Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түшкірудің пайдасы бар ма?

Түшкірудің пайдасы бар ма?

Түшкіру адам денсаулығына өте пайдалы. Ал сіз бұл туралы білдіңіз бе? Шығыс медицинасы түшкіруді денсаулыққа қажет құбылыс деп есеп­тейді. Тіпті түшкірігі келмеген адамға бұл процесті жасанды жолмен жүргізген. Бүгінгі медицина да аталған табиғи құбылыстың денсаулыққа пайдасын дәлелдеп отыр. Күніне кемінде бір рет түшкірген жақсы. Ал үш реттен көп түшкіру – суық тиюдің белгісі.
Бір мұсылман түшкірсе қасында тұрған адамның оған жақсылық тілеп, Жаратқаннан дұға сұрауы – асыл дініміз үйреткен көркем әдептердің бірі. Түшкіргенге игілік етіп, жақсы тілек тілеу арқылы да мұсылмандар жүрегі бір-біріне жақындай түспек.
Күнделікті өмірде жиі кездескенімен адамдардың көбі ескере бермейтін түшкіру құбылысы – тыныс алу жолдарында тұрып қалған шаң-тозаң сияқты зиянды ұсақ заттар мен ауаны сыртқа шығару арқылы іске асатын шартсыз рефлекс. Адам түшкірген кезде денеде жиналған улы заттар сыртқа шығады. Ал бұл өз кезегінде түрлі ауру-сырқауды болдырмайды. Сондай-ақ түшкіру арқылы мұрынның шырышты қабығы түрлі вирус­тан тазарады. Түшкіру адам ағзасындағы белгілі бір өзгерістен алғашқы хабар беруші болып табылады. Яғни бір нәрсеге кері реакция болса немесе тұмауға шалдығуды түшкіру арқылы байқауға болады. Түшкірген сәтте адамның тыныс алу жолдары ашылады. Сондықтан түшкіргіңіз келсе, оны тыйып қалуға болмайды. Олай еткен жағдайда құлақтың нашар естуіне алып келуі мүмкін. Бірақ дауысты бәсеңдету үшін ауызды қолмен көлегейлеу абзалырақ.
Түшкіру – ағзаның тітіркену және түрлі вирустан қорғану әрекеті. Дәрігерлер түшкірудің адам ағзасы үшін ерекше құбылыс екенін айтады. Сондай-ақ мамандар түшкіргенде ауа ағынының жылдамдығы секундына 120 метрге дейін жетіп, бассүйек ішіндегі қысымның артатынын дәлелдеген. Бұл қан тамыр қабаты әлсіз адамдарға сезілетін көрінеді.
«Сөйлеп тұрғанда түшкіру, сөздің дұрыс екенінің белгісі», «Дұға етіп жатқанда түшкіру, дұғаның қабыл болатынының белгісі» дейді. Түшкірген адамға «рас екен» деудің астары осы болса керек. Сондай-ақ түшкірген адамға Жаратқаннан дұға тілеп «Йәрхамукәллаһ» деп айту сәлем берген кісінің сәлемін алу сияқты парыз болып саналады.
Жантану іліміне сүйенсек, түшкіргеніне қарап адамның мінезін де анықтауға болады екен. Бар даусымен түшкіретіндер табиғатынан ашық, әрі батыл адамдар болса, дауысын шығармай түшкіретіндер ұяң әрі нәзік жүректі тұлғалар болуы мүмкін делінеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
12 ақпан 2022 ж. 888 0