Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында 76 426 зейнеткер бар

Қызылорда облысында 76 426 зейнеткер бар

Халықаралық қарттар күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы зейнетақы төлемдерін алатын зейнеткерлер жөніндегі мәліметпен бөлісті. Бүгінде Қазақстанда 2,2 млнзейнеткер бар.

Зейнетақы алу қызметін рәсімдеумен Мемлекеттік Корпорация филиалдарының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері айналысады. Ондағы мәліметтерге сәйкес, зейнеткерлердің басым көпшілігі Алматы облысында тұрады – 234 043 адам. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы – 233 109 адам, рейтинг үштігін Алматы қаласы аяқтайды – 229 994 адам.

Зейнеткерлердің ең аз саны Маңғыстау (55 388), Атырау (61 252) және Қызылорда (76 426) облыстарында тұрады.

«1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мереке үлкендерді құрметтеп, аталар мен әжелерімізге көңіл бөлуге шақырады. Мемлекеттік корпорация зейнет жасындағы қызмет алушыларға қашанда көп көңіл бөлуге тырысады. Бізде зейнеткерлердің үйіне барып қызмет көрсететін мобильді ХҚО бар. Әр бөлімде зейнеткерлер кезек күтпестен Мемлекеттік қызметтерді ала алатын жеңілдік терезесі бар. Екі жылдан бері корпорация проактивті тәсілмен зейнетке шығу мүмкіндігін сынап келеді. Бұл болашақ зейнеткер зейнет жасына жеткенде, барлығын проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын SMS-ке жауап беру арқылы рәсімделетін қызмет. Біз баршаңызға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Әділ Қожықов.

Қазір зейнетке шығу үшін ХҚО-ға жүгіну қажет. Ол үшін болашақ зейнеткер келесі құжаттарды өткізеді: жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш, жеке куәлік және оның көшірмесі, табысы және зейнетақы төлемдері туралы анықтама (жұмыс беруші немесе Мемлекеттік кіріс органы береді), еңбек кітапшасы немесе еңбек өтілін растайтын басқа да құжаттар. Жағдайға орай өзге де құжаттар сұратылуы мүмкін – Білімі туралы диплом, әскери билет, неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәліктері және басқалар. Егер зейнетке шығушының мүгедектігі болса немесе жауынгерлік іс-қимылдарға қатысса, ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрса, «қандас» мәртебесі болса, растайтын құжаттар қосымша ұсынылуы тиіс.

Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін ХҚО-ға зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын жүгіну қажет.
2021 жылы Қазақстанда ерлер үшін зейнеткерлік жасы – 63 жас, әйелдер үшін – 60 жас.
01 қазан 2021 ж. 280 0