Сіз «Толық адамсыз» ба?
«Қалың елім, қазағым» деп толғанып, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» «толық адамның» қасиеттерін тізіп берген Абай Құнанбайұлының қай өлеңін оқысақ та, өнегеге, тәрбиеге, пәлсапаға толы. бүгін ақынның толық адам тұжырымы туралы оқырман қауымға ой бөлісуді жөн жөрдік.
Университет қабырғасында оқып жүргенде «Абай поэзиясындағы мән мен мағына» деген сабақ болған. Студенттерге Абай өлеңдерінің қадір-қасиетін ұғындыруды мақсат еткен пәннен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Анар Бекмырзақызы дәріс берді. «Адам болғың келсе, еш жерден ештеңе ізденіп әуре болма, тек Абайды оқы» дейтін ұстаз. «Абай Құнанбайұлы сендерге не істеу керегін түгел жазып кеткен, тек соның жазғанын түсініп, көңілдеріңе түйіңдер де, дәл солай әрекет етіңдер, бары сол» деп және қосатын.
Анар апайдың сабағынан ешкім қалмайтын, тіпті кешікпейтін. Әрбір 50 минуттан шынайы әсер, күш алып, әрқайссымыз «Мен қазақпын», «Мен толық адаммын» деп жігерленіп шығатын едік. Бірде Анар апай: «Сендер толық адамсыңдар ма?» деп сауал тастады. Аудитория ішінде мүлгіген тыныштық. Бәріміз ойланып қалдық. Аз уақыт ішінде өз-өзімізге «мен осы «толық адаммын ба?» деген сауал тастадық. Тыныштықты Анар апайдың өзі бұзды.
– Неге үндемейсіңдер? Басқа топқа да осы сұрақты қойғанда дәл осындай «жауап» алған едім. Неге қорқасыңдар? «Өсек, өтіріктен, мақтаншақтықтан, еріншектік пен бекер мал шашпақтықтан» бойың аулақ па? Талапшыл, еңбекқор, терең ойлысың ба? Қанағат пен рақым бойыңнан табыла ма? Демек, сен – «толық адамсың», – деп бір-екі ауыз сөзбен талдап берді.
Мұғалімнің «толық адам» кейпін Абай ақынның өз сөзіне сүйеніп түсіндіргені әрқайссымыздың ойымызда қалды. Бірақ «мен сол атқа лайықпын ба» деген ой әрбіріміздің көкейімізде сайрап тұрды. «Пендеміз ғой» дейміз де, өзді өзімізді ақтап аламыз. Кейде біреу туралы артық пікір айтсақ, кейде еріншектікке салынып бүгін бітер істі ертеңге қалдырамыз. Мақтансүйерлердің ел қызығып, «ой, пәлі» деген мақтауы үшін бекер мал шашып жүргені де жасырып жапқанмен, әлеуметтік желі әлеміне қосылған әмбеге аян.
Кезінде қатар замандасына дейін ақынға қастық қылған. Бұл сөзіміздің негізі тарих беттерінде тізілген. Соған қарамастан «Адамзаттың бәрін сүй» деп өсиет еткен ақынды дана ғана деу қате болар. Әлемдік деңгейдегі ақындардың поэзиясында да, философиясында да мұндай уәж кездеспейді. Өз ұлтын кез келген патриот айтары анық. Ал «Адамзаттың бәрін сүюге» шақыру – Абай ақынның ұлылығы әрі биіктігі.
Анар Бекмырзақызының «толық адам» концепциясын ашып бергені санамда күні кешегідей сайрап тұр. Сол күннен бастап Абай ақын айтқан «толық адам» болуға талпынып келемін. Ақын әрі философтың әр сөзін әр түрлі жаста оқысаңыз, түрліше әсер аласыз, жаңаша астар, жаңа мағынасын түсінесіз. Ақынның күні бүгінге дейін халықпен жасасып келе жатуының сыры да осында болса керек. Әр қазақ оқыса, білсе, «толық адам» болса деп толық мұрасын қалдырған ақын туралы Асқар Сүлейменов «Қазаққа ес кіргенде, Абай да ескіреді» деуі жөнсіз емес. Бұл сөзді де әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Абайдың мақсаты аңғал қазақты асқар биікке шығару еді. «Абайдың жолымен» жүрсе дана халықтың арымасы анық. Жазушының айтпағы да сол...
Қазақ түгел «толық адамға» айналса жер бетінде бізден асқақ ұлт болмас... Бірақ ол күн алыс болашақтың еншісінде болар, тіпті «толық адам» болу мүмкін емес шығар. Қазаққа «ес кірмесе» Абай «ескірмесі» хақ.
«Толық адам» концептісі әр адамның ойында тұруы керек. Әр күн сайын «мен қанша пайыз толық адам бола алдым» деген ой әркімнің-ақ санасындағы «есеп дәптерінде» жазылып отыруы қажет. Мұғалімнің сауалына түгел тосырқап қалғанымыз да бекер емес. Шынымен бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болсаңыз, сіз – «толық адамсыз». Енді ұстаздың сауалын өзіңізге қойып көріңіз. Сіз «толық адамсыз» ба?..
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