Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құймақұлақ

Құймақұлақ

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» бір оқығаннан-ақ жаттап алып, оған жанынан мақам шығарып, әйгілі ­поэманы күні бүгінге дейін елге насихаттап келеді. Қарияның жыршы­лық өнеріне кезінде белгілі ілиястанушылар – Мырзабек Дүйсенов пен Тұрсынхан Әбдірахманова да лайықты баға берген.

Таңғаларлығы, кез келген жырды бір тың­дағаннан-ақ, иә, бір оқыған­нан-ақ үтір-нүктесіне дейін жадына сақ­тап алып, іле көпшілік алдында қайта жыр­лап беретін құймақұлақ жыршы «Құлагерге» дейін ешбір қисса-дастан айтып көрмепті. Қария:
Тасқында, тау суындай,
көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы-қыры.
Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,
Бастырмай шөпке-шарға
тоқтап құры.
 
 Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын,
артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны, –
деп көсіле жөнелгенде, сары қымыз аңқыған Сарыарқа төсінде серілік құр­ған Ақан әлеміне құлаштай бойлап, Көкше болып күңіреніп, Бурабайша буырқанасың, Ақан болып түңіліп, тұл­пар тұяғында жарқ ете қалған жалқын ғұмырдың опасыздығына налисың.

Бүгінде жетпіс жетіге аяқ басқан Нағашыбай ақсақал Жангелдин ауда­нындағы Албарбөгет ауылында туып өсті. Кейін тоқсаныншы жылдары Тобыл өңіріне қоныс аударып, Алтынсарин ауданының Селантьев ауылына тұрақ­тап қалды. Әкесі – Алпыс Байдалы өңір­ге белгілі жыршы, Нұрқанның, Иман­құлдың Әбдірахманының өлеңдерін бас­тан-аяқ түгел жырлайтын кісі болған. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» үй ішінде сыбырлап айтып отырады екен.

Нағашыбай қарияның өзі бала кезін­де бұйығы, тұйық болып өсті. Мек­­теп бітіргенше өлең немесе жыр айтқан адам емес.

– 17 жасымда күзге қарай қыстаққа қоныс аудардық. Күн сайын үйге тал шабам, мал суарам. Бір күні түскі астан соң төргі бөлмеде демалып жатыр ем, үстелдің үстінде жатқан кітапқа көзім түсіп кетті. Қолыма алып, ашып қалып ем, «Құлагер» поэмасы деген жазуды оқыдым. Бұған дейін үлкен кісілерден «Арқада Ақан деген сері болыпты, ­аузымен құс тістеген жүйрік ұстапты. Үлкен бір аста бәйгені бастап келе жатқан Құлагерді қара ниетті біреулер балтамен шауып өлтіріпті» деп естігем. Әлгі поэманы бір жарым-екі сағаттың ішінде оқып бітірдім. Содан кітапты жауып, ауылдың сыртында 500 метрдей жерде құдық бар, соған барып мал суардым. Одан кейін тал шаптым. Тал шауып отырып, манағы поэма есіме түсіп кетті. Басымда өз-өзінен оқылып жатыр. Мен оны жаттап алам деп ойламап ем, бірақ сол жерде жатқа айтып шықтым, – деді қария.

Нағашыбай атай қанмен келген құй­ма­­құлақ­тық өнерді бұл жолы да ерен санамады. Екі жыл ауылдық прак­­­тикада болып, оқуға түсті. Одан 3 жыл За­бай­кальеде әскери борышын өтеп келіп, оқуын қайта жалғастырды. Осы­лайша, арада 7-8 жыл уақыт өтіп кетеді. Оқуын бітіріп туған жерге ора­лады. Ол кезде ауыл жастары бас қо­сып неше түрлі кештер, концерттер ұйым­дастырады екен. Нағашыбай ата өмірінің ең қызықты шақтарының бірі болған сол бір кезеңді аса қимастықпен еске алды:

– Болат деген ағамыз болды, Нұрқан Ахметбековтің өлеңдерін айтатын. Ол кісінің айтқан өлеңдері менің құлағымда қалып қоя беретін болды. Сөйтіп жүріп Бөкең айтқан Нұр­қан өлеңдерінің бәрін жаттап алдым. Оған дейін қыз-жігіттер салған әнге қосылып, оңашада шамалап терме орындап жүр­генім болмаса, домбыра ұстап көпші­лік алдында өлең-жыр айтып көрме­гем. Бір күні Жұман деген інім: «Аға, осы сіздің әкеңіз үлкен ­жыр-қисса айтқан адам. Әкейден қалған өнер ұшқыны сізде де бар сияқты» деді. «Қой, інім, мен бұған дейін дауыс шығарып өлең айтып көрген адам емеспін, көп алдына шықсам қысылып, ұялып қалам. Бірақ 17 жасымда «Құлагерді» бір оқы­­­ғаннан бастан-аяқ жаттап алғам. Сол әлі басымда бар. Бірақ айтуға ұялам. Нұрқанның «Есім серісін», Мұ­ха­­­мет­жан Сералиннің «Жауыр торы» поэ­­масын жатқа білем. Бірақ көп ал­дын­­да айтып көрген жоқпын», дедім.

