Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саусағыңды шошайтпа!

Саусағыңды шошайтпа!

– Қайыр алдын, – дедім ышқына.
– Неге, – деді Юха.
– Қайыр деген соң қайыр тездетіп. Аналар қорым ішіне кіреді қазір.
– Бұрыннан кіреді емес пе?
– Біз кіргізбейміз.
– Өйй, – деді мұрнын тыржитып. Солай деп көнген сыңай танытқанмен, аяғын санап басып барады.
– Молада өлгендер жатыр, әйй, саған түсіндіргенше ана қақпас ешкілер…
Амал жоқ, өзім жүгірдім. Ауылдағы қой кезек еді. Бұрын мұндай шаруаға жегілмеген кенже ұл Юханы сол күні ерте кеткенмін. «Үш айдынның» жиегіне жайылған ұсақ жандықтың «Үйрекмолаға» жақындап қалғанын дер кезінде аңғардық. Неге екені белгісіз, ондағы қайтқан марқұмдардың мазасын ешкім алмау керек деп түсінетінмін. Балалықтан қалған ұғым ғой. Мен етегіне оралып өскен Сары кемпірдің «әруақтан ұялу керек» деген сөзі бойға әбден сіңісті болғандікі шығар. Әлде «Әуелі Алла, қалды ата-баба аруағы қолдасын» дейтін жатар алдындағы күбірі құлаққа жатталды ма?!

Қорымнан қорқамын. Онда бәлкім жүз, бәлкім одан көп адам жатыр. Бәрі ұйқыда. Мәңгілік. Енді олар тұрмайды. Тыныш жату керек қой. Адам былай тұрсын, мал мазасын алмаса керек-ті. Соны Юхаға түсіндіргім келді. Бірінші сыныпты енді аяқтаған «Сарының» мұны әзірге ұғуы екіталай еді. Өңмеңдей берген ешкілердің алдын қайырып үлгердік. Юха да ырсылдай жетті бұл кезде.

– Мә, ауылдағы Ақшабайдың үстіндегі моланың ішіне барлық қой-ешкі кіріп жүр ғой. Кірсе не болыпты?
– Кірсе кіре берсін. Сен кіргізбе.
– Бұзау айдап жүргенде көне ауылдың бар ешкісі сонда жүргесін айтқаным ғой.
– Жарайды, өскесін білесің ондайды. Осылай дегеніммен өзім оған ештеңе ашып түсіндіре алмағаныма қынжылдым. Юха да себебін біле алмаған күйі түсініксіз көзқараспен басын сипай берген…
Есімде әлі. Сары апа аталары қожалар жатқан қорым басында үнсіз Құран оқитын. Ел «Базарқожа» деп айтатын жерге ара-тұра келіп, қол жаятыны бар. Батасын жасайды бұрынғыдай. Ізіне бастауыш сыныптағы мені ертетін. Жаяу келетінбіз. Жаяу қайтатынбыз.

Сары апам қорым басына кейде қонып қалады. Мұндайда үйден ала келген қойдың құйрық майын отқа жағатын. Дұрысы, кеулеп жана бастаған қураған жыңғылдың үстіне майды тастай салатын. Майдың күйген иісі біле бастасымен өзіне қарай жақын тартады.

– Келе ғой, ақұдай, алдыма отыр. Етегі даладай апамның алдына жалпия кетемін бұрынғыдай.

– Біссіміллә рахман рахим… Күбірлей сөйлей, әбден жарылған қолдарын отқа тосады. Одан алып менің бетімді сипайды. Жарылған алақан қыздыратын. Басым мен арқам, одан қалды кеудемді. Кезек-кезек сипап әлек.
– Біссіміллә… Құлыныма жар бола көр, Аллам. Қасиетті бабам өзің қолда..
Орта бойлы сары кемпірдің құшағына тығыла түсемін.
– Қорықпа, мұнда жатқанның бәрі өз аталарың, балам.
Кей-кейде ауыл жақ беттен дарылдақ ИЖ «матсекілдің» дауысы естіледі. Сірә, мына көрші тұрған Шөмішкөлге бара жатқандар шығар. Дарылдақ дауыс тура қорым жанынан өте шығады.
– Тексіз-ай. Қырындай мені құшақтай жатқан апам осылай дейді.
– Неге? – деймін ғой мен баяғы көп сұрақ қояр әдетіме басып.
– Шырағым-ай, қорым жанынан өткенде бет сипа. Әлгілер құсап зу етіп өтпей. Мұндағылар тыныш жату керек. Тым болмаса ен далада көлігін әрірек айдаса қайтер екен?!
Апамның әлдекімге сыбырлай ұрысқаны әлі құлақта. «Олар тыныш жату керек». Елегізіп жатып ұйықтап кетемін…
Бұл қызық па, бәлкім, білмеймін. Әңгімені жазуыма түрткі болған басқа жайт еді.
Демалыста өзгелер секілді өгейсімей, туған елге тартып кеттік. Алакөл мен Бурабай не Каспийге шолпылдатып жүзуге жылда жоспар құрғанмен, ауылға деген аңсарды жеңе алмай келемін. Жә, оны қойшы, елдеміз дедік қой. Қасымда тете інім, туыс Айсерік бар. Ауылдың дәл сыртындағы жол үстінде келеміз. Бала күнгі қызықтар таусылар ма?! Бірін айтып, біріне жөнелеміз.
– Қотанкөлге барып суға түссе қайтер екен?! – дедім мен.
– Болады, – деді ол да.
– Көлік болса, мына Жетім Толыбай жақпен барсақ. Солай дедім де қолымды шошайттым айтқан жағыма.
– Молаға қолыңды шошайтпа, – деді жұлып алғандай Айсерік.
– Қап! Дереу шошайтқан қолдың бір саусағын үш рет тістедім. Тістеп қана қойған жоқпын, әлгі саусақты өкшеме салып үш рет аямай бастым. Солай «жазаладым» өзімді. Айсерік күліп жіберді.
– Ұмытпапсың
– Қайдан ұмытайын?!
Иә, бұл шынымен бір қарағанға күлкілі. Саусақ шошайтып, белгілі жайды көрсеткенде не тұр?! Ол жақта мола не қорым тұрса не болыпты?! Солай деріңіз анық қой.
Жо-жоқ. Саусақ тістеп, оны мыжғылағанды ақымақтық демеңіз. Ауылдағы осындай қарекеттің астында кейбір сіз түсінбейтін тәрбие жатыр. Ол әруақты сыйлауға үйрету. Бұл шын мәнісінде өмірден өткендерге құрметтің бір парасы еді.

Ержан ҚОЖАС,
02 желтоқсан 2021 ж. 377 0