Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алимаш МЫРЗАХМЕТОВА, Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: Ел бірлігі – бәрінен қымбат

Алимаш МЫРЗАХМЕТОВА, Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: Ел бірлігі – бәрінен қымбат

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлі­мі – Ауданда ұйымдас­ты­ры­латын саяси, мәдени, спорттық жә­не тағы басқа іс-шараларға жауапты бө­лім. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйым жұмысын үй­лестіреді. Осы ретте, газет тіл­шісі ау­дандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алимаш Мырзахметовамен сұхбат­тасқан болатын. Сұхбат барысында ішкі саясат бөлімін бірнеше жылдан бері бас­қа­рып келе жатқан басшы бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімелейді.

– Алимаш Залқызы, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жол­дауының тұрғындар арасында насихатталуы қалай іске асуда?

– Аудан бойынша атқарылып отырған әлеу­­меттік-идеологиялық, құқықтық-эконо­ми­калық жұмыстар жыл сайынғы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы стратегиялық бағыттар бо­йынша іске асып келеді. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық медиа-жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіру және насихаттау жұмыстарын белгілеу мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық идео­логиялық актив отырысы өткізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында, аудан көлімінде жұмыс жасайтын әлеуметтік же­лілерде, сайттарда Жолдаудың жүзеге асуы бойынша арнайы материалдар жарияланып, бүгінгі күнге дейін 30 мақала жарық көрді. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Дала дидары» халықтық мәдени-үгіт бригадасы мен «Зерде» демалыс кешенінің мүшелері ауыл еңбеккерлеріне арнап концерттік бағ­дарлама мен Президент Жолдауының басым бағыттарын түсіндірді. Жолдауды көрнекі үгіт-насихат құралдары арқылы ақпараттандыру мақсатында аудан көлемінде 6 билборд орнатылды. Билбордтар Тереңөзек кентіне кі­реберісте, елді-мекендерде көпшілік халық жү­ретін жерлерде орналастырылды.

– Аудандық ішкі саясат бөлімі қо­ғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым­дармен бірлесіп жұмыс атақара­тыны белгілі. Бүгінде өзара байланыс қай дең­гейде қалыптасқан?

– Өздеріңізге белгілі, қоғамдық кеңес жұ­мысы республика бойынша алғаш рет біздің ауданда құрылды. Бұл атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпір іспетті. Қоғамдық кеңестің беделі, атқаратын рөлі айшықталды. Жыл басынан бері Қоғамдық кеңестің 14 оты­­рысы өтіп, онда 29 мәселе талқыланды. Кеңесте аудан әкімінің «Сырдария ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның қорытындысы мен алдағы тұрған міндеті туралы», «Аудандық мәслихаттың 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы», «Аудандық қоғамдық кеңестің 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы», «Аудандық бюд­жеттің атқарылуы туралы», «2021-2025 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасы» мәселелері талқыланды. «Қоғамдық бақылау» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобалары талқыланып, ұсыныстар берілді. Кенттегі орталық алаңды абаттандыру жұмыстарына және А.Тоқмағамбетов ауылындағы салынып жатқан тұрғын үйлерге қоғамдық мониторинг жүргізіліп, тиісті мем­лекеттік органдарға ұсыныстар берілді. Бос жұмыс орнына жұмысқа қабылдауға байланыс­ты 2 мәселе және 17 нормативтік-құқықтық актілердің жобасы қаралды. Әлеуметтік же­ліде «Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі» парақшасы ашылды.

Ауданда 32 үкіметтік емес ұйымдары бі­рыңғай ұлттық дерекқорына тіркелді. Мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 10 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

– Аудан көлемінде мемлекеттік рәміз­дерді насихаттау, олардың жай-күйін бақылауды жүзеге асыру ішкі саясат бөлімінің құзыретінде екені мәлім. Осы орайда, жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде не айтасыз?

– Иә, ішкі саясат бөлімінің құзіретіне аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, тұрғындардың рәміздерге деген құрметін қалыптастыру кіреді. Ауданда мемлекеттік рә­міздер жөніндегі аудандық комиссия тұрақты жұмыс жасауда. Осы күнге дейін комиссияның 3 отырысы өтіп, 8 мәселе қаралды. Бөлім тарапынан бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге тиісті рәміздер таратылып берілді. Орталықтандырылған негізде ішкі саясат бөлімі арқылы қажетті мемлекеттік рәміздер алынады. Олардың жай-күй күнделікті бақылауда және тоқсан сайын 2 рет зерделеу жұмыстары жүреді. Биылғы жылы 6 рет зерделеудің нә­тижесінде анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылды.

– Ауданда «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасы аясында атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталсаңыз?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің алдында ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты қойылғаны айтылды. Бағдарламалық мақалада Елбасы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дү­ниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген болатын. Осы бағытта арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Жоспар 2 тарау­­дан, 3 бағыттан, 74 тармақшадан құралды. Түрлі форматта 113 іс-шара өтіп, 1380 адам қамтылды. Барлық іс-шаралар жоғары дең­гейде ұйымдастырылып келеді.

– «Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын ақтау» жөніндегі комиссия жұмысы туралы айтсаңыз?

– ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ауданда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі аудандық жұмысшы тобы» құрылды. Жұмысшы топ осы уақытқа дейін 4 отырыс өткізді. Нәтижелі жұмыс үшін мұрағат ғимаратынан арнайы жұмыс орны дайындалды. Жұмыс орны керекті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Әлеуметтік желілер арқылы хабарландырулар беріліп, тұрғындардан сауалнама алынды. Нәтижесінде, 4 ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімі анықталды. Сонымен қатар, жұмысшы топ­тың іздестірілуімен тағы да 7 қуғын-сүргін құр­бандарының есімі нақтыланды. Жұмысшы топ қазіргі таңда анықталған 9 саяси қуғын-сүргін құрбандарын (барлығы 11 адам болса, оның 2-і Жалағаш ауданына жолданды) және 1930-1931 жылдардағы Қарақұм көтерілісіне қатысушылар мен 1928 жылғы конфискацияға іліккендер тізімін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өту керек.

– Гендерлік саясаттың жүргізілуі, жауапты комиссия жұмысын тоқталып өт­сеңіз?

– Ауданда әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссия негізінен ерлер мен әйелдердің гендерлік тепе-теңдігін сақтау, саясат, экономика, білім, отбасы, ана мен баланың денсаулығын қорғауға баса назар аударады. Бөлімнің қолдауымен «Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту бағытында іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жұмыс жасауда. Сонымен қатар, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Жас отау» клубы, «Әжелер мектебі» өз жұмыс жүргізуде. Әрбір жобаның айтарлықтай маңызы бар. Мәселен, «Жас отау» клубында жаңадан бас қосқан жас жұбайлардың аяқтарынан нық тұрып кетуіне байланысты кездесетін қиыншылықтарды шешуге ақыл-кеңес айтылады. «Әжелер мектебінде» келін мен ене арасындағы туындайтын мәселелер туралы, салт-дәстүр насихатталады. Сондай-ақ, гендерлік саясаттың мақсаты – ана мен баланың денсаулығын қорғау. Аудандағы 39 мыңға жуық халықтың 51 пайызын әйел-аналар, қыз-келіншектер құрайды. Олардың басым бөлігі білім, денсаулық, мәдениет саласында қызмет етеді. Аудан бойынша 1431 көпбалалы ана бар. Оның 324-і «Алтын алқа», 684-і «Күміс алқа» иегері. 46 әйел мемлекеттік қызметші болса, 2-і басшылық қызметте. 847 қыз-келіншек – кәсіпкер. Аудандық мәслихатта 12 депутат болса, оның 3-і әйел-ана. Сонымен бірге, бөлімнің қолдауымен Жастар ресурстық орталығы жанынан «ЕркеZHan» қыздар клубы, «Әкелер» мектебі құрылды. Ұлт құндылықтарын насихаттау мақсатында құ­рылған қыздар клубы мен әкелер мектебінде аға ұрпақ өкілдері жастардың парасатты тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін болады.

– Жастар – қоғамның негізгі күші. Жалпы, ауданда мемлекеттік жастар сая­сатын іске асыру жұмысын білсек? Жұмыссыз жастарды қолдауға байланыс­ты қандай жұмыстар жүзеге асуда?

– Ауданда 10240 жас бар. Оның ішінде, жұмыссыз жастар саны – 491. Жұмыссыз жастардың 24-і NEET санатында. Олардың бар­лығына әлеуметтік карта толтырылды. Жас­тарды жұмыспен қамтудың экономикалық белсенді жастар санатына енгізудің бөлініс кестесіне сәйкес 24 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Бүгінде 2 жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, 1 жас қыс­қа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілді. Шаруа­шы­лық басшыларымен, кәсіпкерлермен ке­­ліс­­­­­­­­­­­­сөздер жүргізіліп, мемлекеттік бағдар­ла­ма­­лар шеңберінде жұмыспен қамту жоспарла­­­нып­­ отыр.

«Жұмыспен қамту», «Дипломмен-ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» бағдарламалары бо­йынша 82 жасқа кеңес берілді. Айта кету керек, пробация қызметі есебінде 13 жас тіркелген.

– Ауданда дін саласындағы тұрақ­тылықты қамтамасыз ету – басты мін­деттердің бірі. Осы бойынша ат­қа­рылып жатқан жұмыстарға тоқтал­са­ңыз?

– Аудан көлемінде діни ахуал тұрақты си­патталады. Ауданда 15 мешіт, 1 өзге діни бірлестік тіркелген. Әкімдік жанынан дін мә­селесі бойынша тұрғындарға түсіндірме жұ­мыстарын жүргізу мақсатында 24 мүшеден тұратын 4 ақпараттық-түсіндірме тобы жұмыс жасайды. Топ жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында бұған дейін келтірілген ұсы­ныстарға сәйкес қоғам белсенділері, ақын, танымал спортшылар, жастар енгізілді.

«Радикалдық көзқарас және діни экстремизм мен терроризмнің алдын аду қызметтерін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2 рет республикалық ақпараттық-түсіндірме тобының мүшелері ке­ліп, кездесулер мен семинарлар өтті. Дін са­ласындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы. Атаулы күнді мерекелеу барысына тоқталып өтсеңіз?

– Ел егемендігінің 30 жылдығы – ұл­тымыз үшін мерейлі мереке. Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі ау­дан­дық іс-шаралар жоспары аудан әкімімен бекітіліп, 81 іс-шараны қамтыды. Осы жыл­дың қазан айына дейін 71 іс-шара өтті. Оның 32-і онлайн, 39-ы дәстүрлі форматта ұйымдастырылды. Аудан көшелері арнайы безендірілді. 3 баннер, 18 билборд орнатылды. Алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың барлығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
12 қазан 2021 ж. 496 0