебетіндерді көзіміз көріп жүр. Өсіп жатыр ма, өсіп жатыр дейтіндер де жетерлік. Бір үйдің балалары бірін-бірі бағып, өсіріп жүргендер де бар. Оларды ата-анасы өз жұмысымен әуре. Баланың материалдық жағдайын жасасам болды деп ойлайды. Ал перзентінің тәрбиесіне мүлдем салғырт қарайды. Себебі, басқаға уақыт жоқ.
Мұндай жағдайға тап болған баланың психологиясы бұзылады. Жасқаншақ, өз ойын жеткізе алмайтын, ортасымен араласпайтын балалар жеткілікті көңіл бөлінбеген отбасынан шығады. Бала жас шыбық сияқты қалай исең, солай қарай майысады. Сол себепті де, бала тәрбиесінде ағаттық жіберудің салдары үлкен өкінішке әкеледі. Сондықтан уақытында балаға назар аударылса, оның болашағына үлкен септігін тигізеді.
Негізінен, бала кішкентай кезінде ата-ана мейірімі мен қатал тәрбиесін есте сақтайды. Осы тұста бала бәрін ұмытып кетеді дегенге жол бермеу керек. Олар ештеңені де ұмытпайды. Оған дәлел өз балаңыз. Балаңызбен әңгіме дүкен құрып сөйлессеңіз, балаңыз ашылып ойындағысын айтып береді. Бала психологиясы өте нәзік болады дегені рас екен. Сол себепті де тәрбиеде барынша осал болмаған дұрыс деп ойлаймын. Баламен сырласып, ақылдасып оның іс-әрекетінің дұрыстығын немесе бұрыстығын айтып отырған жөн. Ата-анамен қарым-қатынас қалай өрбісе бала солай қалыптасады.
Айта кетейік, баланы өмірге әкелгендегі жауапкершілік ата-анасына бірдей жүктеледі. Екеуі де бала алдындағы міндеттерін теңдей орындауы керек. Соңғы кезде елімізде көптеген ер азаматтар бала алдындағы жауапкершілігін әйелге жүктеп қояды. Ал әйел қолындағы барын баласының аузына тосып, оны қалай жеткіземін деп әуре-сарсаңда жүретіні жасырын емес.
Бұл ретте «Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан баланы өмірге әкелмес бұрын оның алдындағы жауапкершілікті нақтылап барып жоспарлау ерлі-зайыптының міндеті. Себебі, екеуара түсініспеушілікке барған жас отбасы мүшелеріне үлкен мәселе туғызуы ықтимал.
«Бала – бақытың» демекші, балаға тиісінше көңіл бөлген дұрыс. «Бала – адам өмірінің мәні, әрі жалғасы». «Бала – баға жетпес құндылық» деп жатады. Ол расыменде солай. Баланы қалай өсіргеніңнің жемісін ол ер жеткенде ғана байқайсың. Баланың тәрбиесіне мән беріп, жақсы азамат етіп өсірген абзал. Себебі, бала адам өмірінің басты байлығы болып табылады.
Айдана ҚАЛИЕВА