«Құла­гердің» шығуына себеп сол інім болды. Жұман әрі балуан әрі жас та болса көпті көрген есті жігіт еді. «Аға, «Есім Серіні» Торғайда Сардан Әбікеев деген кісі айтады. Ол кісі енді нағыз жыршы, Нұрқанның бүкіл жырын қатырып тұрып айтады. Ал мына «Жауыр торыны» Қызыләскер кеңшарында Бегалы Көрпебаев деген үлкен кісі айтады. Енді ол кісілерді сіз қайталамай-ақ қойыңыз. Одан да сіз «Құлагерді» шығарыңыз. «Құлагерді» ешкім білмейді», деді. Әй қайдам, деп мен қалдым...

Көп ұзамай Жұман тағы келеді.

– Аға, «Құлагерге» жаңа мақам шыға­руымыз керек! – Ойбай-ау, оны қалай шығарамыз? – Сіз шығарасыз, сізде бар! – деген інісі ертең бір айналып соға­­тынын ескертіп кетеді. Содан ке­лесі күні кешке тағы келіп, ағасына «Құ­лагерді» бастан-аяқ айтқызып шығады.

– Таңға дейін жыр тыңдап, таңертең әрқай­сымыз өз жұмысымызға кеттік. Келесі күні түнге қарай тағы келді. Осылай үш-төрт күн жүріп, жырдың ма­қамын шығардық. Мен ыңылдап айтып отырам, ол алдымда дирижер болып отырады. Ой бәрекелді! Әй, жаса! – деп қолын алай-бұлай сермеп, мақамның әуеніне арқаланып кететін. Содан қа­зір өзім айтып жүрген мақам шықты. Жұман: «Аға, осы мақамды ұмытпа, енді осы әуенмен айтасыз «Құлагерді» деді. Ол кезде мен құрылыс шебері болып жұмыс істеймін. Кешке жұмыстан келе салып екеуміз тағы отырдық, әлгі мақамға кәдімгідей үйреніп алдым, – деді жыршы.

Осыдан бір-екі күннен соң ауылда той болып, Жұман жұртқа танылып үлгермеген өнер­паз ағасын сол думанға алып барады. Тойдың бір қызған тұсында орнынан тұрып, үлкен ақсақалдарға: «Сіздер талай жырды тыңдап жүрсіздер, бірақ «Құлагерді» естіген жоқ­сыздар. Қазір сол жырды тыңдаңыздар, қасымда өздеріңіздің балаларыңыз отыр. Осы жігіт орындап береді» дейді. Сол кештен кейін-ақ Наға­шыбай атайдың жыршылық өнері туралы хабар ауылдан-ауылға тарап кетті.

Бір күні не түрлі ескі қисса-дастан­дар мен поэма­ларды таңды таңға ұрып жырлайтын жерлесін белгілі айтыс­кер-ақын Қонысбай Әбілов те естиді. «Аға, мына жырларды қайдан жаттап жүрсің? Әсіресе, «Құлагер» деген керемет дүние ғой. Мұны Қазақстанда сіз­ден басқа ешкім айтпайды» деп ризашы­лық білдіреді. Кейін Нағашыбай жыршы­ның өнері туралы газетке көлдей мақала ­жарияланады.

– Одан кейін Алматыға шақыртып, телевидениеге жазып алды. Бірінші ретінде дұрыс жазылмай қалған соң, Ілияс Жансүгіровтің Үміт есімді қызы Алма­тыға қайта шақыртып, «Құлагерді» қайтадан бастан-аяқ телевидениеге түсіртті. Маған хат жазып, Қазақстан­да әкемнің поэмасын сізден өзге орын­даушы жоқ деп рахметін айтты. Алма­ты­дағы үйінің, Талдықорғандағы му­зей-үйінің мекенжайын айтып, қонақ­қа ша­­қыр­ды, – деді ақсақал.

Бүгінде Нағашыбай Алпысовтың жыршы­лық өнерін Абзал, Серік есімді ұлдары жалғасты­рып жүр. Екеуі де өңірге танымал дәстүрлі жыршы-терме­шілер. Сексен жасқа таяп қалса да қара домбырасын қолынан түсірмеген қа­рия Алтынсарин ауданындағы мәдени шараларға белсенді атсалысып, кейін­гі буынға ақылшы бо­лып келеді.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ,


27 қазан 2021 ж. 315 0